Осыдан бір жыл бұрын яғни 2016 жылдың 18 шілдесінде Алматы қаласында террорлық шабуыл болған еді. Осыған байланысты біз бүгін тәуелсіз Қазақстан тарихында болған лаңкестік шабуылдарға қысқаша тоқталуды жөн көрдік.
2011 жылдың 17 мамыр күні Ақтөбе қаласындағы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің ғимараты алдында Рақымжан Махатов өзін өзі жарып жіберді. Салдарынан үш адам жарақат алды. Ол кезде бас прокуратура бұл оқиғаны террорлық акт деп мойындамады. Махатовтың ҰҚК ғимараты алдында өзін жарып жіберуін оның қылмыстық топ мүшесі болғандығымен, істеген істері үшін заң алдында жауап беруден қашу деп түсіндірді.
2011 жылдың 1 шілдесінде Ақтөбе облысына қарасты Темір ауданында қарулы топқа қарсы арнайы операция болды. Салдарынан 2 полиция қызметкері көз жұмып, бірнешеуі жарақат алды. Кейінен 8 шілде күні 9 террористің көзі жойылды.
2011 жылдың 31 қазан күні Атырау қаласында екі бірдей жарылыс болды. Бірінші жарылыс тұрғын үй ауласындағы қоқыс жәшігінде болды. Одан бірер минуттан кейін Сары-Арқа ықшам ауданында белгісіз азамат өзін өзі жарып жіберді. Бұл іске байланысты бас прокуратура «терроризм» бабы бойынша қылмыстық іс қозғады. Лаңкестік шабуылды «Халифат сарбаздары» террорлық ұйымы өз мойынына алды.
2011 жыл қарашаның 12 күні Тараз қаласында 1977 жылы дүниеге келген Мақсат Қариев есімді азамат лаңкестік шабуыл жасап, салдарынан жеті адам көз жұмды, оның бесеуі полиция қызметкері.
Бұл оқиғадан үш күн бұрын 9 қарашада «Халифат сарбаздары» лаңкестік тобының басшысы Равиль Құсайынов Minbar Media Project журналистеріне сұхбат беріп, Қазақстан билігін қатаң сынға алды. Ол Ақорданы «мұсылмандарды қудалады» және «елде саяси, тарихи идеология қалыптастырмады» деп айыптап, егерде Қазақстан билігі дін туралы заңды қабылдаудан бас тартпайтын болса, онда «Халифат сарбаздары» ел аумағында лаңкестік шабулдарын үдететінін мәлімдеді.
Осыдан кейінен 2011 жылдың 3 желтоқсанында Алматы облысына қарасты Боралдай ауылында ҰҚК "Арыстан" арнайы жасағы мен бес адамнан құралған лаңкестік топ арасында қарулы қақтығыс болды. Арнайы операция барысында "Арыстан" жасағының екі сарбазы көз жұмып, бес лаңкестің көзі жойылды.
2012 жыл
14 тамыз күні Іле-Алатау ұлттық саябағында лаңкестер қолынан көз жұмған 12 адамның мүрдесі табылды. 5 қыркүйекте Атырау қаласында жарылыс саладарынан бір адам бақилық болды. 12 қыркүйек күні Атырау облысының Құлсары қаласында арнайы операция кезінде 5 лаңкестің көзі жойылып, біреуі қолға түсті. 15 қыркүйек Атырау қаласының Ішкі істер департаментінің ғимаратына лаңкестік шабуыл жасалып, 2 полиция қызметкері жарақат алды. 20 қыркүйек Атырау облысына қарасты Көктем ауылында болған қарулы қақтығыстан 4 лаңкес өлтірілді.
2016 жыл
5 маусым күні Ақтөбе қаласында радикалды діни ұйымдардың жетегінде кеткен 26 адам «Паллада» қару-жарақ дүкеніне шабуыл жасап, аңшылық қаруларды иемденген лаңкестер 6655 әскери бөлімшесіне басып кірді. Салдарынан 9 адам көз жұмып, 38 адам жарақат алды. Осыған байланысты алғаш рет Қазақстан бойынша террорлық қауіптің сары деңгейі, Ақтөбе қаласы бойынша қызыл деңгейі енгізілді.
Ақтөбе оқиғасынан кейін бір айдан соң 18 шілде күні Алматы қаласында Руслан Күлекбаев есімді Қызылорда облысының тумасы Алмалы ауданының ішкі істер департаменті мен ҰҚК ғимаратына шабуыл жасап, салдарынан 9 адам оққа ұшты.
Қорыта келгенде ел билігі бұл террорлық шабылдардың болашақта қайталанбауы үшін күштік құрылымдардың күшейтуден басқа не істеді? Осы уақыт аралығында халықтың рухани тәрбиесіне қаншалықты көңіл бөлді? Ол жағы бізге беймәлім. Бір білетініміз биыл Президент Нұрсұлтан Назарбаев елде сақал өсіргендер мен хиджаб кигендерге заң жүзінде тыйым салу керектігін айтты. Президенттің бұл бастамасы қандай нәтиже береді ол да уақыт еншісіндегі дүние.