Соңғы уақытта  әлеуметтік желілерде тоқал алу немесе тоқал болу тақырыбы қайта-қайта қозғалып жүр. Бұл мәселені жақтаушылар –тоқал алу дәстүрімізде бар, оны жалғастыруымыз керек дегенді алға тартады.

Иә, тоқал алу – салтымызда бар дәстүр. Бұны ешкім жоққа шығармайды. Дәстүр сабақтастығын қайта жалғау керек пе, жоқ па дегенге келгенде қоғамдық пікір екіге жарылып отырғаны белгілі. Барлығымыздың отбасымыз бен қоғамға ортақ мәселе болғандықтан, өз басым аз да болса азаматтық пікірімді білдіре кетуді жөн санадым.

Қазақ халқы салт-дәстүрге бай халық. Ғасырлар бойындағы тұрмыстық қажеттілік көшпенді өмірге ыңғайлы дәстүрі мен мәдениетімізді қалыптастырып отырды. Бұл дегеніміз барлық салттың өзіне тән шығу тегі бар дегенгі білдірсе керек.

  1. Әмеңгерлік

Өмір бар жерде, қаза бар демекші, мезгілсіз келген өлімнен тірегінен, асыраушысынан айырылған отбасы  ержетіп, ат жалын тартып мінерлік жасқа жеткен азаматы болмаса, қиын жағдайға ұшырайтын. Бұлай дейтініміз, көшпелі өмірде көші-қон, шаруашылық ісінде ер азаматсыз күн көру мүмкін емес болған. Әйел адамның төркіні шалғай. Оған барғанда да ата-анасына түсетін ауыртпалық тағы бар. Екінші жағынан, ер азаматтың туыс-туғандары бала-шағаны жат елге жіберуді намыс санаған. Қазақта мұндай жағдайда  «жесір - ерден кетсе де, елден кетпейді» деп жесір қалған әйелді қайын аға-інісінің біріне қаратқан. Бұл дегеніміз жауапкершілік.

  1. Қажеттілік

Әйел адамның бедеулігі, ел мен жерге ие болатын ат жалын тартып мінер азаматтың болмауы адамдарды екінші әйел алуға итермелеген.

  1. Физологиялық ерекшелік

Әйелдердің физиологиялық жас шектемесіне байланысты да еркектер жалғасты әйел алып отырған.

  1. Құмарлық

Кейбір кісілер жасы жетіп отырса да, малын бұлдап жас қыздарды тоқалдыққа алған. Мұны халқымыз «жас иіс иіскеу» деп атаған. Бұдан тыс, кез-келген қалың мал төлеуге мүмкіндігі бар ер азаматтар да бірнеше әйел алған.

Әмеңгерліктен басқа жолдармен алынатын әйелдердің барлығына қалың мал төленетіндіктен, жағдайы жеткен кісілер алмаса, екінің бірінің тоқал алуға мүмкіндігі бола бермеген.

Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін көне дәстүрді жалғастырып, біраз жігіттеріміз азаматтық некеде тұру арқылы тоқал алып жатқаны жасырын емес. Бүгінде заман басқа, қоғам күрделі, баяғыдай жаз жайлау, қыс қыстауда бірге көшіп бір қойды бөле жейтін бәйбіше-тоқалдың кезі емес. Сол себепті де тоқалдыққа тиіп, азаматтық некеде тұрған қыздарымыздың бір бөлімі әлеуметтік теңсіздікке ұшырап жатқаны белгілі жайт. Айталық, тоқал алушылардың материалдық жағдайы біркелкі емес. Олар бәрі бірдей кіші әйелдерін  баспанамен, қажетті қаражатпен қамтамасыз етуге шамалары келе бермейді. Өз кезегінде жалдамалы пәтерде өмір сүру «жарты күйеуі» бар отбасы үшін қиын жағдай.  Ата-бабаларымыз қызды қалыңсыз бермеген. Қыздың ата-анасы алған қалың малына тиісті жасау-жабдығын толық қамдап ұзатқан. Көшпелі шаруашылықпен айналысатын халық жөнінен айтқанда, бұл дегеніміз  баспанамен қамтамасыз етілді деген сөз.

Азаматтық некеде тұрған ерлі-зайыпты отбасылық келіспеушілік салдарынан ажырасатын жағдайда, онысыз да заңдық күші жоқ некеге тұрған азаматшаларымызға өте қиын. Екіншіден, бауырларымыздың біршамасы бірінші әйелінің келісімінсіз жасырын некеде жүр. Бұл өз кезегінде тоқалдың қоғамдық ортадағы орнына әсер етеді. Күйеуімен бірге топты ортаға бара алмайды, әке-шешесі мен туыс-туғанына таныстырға болмайды, демалыс күндері отбасымен бірге емін-еркін қыдыра алмайды. Бейне бір қонақжай ашқан адам сияқты беймезгіл қонақты күтумен күн кешеді. Балалары толық қанды отбасы мүшесі ретінде қаралмайды. Олар мектепте, дос-жарандарының арасында ырықсыз күйде болады. Отбасылық тәрбиесінің қай деңгейде жүргізіліп жатқаны көңіл қуантады деп айта алмаймыз.

