Шынтуайтына келгенде, бір тыңдағанды екінші рет тыңдағың келмейтін, бір-біріне ұқсас, адамды мезі етіп, тіпті жалықтырып жіберетін әндердің көбейгені рас. Қазақпыз ғой, ешкімнің көңілін жыққымыз келмейді. Жаңашылдардың «экслюзивті шедеврлерін» қабылдаймыз да, тыңдаймыз да, қосылып шырқаймыз да. Дегенмен, қазақ таза өнердің бағасын біледі.
Иә, өнер өлшенбейді. Дей тұрғанмен, кей кезде эстрадада жарқ-жұрқ жүрген жұлдыздарды емес, жерасты жолдарында, вокзалдарда немесе «Арбат» маңында өнерін сатып, нанын тауып жатқандардың әндерін тыңдағың келеді екен. Бәлкім, олардың өнері өмірінің көрінісі болғандықтан, бәлкім олар... Не де болса, олар қара суықта далада қалтырап әнін айтып отырғанынан ләззат алмасы анық. Тағдыр басқа салмаса, олардың бұлай қиналмасы ақиқат. Сол тағдырлы жандармен аз-кем әңгімелесудің реті келген-ді.
Мені ренжіткендерді Жаратқан жазасыз қалдырмады
ҚазҰУ қалашығының аялдамасына маңайлай бергеніңде, жерасты жолынан әлдекімнің асқақ үнін, нақышына келтіріп айтып жатқан кең тынысты әуенін естисің. Бір құлағын сұқ саусағымен бітеп алып, Шәмшінің, Естайдың, т.б. композиторлардың және көптеген қазақ даласының сал-серілері мен бұлбұлдарының әнін шырқап отыратын апайды білесіздер ме? Бұл – Дина апай. Жүзіне қарасаңыз, оқыған, зиялы, интеллегент адам екен дерсіз. Алдындағы қорапшаға ақша салған адамға «рахмет, айналайын» деп жымиып қояды. Өзінің айтуынша, бұл «кәсіппен» айналысып жатқанына 3-4 жыл болған:
– Апа, қалыңыз қалай? Көрінбей кеттіңіз? – деп амандық сұрағанымда, күлімдеп қана жауап қайтарды.
– Ой, айналайын, мұнда біршама күн, сосын тағы басқа жерлерде біршама отырамын, – деді. Басқа жер дегені «Ұлттық кітапхана» маңындағы және Достық пен Абай көшелеренің қиылысындағы жерасты жолы екені маған мәлім. Бетіме қараған жымиыстың астарында бір сұрақ тұрғандай сезілді. Әрине, жайшылықта көп ешкім жақындап, әңгіме тарқата бермейтіні бесенеден белгілі. Сондықтан да, ашып айтпасқа болмады. Сұхбат бергісі келмейтінін білдіргенімен, ішкі шерін ақтарып сала берді:
– Мен мұнда амалдың жоқтығынан отырған адаммын. Өзім филологпын. Кезінде оркестрге басты солистердің бірі болып кастингтен өткенмін. Сенің мені "интеллегент адамға ұқсайсыз" дегенің де сондықтан. Менің отбасым қазір бай деген отбасылардың бірі болар еді. Кезінде жолдасым жақсы жұмыс істеген. Сол себепті, мені қызметке араластырғысы келмеді деп ойлаймын. Жұбайым да, енем де өнеріме қарсылық білдіргендіктен, бәрінен бас тартуыма тура келді. Бекер екен. Білесің бе, өнерге қарсылық білдіруге болмайтынын ұқтым. Жұбайым қарсы болды, алайда өмірден ерте өтті. Енем де қарсы еді, ол кісі де өмірден озды. Мен ешкімге жамандық жасамағанымды білемін. Бірақ, Алла – Ұлық. Мені ренжіткендерді Жаратқан жазасыз қалдырмады. Алла Тағала маған көмейіме ән берді. Бәлкім, менің кейін алаяқтарға алданып қалатынымды біліп, аш қалмасын, отбасы тентіреп кетпесін деп жіберген сыйы шығар.
