Ақын әрі диссидент Арон Атабек жұма күні сағат 22.00 шамасында Алматы қаласына ұшып келді. Сот 18 жыл бас бостандығын айыру жазасының қалған үш жыл мерзімін бір жылдық шектеу түріне ауыстырып, абақтыдан босатқаннан кейін оны қолдаушы-дақтастары күтіп алуға әуежайға жиналды.

Азаматтық қоғамды бірдей қуантып-алаңдатқан кездесу

Қазан айының алғашқы күні Арон Атабектің тұрғылықты қаласына оралатыны жөнінде кешкісін тараған хабарламадан кейін FlyArystan әуекомпаниясының Павлодар-Алматы бағытындағы рейсін тағатсыздана күткендер қатары көбейді. Жиын барысында «биліктің репрессивті саясатын» сынағандар саяси көзқарастары мен азаматтық талаптарын ашық айтты.

16 жылға жуық түрмеде отырған «саяси тұтқынның» қызы Алма Аронқызы Азаттық радиосының тілшісіне телефон арқылы берген пікірінде Алматыға келгенін растап, әуежайдың негізгі кіреберісінен бөлек есіктен жедел жәрдем көлігімен алып шығарылғанын жеткізді.

Ұшып келген жолаушыларды күту залына шыққан жоқ. Ұзақ уақыт билік таққан айыпты мойындамай, азаматтық ұстанымына табандылық танытқан Атабекті көпшілік көруден қатты үміттенді. Кейбірі эмоцияға ерік беріп жатты. «Саяси тұтқындар» туралы сөз бола қалғанда аты бірінші аталатын оның жұртпен қауышпайтынын естігеннен кейін де азаматтар әуежай алдында біраз аялдап, талап-пікірін білдіруге тырысты. Олар «Арон Атабек!» деп ұрандасты. «Назарбаев режиміне сынбаған хас батырымыз, қош келдің» деген үлкен плакатты ұстап жүрді.

Белсенділердің бірі «Назарбаев режиміне сынбаған хас батырымыз, қош келдің» деген жазуы бар плакаттың қасында азаматтық-жеке көзқарасын білдіріп тұр. Фото: QT

Белсенділердің бірі «Назарбаев режиміне сынбаған хас батырымыз, қош келдің» деген жазуы бар плакаттың қасында азаматтық-жеке көзқарасын білдіріп тұр. Фото: QT

Атабекті күтіп алуға келгендер арасында белгілі оппозиционер Жасарал Қуанышалин, тіркелмеген Демпартия жетекшісі Жанболат Мамай, оны қолдаушы Төлеген Жүкеев, желтоқсаншы Гүлбахрам Жүніс, т.б. болды.

Тарихи сәтте Арон Атабекпен бірге болуға келгендер. Фото: QT

Тарихи сәтте Арон Атабекпен бірге болуға келгендер белгілі журналист, марқұм Қазис Тоғызбаевтың түсірген фотоларын алып шыққан. Фото: QT

«Батыс сынына іліккен билік Ағаділдің трагедиясын Атабектің мысалында қайталамауға мәжбүр»

Кейінгі жылдары қоғамда Арон Атабекті босату талабы көп айтылды. Биыл тіпті жиілеп,  бастама Парламент қабырғасы мен зиялылар ортасында да қозғалды. Жылдар бойы адам хақының сақталауы мен қорғалуы жолында еңбек етіп келе жатқан құқық қорғаушылар арнайы петиция жариялап, қол жинап, Ақордаға да жолдаған.

Осыдан кейін Павлодардағы АП-162/1 түрмесі Атабекті түрмеден босату туралы өтініш беріп, қалалық №2 соты оның денсаулық жағдайына байланысты жазасын жұмсартып, айырылған бостандығын шектеуге өзгертті. Сот қаулысына сәйкес, Атабек бір жыл көлемінде пробациялық бақылауда болады.

Қыркүйек айының аяғында құқық қорғаушылар Атабектің ауруханаға жатқызылғанын хабарлаған. Анығырақ айтқанда, 15 жыл бұрын дені сау күйде түрмеге қамалған оның қазір «омыртқасы мен жұлыны зақымданған және басқа да емделмейтін ауруларға шалдыққан». Сот қазанның 1-і онлайн өткен, осы күні бірден босатылды. Белсенділер сот үкімінің жылдам орындалуын тұтқынның денсаулық жағдайының өте нашар екенін көрсетеді деп топшылайды.

