Адамның адам болып қалыптасып, өмірден өз орнын табуына ата-ананың тәрбиесі бірден-бір себепкер ғой. Мұны қазақ «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деп бір ауыз сөзбен бейнелеген. Әке мен шешенің қас-қабағынан баланың болашағы басталады. Үйдегі береке мен бірлік, бір-біріне деген құрмет, ертеңгі құрылар шаңырақтың шайқалмауының кепілі. Мұны біз Ұлттық ұланның 5571 әскери бөлімінің 3 батальоны автомобильдік взводының командирі Рустам Мағжанұлымен әңгімелескенде байқадық.
Бір қарағанда бойы кішкене ғана болып көрінгенімен, сұхбат құрған уақытта кейіпкеріміздің нағыз жүректі азамат екенін аңғардық. Ол туралы сәл кейінірек, ең алдымен өмірінен сыр шертсек...
Аға лейтенант Рустам Сердалинов 1987 жылы Ресей Федерациясының Қорған облысы Частозер ауданы Лихонова ауылында өмірге келеді. Мектеп табалдырығын аттағанша осы ауылдың балаларымен ойнап өскен ойын баласы, әке-шешесінің туған Отанымызға көшеміз дегенін ол кезде жете түсіне қоймапты. Бұл Қазақстанның тәуелсіздік алып, етек-жеңін енді жинап жатқан 1992 жыл болатын.
«Әкем, «Отансыз адам, ормансыз бұлбұл!», менің қаным қазақ, жаным да қазақ. Сол үшін кіндік қаным тамған Қорған облысын тастап, қазақ еліне, ата-бабам қасық қаны қалғанша қорғаған Отаныма оралдым» деп жиі айтып отырады дейді кейіпкеріміз.
Атамекеніне көш түзеген Рустамның отбасы Солтүстік Қазақстан облысы Тайынша ауданы Драгомировка ауылына көшіп келеді. Келе сала әке-шешесі төрт бірдей ұлды жеткізудің қамымен жанталасып жұмыс жасап, қазақы тәлім-тәрбие беруге тырысады. Айтқан сөз бен атылған оқ нысанада алыс кетпей, төрт бірдей ұлдары қазақтың нар тұлғалы азаматтары болып ер жетеді.
Мектепті бітірісімен 2004 жылы Петропавл қаласындағы Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан облыстық педогогикалық университетіне түсіп, аталған оқу орнын 2008 жылы тәмамдаған Рустам, балалық арманы жетелеп, әскерге баруға ұмтылады. Сол арманы орындалып, әскери борышын өтеуге Алматы қаласындағы 5571 әскери бөліміне сарбаз боп келеді. Сарбаз кезінен спортқа деген құштарлығымен офицерлердің көздеріне түсіп, мерзімдік әскери қызметі біткен соң, келісімшарт бойынша осы әскери бөлімінде қызметін жалғастырады.
«Мен үйдің кенжесімін. Менен үлкен екі ағам, және бір минутқа үлкен егізім бар. Содан болар үй шаруасына көбіне мен қалатынмын. Үйде қыз бала болмаған соң, үй жинап ыдыс жуу, тіпті сиырға дейін сауып анамызға қолғабыс болатынбыз. Бала кезімде әкемнің әскердегі суреттерін ағаларыммен бірге көріп, біз де әкеміз секілді әскерге барамыз, солдат боламыз деп армандайтынбыз. Әкем Мағжан Белоруссияның Слуцк қаласында Ракеталық әскерлер қатарында әскери борышын өтеген. Запастағы капитан. Бүгінгі таңда сол балалық шақтағы арманымыз шүкір, орындалып жатыр. Қазіргі уақытта үлкен ағам Қорғанбек майор, Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасында қызмет жасайды, екінші ағам майор Ербол Антай Ұлттық ұланнның «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына қарасты 5514 әскери бөлімінің командирі. Мені Ұлттық ұлан сапына алып келген де осы ағам Ербол еді. Сол кісінің арқасында қанатым қатайды, Отанға деген сүйіспеншілігім артты. «Ағасы бардың жағасы бар» деген сөз бар ғой, сол айтқандай ағам маған қамқор бола білді» - деп Ұлттық ұлан қатарына қалай келгендігін айтып өтті.