– Кімдерге алдандыңыз сонда?
– Бәріне алдандым, айналайын. Менің бұлай отыратын жайым жоқ еді. 3 үйім бар болатын. Біреуі, Тастақтағы 3 бөлмелі үйім, мілисаларға кетті. Қалай болғанын өзім де түсінбей далмын. Өз үйімнен айырылып қалып, енді сотқа бермекшімін. Тыңдай ма, тыңдамай ма, оны алдағы уақытта көремін. Енді бір үйімді үлкен қызыма бердім. 24 шаршы метрлік кіші үйде кенже қызым, екі баласы және мен тұрып жатырмыз. Кенжемнің де жолы болмады. Жұмысы жоқ, екінші күйеуімен ажырасып кетті. «Иди, ты же умеешь петь» деп мені жібереді.
– Сонда қалай болғаны?..
– Мен қалада өскен адаммын, қыздарым да қалада, орыс тілді ортада өскен ғой... Осы балаларыма бірен-саран бірнәрсе жинап беріп кетейін деймін. Мен олай-бұлай болып кетсем, аш қалады ғой олар. Аллаға мың рахмет айтамын. Күнделікті ішіп-жемімізге ақша табатын мүмкіндігім бар.
– Білесіз бе, сіздің 20 мыңнан аса тыңдарманыңыз бар.
Мына оқу ордасындағы (ҚазҰУ) студент жастарды есептеп, тауып айтқан адам сияқты жүзіне қарадым. Дина апам тағы күлді. Күлсе сондай әдемі. Көзінен нұры, сөзінен жылуы төгіліп тұратын қамкөңіл жаны әлдекімдерден қайырым күтетін тәрізді. Сол кезде апайымыз сөзін жалғап:
– Мен өткен іріктеулерден өтпей қалған қыздар бар ғой (қыздар дегені өзінің құрдастары – ред.), сол қыздар қазір эфирден түспейді. Өзімнің жақсы әнші екенімді білемін. Теледидардан сондайларды көріп отырып, болмайтын жын-ойнақтарды көріп таң қаламын. Мені кейде осы отырған жерімде сынап кетеді. Бірде бір келіншек келіп, «Ты же хорошо одета. Кого ты обманываешь» деп төбемнен төніп келгені есімде. Ол жалғыз емес. Ондайлар көп. Бәрін өздерінің санасына қалдырдым. Шындап келсек, менікі шарасыздықтан. Жап-жас энергиясы тасып тұрған қыз-жігіттер қайыр сұрап жүреді. Мен де мына жерде еріккеннен отырған жоқпын ғой (Дина апаның көзі жасаурап кетті)... Кеше ғана бір әйел жаныма келіп, «Сіз менен үлкенсіз бе, кішісіз бе, білмеймін. Бірақ әніңізді тоқтатпаңыз. Ұялмаңыз» деп жанымды жадыратып кеткені бар. Әннің парқын түсінетіндер сондай болса керек. Бала кезімде қарсылық білдіргендердің сөзіне құлақ асқаныма налимын. Бәрібір өнерімді халыққа ұсынып шықтым ғой. Өнерге шек қойылмау керек дегенді қайталай беремін, қайталай беремін...
– Дина апа, ауырмаңыз...
– Сен де бар бол, қызым. Келіп тұра ғой, – деп «шығарып салды».
