Павлодар облысындағы АП-162/1 түзету мекемесінде жазасын өтеп жатқан "саяси тұтқын" Арон Атабекпен кездескен құқық қорғаушылар оның денсаулығы тым нашарлап кеткенін мәлімдеді. Бұл жөнінде Қазақстандағы адам құқығы жөніндегі халықаралық бюроның ресми сайты жазды.
Бюро сайтындағы ақпаратқа қарағанда, кездесу барысында Арон Атабек құқық қорғаушыларға денсаулығына байланысты шағымдарын айтқан.
"Екі қолым аурады, жоғары көтере алмаймын, бүгілмейді, қаламсап ұстаудың өзі қиын. Аяғым да ауырады, камера ішінде ғана жүремін, серуенге шығудан бас тарттым. Таксафонға коляскамен барамын. Этапта соққыға жыққан кездегі жарақаттарым болу керек. Толық (медициналық-ред) тексеруден өтуді ұсынды, бірақ мен одан бас тарттым. Себебі менің жасымда сәуле (облучение) алу қауіпті деп есепеймін" депті Арон Атабек өзімен кездескен құқық қорғаушыларға.
Түрме әкімшілігі Арон Атабектің амбулаториялық картасын көрсеткен. Онда ол биыл 4 тамызда қан анализін тапсырудан, флюрографияға түсуден, буындарын ренгенге түсіруден бас тартқандығы жазылған. Мекеме басшысы Әділхан Қапышев Арон Атабек медицина қызметкерлерінің бақылауында екендігін айтқан.
"№228 медициналық хаттамасында Арон Атабектің сүйек-буыны ауыратындығы, екі қолының да саусақтары деформацияланғаны, жарты жылдан бері іш қату салдарынан үлкен дәретке баралмай, клизма алатындығы және жүргенде өнебойы дірілдейтіні жазылған. Бұдан бөлек, хаттамада оның 30.07.2021 жылы медициналық тексеруден бас тартқаны жөнінде, кейіннен терапевт дәрігердің тексеруді камерада өткізгендігі жөнінде айтылған. Дәрігер Арон Атабекке церебросклероз, дисциркуляторлық энцефалопатия, стенокардия, созылмалы гастрит, созылмалы геморрой, қол-аяқтың артрозо-артитті диагноздарын қойып, жалпы клиникалық анализ тапсыруға, витаминдер ішуге, невропатолог пен кардиологқа баруға, УЗИ, ОБП және ренгенге түсу кеңес берген. Бірақ Арон Атабек оның барлығынан бас тартқан" деп жазды Қазақстандағы адам құқығы жөніндегі халықаралық бюроның ресми сайты.
Бюро сайтының мәліметінше, Арон Атабек мерзімінен бұрын босатуға өтініш жазбайтынын, үш жылдан кейін бостандыққа шыққан соң толықтай өтемақы төлетуге шағымданатынын жеткізген. Бұған қоса мекеме басшысынан мерзімінің соңына дейін ешқайда ауыстырмауын сұрап, соңына дейін осы жерде қалатынын мәлімдеген.
68 жастағы Арон Атабек 2006 жылғы 14 шілде күні Алматы іргесіндегі Шаңырақ елді мекенінде болған оқиғадан кейін сотталған. Сол күні Шаңырақ тұрғындары билік "заңсыз соғылған" деген үйлерді бұзуға келген полиция күшіне қарсылық көрсетіп, екі жақ арасында қақтығыс болған. Салдарынан 24 жастағы полиция офицері қаза тапты. Билік оның өліміне бірнеше жергілікті тұрғынды және сол күні Шаңырақта болған ақын әрі диссидент Арон Атабекті айыптаған.
Сот үкімі бойынша Арон Атабек 18 жылға, Құрманғазы Өтегенов 16 жылға, Ерғанат Тараншиев 15 жылға, Рүстем Тұяқов 14 жылға сотталды. Кейінгі екеуі 2018 жылы мерзімінен бұрын босатылды. Өтегенов 2013 жылы түрме әкімшілігі қызметкерлерінің "заңды талабына бағынбады" деп айыпталып, қамау мерзімі екі жылға ұзартылды.
"Шаңырақ оқиғасынан" соң билік ондағы тұрғындардың жері мен үйін заңдастырып берген.
Сот үкімі шыққаннан кейін Арон Атабек Алматыдан тысқары жерде бірнеше түрмеде қамауда болды. Қазір отырған Павлодар тергеу изоляторына оны 2014 жылдың сәуірінде ауыстырған.