Павлодар-Алматы рейсінің жолаушылары шығатын күту залында кірберіс қақпаға қарап-елеңдеп тұрған көптің күткені болмады. Арон Атабекті топтан тысқары басқа есіктен алып кеткені белгілі болды. Фото: Orda.kz

Павлодар-Алматы рейсінің жолаушылары шығатын күту залында кірберіс қақпаға қарап-елеңдеп тұрған көптің күткені болмады. Арон Атабекті топтан тысқары басқа есіктен алып кеткені белгілі болды. Фото: Orda.kz

Арон Атабек 2006 жылы Алматыдағы «Шаңырақ» оқиғасынан кейін 18 жылға сотталып, полицейдің өліміне әкеп соққан тәртіпсіздіктер ұйымдастырды деп айыпталған. Кейінгі  жылдары құқық қорғаушылар 68 жастағы диссиденттің денсаулығының нашарлауына алаңдап, дереу босату туралы бастама көтерген. Биыл тамыз айында Атабекпен түрмеде кездескеннен кейін Ұлттық алдын алу тетігінің қатысушылары ақынның жағдайы мүшкіл екенін хабарлаған еді.

Арон Атабекті «саяси тұтқын» ретінде аталуына бірден-бір себеп – оның Шаңырақ оқиғасына дейін қоғамдық-саяси белсенділікпен айналысуы. Өткір көзқарасы мен азаматтық ұстанымы негізінде құқықтық әділдікті талап етіп, билікті жиі сынаған. 1986 жылы Желтоқсан оқиғасына қатысқан. Тарихи оқиғаның қайта қаралып, шынайы бағалануына атсалысқан. 1989 жылы «Жерұйық» ұлттық-қоғамдық қозғалысын құрды. 90-шы жылдардың басында бейресми-тіркеусіз «Алаш» партиясына төрағалық етіп, осымен аттас газетті басып шығарған. Ол абақтыда оқшау отырса да 0публицистикалық және әдеби шығармашылығын тастамады, елдегі жағдайға қал-қадірінше әрдайым үн қосып отырады. Атасы Атабек қуғын-сүргін құрбаны болған. Қазіргі Қазақ Ұлттық университетінің (филология факультеті) 1974 жылғы түлегі.

Шаңырақ оқиғасы            

2006 жылғы 14 шілдеде Алматы билігі Шаңырақ елдімекенінің тұрғындары жерді заңсыз иеленді деген уәжбен үйлерді сүрмек болғанда қарсылық білдірген жұртқа қарсы арнайы жасақ пен полицияны қолданған. Бар табысы мен еңбегін жұмсап тұрғызған баспанасын күл-қоқысқа айналуын қаламаған қараша жұрт «қара шаңырағын» қорғауға тырысып бақты. Талабын бейбіт түрде білдірген. Десе де халық тілін таба алмаған билік қақытығысқа жол беріп, оқиға 24 жастағы полицей өлімімен аяқталған.

Шаңырақ оқиғасындағы қақтығысқа дейінгі кезеңде әйелдер мен қарттар билік өкілдері мен күштік құрылымдарға бейбіт келісімге келуге үгіттеп тырысқан сәті. Фото: Азаттық радиосы / Қазис Тоғысбаев

Шаңырақ оқиғасындағы қақтығысқа дейінгі кезеңде әйелдер мен қарттар билік өкілдері мен күштік құрылымдарға бейбіт келісімге келуге үгіттеп тырысқан сәті. Фото: Азаттық радиосы / Қазис Тоғызбаев

Қоғам назарын аударған шулы істе бұл жағдайға билік бірнеше шаңырақтық пен сонда болған ақын әрі диссидент Арон Атабекті кінәлі деп тапты. Арон Атабек 18 жылға, Құрманғазы Өтегенов 16 жылға, Ерғанат Тараншиев 15 жылға, Рүстем Тұяқов 14 жылға сотталды. Соңғы аталған екі азаматтың мерзімінен бұрын шартты түрде бостандыққа шығару жөніндегі өтініші қанағаттандырылып, 2018 жылы босап шықты. Ал ұзақ уаытқа сотталған Өтегеновтың жазасына 2013 жылы түрме әкімшілігі қызметкерлерінің «заңды талабына бағынбау» айыбы бойынша тағы 2,5 жыл қосылып, барлығы 18,5 жылға ұлғайған.

Арон Атабек жазасының көп бөлігін өзі тұратын Алматы қаласынан алыс орналасқан түрмелерде өтеп келген. Ашық деректерге қарағанда, кейінгі жеті жылдан аса уақыт, 2014 жылдың сәуірінен бастап Павлодардың уақытша тергеу изоляторында отырды. Атабек бұл жерге Қарағанды облысы Қаражал қаласындағы колониядан этаппен жіберілген. Сонымен қоса, оны екі рет Қостанай облысы Арқалық қаласындағы өмір бойына сотталғандар жататын«қазақстандық Гуантанамо» саналатын «жабық» түрмеге ұстап жазалаған.

Құқық қорғаушылар мен өзі «жазықсыз сотталып, азап шеккен» деп есептейтін Арон Атабекке 2010 жылы күзде«Тұтқындағы жасампаз» (Imprisoned аrtist) номинациясы бойынша Freedom to Create халықаралық сыйлығы берілді.

Арон Атабектің екі қызы, бір ұлы бар.

The Qazaq Times