4 жыл уақытымды оқуға жұмсағым келмейді
Енді бағытымызды «Арбат» аталып кеткен аллеяға бұрдық. Көп орындықтың бірінде жас жігіт отырды. Өзін Рома деп таныстырған 22 жастағы азамат былай дейді:
– Мен мұнда өзім үшін келемін. Өзің ләззат алатын іспен айналыса отырып, неге ақша таппасқа. Күніне ең азы 2000 теңге (жарты күнде) табыс келеді. Мұнда осылай өнерін көрсететіндер саны 20-дан асады. Негізінде, ақша керек деп келсең, аз табыспен ораласың үйге, ал жаныңды салып ән айтамын деп келсең, жақсы пайда келеді. Кейбіреулері мені қайыр сұрап отыр дейтін де шығар. Мейлі. Бастысы олай емес екені өзіме мәлім. Өзге жұмыстарды істеймін деп іздеп те көрмеппін. Ән айтып жүре бергім келеді. Ата-анам да, үйім де бар. Ешкім қарсы емес, өз өміріме ризамын. Кафе-барларда жұмыс істеу үшін музыкалық білім қажет. Ал мен 4 жыл уақытымды оқуға жұмсағым келмейді. Олар маған мен білмейтін нәрселерді айтады деп ойламаймын. Жеті нотаны үйрете ме, мен оны білемін.
Өнерлі өлмейді дегенге көзім жетті
Хош, Ромаға сәттілік тілеп, содан ары қарай бет алдық. Арбаттан шыға беріс бұрышында қазақтың қара домбырасын құшақтап бір апа отырды. Жақындай бергенімізде, алдына жиналған тұтас қағаз ақшаларды жинап, қалтасына сала берді. Мән бермегендей болып, амандасып, жөнімді айттым. Сөйтсек, Зейнеп апамыздың (Өз есімін атамағандықтан, сұхбақа осылай беріп отырмыз) журналистерге өкпесі қара қазандай екен. Себебін сұрағанымда:
– Осыдан біраз жылдар бұрын, мектепте музыкадан сабақ беретінмін. Мамандығым – дирижер. Күйеуім ерте қайтыс болып кеткен, жесір әйелмін, балаларым бар. Қаражаттың тапшылығынан осылай домбырамды құшақтап, далада ән салам. Бірде жоласты жолында отырғанымда, Мариям деген журналист сұхбат беріңізші деп, мені теледидарға шығарып жіберген. Телеарнадан көрсетілгеннен кейін, ұятқа қалдым. Бір күн емес, бірнеше рет көрсетіліп, масқара болдым ғой. Мектептің абыройына нұқсан келтірдің деп жұмыстан шығарып та жіберді. Содан жұмыссыз қалғаным қалған. Журналиске сұхбат беремін деп аузым күйді. Бір қарасаңыз, ол кезде жалақы да аз, балаларға «маған 5 тиын әкелсеңдер, 5 қоямын» демейсің ғой. Әйтеуір, бір тіршіліктерімді жасап, ұл-қыздарымды өсіріп, оқыттым. Қызым тұрмысқа шығып кетті, қазір бала-шағасы бар. Ал ұлым үйленген жоқ. Менің отырысым болса мынау, аяқ-қолым істемейді. Пенсиям ыстық су мен жарықпен-ақ кетіп қалады. Ұлым, жұрт 2-3 айда тұрғызып алатын үйді, ақшаның жетіспеушілігінен шегере беріп, міне, бесінші жыл салып жатыр. Ол үй соғып жатқандықтан, менен азын-аулақ көмек болсын деп, осылай домбырамды құшақтап, қашып келіп отырып ән айтамын. Маған керек қаражатты ұлым беремін деп байбалам салады. Әйтпесе, менің бұлай отырғанымды қаламайды ол. Бір адамдар қайыршы деп жатады. Десе дей берсін, мейлі деймін де, осылай өнерімді сатып отырамын.
Арғы бетте жап-жас саксафонист жігіт тұрады. Ол да – музыкант, дәл мен сияқты. Бірақ неге екенін ұға алмадым, оны қайыршы деп санамайды да, мені қайыршы деп санайды. Ренжисің ғой. Себебі, мен қазақи отырмын. Сәнді киініп алуыма болады, бірақ мына жасымда суықта үсіп қаламын ғой.
– Қызыңыз тоғыз ай құрсағында көтерген анасының бұлай жүргенін көріп, жүрегі ауыратын шығар...