Тоқалшылардың көлденең тартып отырған мәселесінің бастылары: пайғампарымыздың сүннетін орындау, демография, отырған қыздардың орнын табуына көмектесу.

Әрине, ата дәстүрді жалғастырудың бір ұшы осы дінде жатқаны бәрімізге аян. Аталарымыз көп әйелдің күндестігінің бел ортасында жүрсе де, оларды бездірмеген. Сол заманда «талақ» сөзі әйел адамға өліммен бірдей жаза болып саналған, оны айтуға ауыздары бармаған. Ал, бүгін ше? Кейбір азаматтарымызға неке мен талақтық арасы қарыс емес тіпті, сүйемнен жақын болып қалды. Қаншалаған қарындастарымыз мұндай некенің құрбанына айналып жатыр. Бауырлар, пайғампардың сүнетін орындаймыз деп, әйелдің алдындағы міндетті ұмыт қалдырмаңдар, қияметте жауапсыз некемен, қараусыз баланың да сұрауы болатынын естен шығармайық.

Біз тоқал алып халықтың жан санын көбейтеміз дейді бір топтар. «Жетім қозы жатбауыр, түңілер де, оттығар» дегендей анда-санда қоналқыға келіп кететін қонақты «әке» деп қабылдау балаға қандай ауыр екенін айтпағанда, апталап, айлап бір көретін баласына беретін тәрбиенің шамасы да белгілі ғой. Қоғам тасбауыр болып барады дейміз, бұлай болуының бір себебі – тәрбиесіз ұрпақтың көбеюі емес пе?! Бұны да ойласқан жөн. Сеніміңіе кәміл болып тоқал алып жатсаңыз, бала тәрбиесін бірінші орынға қоюды ұмытпаңыз.

Әртүрлі себептермен қоғамымызда жасы жетіп, тұрмыс құрмаған қыздар санының біршама екені туралы әлеументтанушылардың аузынан жиі естиміз. Әрине, бұл өте күрделі мәселе. Шешімін табудың жолдары деп, дөп басып ештеңе айта алмаймыз. Тоқал алуды дәріптеп жүргендердің бір тобы осы мәселені шешудің бір жолы – оларды кіші әйелдікке беру деп қарайды. Адамның бәрі бірдей періште емес қой. Заң қабылданып, оларға таңдау мүмкіндігі берілсе, тағы да бұл мәселені аттап өтіп жапа-тармағай жас қыздарға жүгірмесек болғаны.

Енді бір топтағылар жалғыз басты аналарға күйеу немесе сүйеу болу жағын айтады. Бүгінде әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасы санатындағы бұндай жанұяларға қаржылық жағынан гөрі, отағасылық қамқорлықтың жетіспей жататыны белгілі. Шоты сапталмай, балтасы тапталмай жатқан еркексіз үйге күн ара келіп, әкесіз қалған баланың басынан сыйпасаңыз бұл да игі іс!

Өз басым тоқал алуды заңдастыру жағына қарсы емеспін. Егер заң жасалса, мұрагерлік құқық, алимент мәселесі, бала тәрбиесі, бәйбіше мен тоқалдың қоғамдағы орны, баспана, материалдық қамту т.б. толық қамтылу керек. Бұл асығыстық жасайтын заң емес, жан-жақты ойланып толық пісіруды талап етеді. Егер, бір жерінен «мүлт» кетіп жатса, оған толықтырулар мен өзгерістер енгізгенше, қаншалаған қарындастарымыздың тағдыры ойран болады. Бұл жерде енді бір түйткілді мәселе бар. Конституцияда ҚР барлық азаматтарының құқықтары тең деп айтылған. Заң іске қосылған соң, «сенің мүмкіндігің бар тоқал ал, сенің мүмкіндігің, жағдайың жоқ алма» деп айта алмаймыз ғой. Мемлекет онысыз да бір әйелі барларды баспанамен қамти алмай, жауапсыз әкелерден әлимент өндіріп бере алмай жатқанда, «Тоқал өгіз мінгеннің қолы, тоқал қатын алғанның аузы тыным таппайды» дегеннің кері болып жүрмесе болды.

Қорыта келгенде, мұндай ауқымды тақырыпты бір адамның ойымен айтып, бір мақалаға сыйдыру мүмкін болмас. Артық-кемі болса, жұрт өзі айта жатар. Бұл деген мәңгілік тақырып қой. Оны нәпсінің ермегі санап, жеңіл-желпі күлкіге айналдыруға болмайды.

Балапан Оғлан

"The Qazaq Times"