Ұлттық Банк 2017 жылғы маусымда валюта нарығына қатысқаны туралы хабарлады.
Реттеушінің түсіндіруінше, бас банк теңге құбылмалылығының ішкі валюта нарығындағы үдеуін шектеу мақсатында 101 млн АҚШ доллары мөлшерінде сатуды жүзеге асыра отырып, АҚШ долларына деген артық сұранысты қанағаттандыру туралы шешім қабылдаған. Валюталық интервенция шетел валютасына деген сұраныстың шарықтаған кезеңінде: 2017 жылғы 21 және 22 маусымда жүргізілді.
"2017 жылғы маусымда мұнай бағасының төмендеу және Ресей рублінің әлсіреу үрдісі байқалды, бұл ішкі валюта нарығына белгілі бір дәрежеде әсер етті. 21 маусымда Brent маркалы мұнай бағасы нарықтың мұнай өнімдерімен жаһандық шектен тыс толуының сақталуына және ОПЕК келіссөздерінің тиімділігіне байланысты қауіп-қатерлер аясында бір баррель үшін 45 АҚШ долларынан төмен деңгейге дейін арзандап, жылдың басынан бергі ең төменгі мәнге жетті. Ресей рублінің бағамы іргелі фактордың өзгеруіне тез арада ден қойды, содан кейін валюта 1 АҚШ доллары үшін 60 рубльге дейін әлсіреді", - делінген баспасөз хабарламасында.
Ұлттық банк сарапшыларының бағалауынша, инфляциялық таргеттеу режимі жағдайында валюталық интервенцияны пайдалану экономикасы даму үстіндегі елдердің әлемдік практикасына сәйкес келеді.
Сондай-ақ, Ұлттық Банк бұған дейін Қазақстанның ішкі валюта нарығы жоғары құбылмалылыққа ұшырауы мүмкін екендігін атап өткендігін ескерте отырып: "Айырбастау бағамы бойынша іргелі үрдісті қалыптастыруға кедергі келтірмей, валюта бағамының тұрақсыздыққа әкелетін күрт өзгеруінің алдын алу мақсатында валюта нарығында интервенция жүргізу құқығын сақтады", - деп мәлімдеді.