Шаңырақ оқиғасына байланысты 18 жылға сотталған диссидент ақын Арон Атабек ауруханада жатыр. Бұл ақпаратты алғаш болып құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина Facebook парақшасында хабарлады.
Кейін бұл ақпаратты құқық қорғаушы Елена Семенованың сөзіне сүйеген Азаттық радиосы тарқатып жазды.
Басылымның жазуынша, Арон Атабектің ауруханаға түскеніне бір апта болған. Ол емделіп жатыр.
"Ол бұған дейін емделуге үзілді-кесілді қарсы болып келген. Оған "ауруханаға жатпасаңыз, сал боласыз, өмір бойы арбаға таңыласыз" деп қатаңырақ айтқанмын. "Тым болмағанда, аяқ-қолға қарапайым массаж жасату үшін барыңыз" дегенмін. Қазір сәл кішкене қозғалыс бар сияқты. Толық тексеруден өтіп жатыр. Негізінен витаминдер қабылдайды. Тексеруден өтіп, анализдерін тапсырғаннан кейін қандай да бір ем көрсететін шығар" деп келтірді Азаттық құқық қорғаушы Елена Семенова сөзін.
Семенованың Азаттыққа айтуына қарағанда, Арон Атабек ауруханадағы тексеруден кейін түрмеге қайтадан оралады.
2006 жылғы "Шаңырақ" оқиғасынан кейін 18 жылға сотталып, 15 жылын түрмеде өткізген, құқық қорғаушылар саяси тұтқын деп таныған диссиденттің кейінгі кезде денсаулығының нашарлап кеткеніне азаматтық қоғам өкілдері алаңдаушылық білдірген. Жазда Қазақстанда Ұлттық алдын алу тетігі (ҰААТ) қатысушылары түрмеде Арон Атабекпен жолығып, халінің нашар екенін айтқан.
Жуырда диссидент ақынды рақымшылықпен босату жөнінде 2,5 мыңнан астам адамның қолы бар хат президент Тоқаевқа жолданған. Билік хатқа әзірге реакция білдірмеген.