– Ол – жұмыссыз, көпбалалы ана. Көмектеспей ме деп сұрағың келіп отыр ғой. Оны абыроймен жібердім, өз бақытын тапты. Жұбайы ғана жұмыс істейтіндіктен, өздеріне жетпей қалып жатады. Немерем Ұзынағаштағы музыка мектебіне барады. Жақында Астанадан гран-при алып келген. Ендігі сәуір айында Мәскеуге баруы керек. Оған 150 мың теңге кететін көрінеді. Содан қызымның жібермейміз дегенін естіген соң, мен қарсылық танытып жатырмын. Баруы керек ол, көмектесемін, пенсиямнан беремін деп қойдым. Оған дейін жоқ дегенде 50-100 мың қаражат жинасам деген ойым бар.
Балам ауылда қалды, мен жерлес бір әйелдің үйінде тәулігіне 300 теңге төлеп тұрамын. 24 сағат жата беруге болмайды. Осылай аз да болса қаражат жинайын деп Арбатқа келемін. Саған сұхбат беріп, барлығын айтсам да, айтпасам да ешнәрсе өзгермейтінін білемін. Зейнетақымды ойласам жыларман күйде отырып қаламын. Бұл дүниеде адамға ешнәрсе жетпейді. Адамға дүние жеткен күні ол өледі. Тірі жан тіршілігін істейді.
– Апа, кешірерсіз. Жаңа жақындай бергенімде алдыңыздағы ақшаны алып, қалтаңызға сала бердіңіз. Неге? Мұнда сізге қоқан-лоққы жасайтындар бар ма?
– Мына жерде менің мұғалім болғанымды бәрі біледі. Ешкім қумайды. Білмеймін, енді Универсиадаға байланысты қумаса, әзірге тынышпыз. Ал ақшаны, үйге қайтуға жиналып жатқандықтан, қалтама салып жатырмын. Дегенмен ол қағаз ақша тұрмақ, мына жердегі тиындарды уыстап алып, қаша жөнелгендер болды. Артынан келе жатқан адамдар қуып жетіп, шашып болса да әкеліп берді. Мен таң қаламын. Ол ақшаны салған да қазақ, алып қашып бара жатқан да қазақ. Оларға не деймін енді. Ұрмаңдар деп ажыраттым да, «балам, менің ақшам жоқ еді, жолға төлейтін тиыным жоқ еді десең, мұсылманбыз ғой, беретін едім саған» деп айттым.
Тегін адам таз бола ма?!. Мен мұнда өнерім бар болғасын отырмын деп есептеймін. Әйтпесе өнері жоқ адамдар тарығып күн көріп жатыр. Қайыршы дей ме, басқа дей ме, бәрібір. Мен ұрлық жасап жатқан жоқпын, біреудің қалтасына қолымды салып жатқан жоқпын. Өнерлі өлмейді дегенге көзім жетті, балам. Менің қайтатын уақытым болды, ұзақ болмаса да, өмірім жайлы дерек осы.
– Рахмет, апа. Сау болыңыз, – деп қоштасып Арбаттың аллеясымен бір жүріп өттім. Мұңға толы, сырға толы. Шіркін, Арбат, қанша тағдырдың куәсі болдың...
«Сұрғылт тұман торламаған заңғар жоқ,
Сор мен шерге шырмалмаған саңлақ жоқ», – дейтін түріктердің мақалы бар. Үш кейіпкеріміз де өнермен өмір сүрудің ең ауыр жолын таңдаған. Олардың қатары, біз ойлағаннан әлдеқайда көп. Рома – ешнәрседен таршылық көрмейтін, өзі үшін ән салып, өзі үшін табыс табатын жас жігіт. Ал Дина апай мен Зейнеп апа – шарасыз жандар. Жетім қозыларын жеткізу үшін, қара суықта далаға шығып, Алла берген өнерін сатып, күн көріп келеді. Ана жүрегі теңізден терең емес пе?! Олармен әңгіме өрбіткенде жүрегің жылап, жаның жабырқап қоя береді. Өнер – өлмейтін асыл қазына ғой, шіркін. Өлтірмейік. Жоласты жолдардан, Арбат маңынан қазақтың сазды әуенін естіп қалып жатсаңыз, мойын бұра кетіңіз.
“The Qazaq Times”