Жастайынан еркін күреспен шұғылданған Рустам Қазақстан Республикасының 2-ші орын жүлдегері. Осы спортқа деген сүйіспеншілігін әскерде де жалғастырып келеді. Ұлттық ұланның самбодан өткен ішкі біріншілігінің 3-ші орынды жүлдегері болса, «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының 4 дүркін чемпионы.
Үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсететін Рустамды ол қызмет ететін әскери бөлім жеке құрамының бәрі жақсы сыйлап, құрмет тұтады. Жұмысына тиянақты жігіттің әр сарбаз сырласы, тіпті құрдасындай. Ешкімнің ала жібін аттамай, Отан алдындағы қызметін абыройлы атқарып жүрген Рустам Ұлттық ұланның ұланы, қазақ елінің қыраны деп ауыз толтырып мақтануға әбден лайықты азамат, жүректі сардар. Жүректі дейтініміз, ол 2015 жылдың аяғында қоғамда әлеуметтік резонанс тудырған Алматы облысының Іле ауданы Жетіген кентінде жоғалып кеткен 20 жасар қыз Айзада Авлатарованы табуға үлкен септігін тигізді. Рустам жетекшілік жасаған әскери жасақ құрамы Қапшағай қаласы саяжайларының маңынан жас қызды тауып, аман-есен туғандарына қайтарады, ал бұзақы қылмыскерді сол арада құрықтайды. Осы батыл іс-әрекеттерінің арқасында оның есімі елге танылады. Ол туралы республикалық, облыстық БАҚ құралдары жарыса жазып жатты. Рустамның қырағы қызметі елеусіз қалмады, батылдығы үшін Ұлттық ұланның «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының жеке құрамы оған құрмет көрсетті, сонымен қатар Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымовтың бұйрығымен оған кезектен тыс «аға лейтенант» әскери шені берілді.
«Әке көрген оқ жонар» деген ұлағатты сөз бар ғой, сол секілді Рустам да, оның ағалары да әкесінің әскери жолын жалғастырып келеді, яғни бұл отбасын әскери династия деп те атауға болады. Ол туралы Рустам:
«Әке балаға әрқашан ұстаз, бағдаршам ғой. Әкемнің сол бір әскердегі суреті бәрімізді әскери адам болуға, отанды сүюге мұрындық болды. Сол әскери сурет менің болашағымды айқындап бергендей сезінем бұл күні. Ендігі әкемнің сара жолын, ағаларымның ізін жалғап қызметте жетістіктерге жету - бүгінгі алға қойған мақсатым. Мен де әкем секілді ұрпаққа тәрбие бергім келеді».
Сөз соңында өзінің Ұлттық ұлан қатарында қызмет ететінін мақтан тұтатын Рустам: «Мен үшін басты міндет – Отаныма қалтқысыз адал қызмет ету, өзім осы Ұлттық ұлан қатарында сарбаз, одан келісімшарт бойынша әскери қызметші бола жүріп офицерлік лауазымға дейін көтерілдім, бұл маған командирлер мен бастықтардың үлкен сенім артуы деп білемін. Елімнің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге титтей де болса үлес қосу мен үшін үлкен мәртебе, бұдан кейін де қызметтік-жауынгерлік міндеттерімді абыроймен атқаруға, ел сенімін ақтауға сөз беремін!» – деп, ағынан жарылды.
Бүгінгі күнде Рустам сүйіп қосылған жары Әлиямен бір шаңырақта тату-тәтті өмір сүруде, Ажар есімді қыздарын тәрбиелеуде.
лейтенант Айдос Байшағыров, Ұлттық ұланның «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы.