Қазақстан Үкіметі былтыр пандемия басталған жылғы 1 наурыз бен биыл 1 қыркүйек аралығында коронавирус жұқтырған 3123 адамды «басқа диагноздан қайтыс болды» деген уәжбен ковидтің ресми есебіне қоспаған.
QT редакциясының сұрағына ДенМин тарапынан берілген ресми дерекке қарағанда, індеттің төртінші толқыны тұсында, маусым айында 405, шілдеде 266, тамызда 490 адам коронавирустың жанама әсерінен қайтыс болған. Төртінші толқынмен тұспа-тұс келген тамыз айындағы өлім жағдайы осыған дейінгі санақтан әлдеқайда көп. 490 адамның ковидке қатысы ресми расталмаған қазасы – жағымсыз антирекордты жаңартты.
(!) Министрлік олардың өлімін «басқа дерттерден болды, коронавирус тікелей әсер етпеді» деп санайды. Жауапты мамандар бұл жайлы сирек сөз етеді, оның өзінде журналистердің сұрауымен. Ақпарат автоматтандырылмаған. Былтыр 18 маусым 54 жағдай, 2 шілде 101, 23 шілде 319, 4 қыркүйек 556, 11 қыркүйек 576, 15 қазан 672, 9 қараша 709, 15 желтоқсан 764, 26 желтоқсан 816, биыл 20 қаңтар 938, 3 ақпан 1061 болып, 17 наурыз 1450, 29 наурыз 1619, 6 мамыр 1773, 14 маусым 1962, 8 шілде 2367, 9 тамыз 2633, 14 қыркүйек 3123-ке дейін артқаны хабарланды.
Министрліктің ақпараттық жүйесі бойынша, коронавирус инфекциясының жанама әсерінен көз жұмғандар өңірлер: Қостанай (532), Павлодар (401), СҚО (кемінде 307), Алматы қаласы (334), Ақмола, ШҚО, Алматы облыстары. Ал ең төменгі көрсеткіш Шымкент және Маңғыстау өңірінде тіркелген.
Оның арасында қарттар, ондаған бала, тіпті жаңа босанған аналар да бар. Былтыр қараша айында 107, желтоқсанда 122 және биылғы сегіз айда 2185 (қаңтарда 123, ақпанда 389, наурызда 169, сәуірде 154, мамырда 189, маусымда 405, шілдеде 266, тамызда 490) өлім тіркелген.
Осы санатта өмірден өткендердің дерегі коронавирустың мемлекеттік дерекқорына енгізілмейді. Сарапшылар мен мамандар бұған қарсы. Мұны «статистиканы мейілінше жақсартудың амалы» деп есептейді. Олардың айтуынша, коронавирустың жанама әсерінен қайтқандардың жартысынан астамының себебі қан айналымы мен тыныс алу жүйесінің аурулары болғандықтан, оған инфекция дерт қоздырушы фактор ретінде өлімге әкеп соқтырады. Әзірге дерегі белгісіз шілдеден бөлек 15 айдың жиынтық есебі бойынша, аурулар тобы жіктелімін ведомство былай тарқатады:
-
- Қанайналым жүйесінің аурулары – кемінде 1319;
- Тыныс алу жүйесінің аурулары – кемінде 833;
- Эндокриндік жүйенің аурулары – кемінде 166;
- Несеп-жыныс жүйесінің аурулары – кемінде 84;
- Жаңа өскіндер – кемінде 78;
- Басқа жағдайлар – кемінде 368.
15 қыркүйектегі эпидахуал бойынша, Қазақстанда пандемия басталғалы дертке шалдыққаны ресми расталған науқастар саны 921 мыңнан асты. Олар: коронавирус 848 мың, осы тектес пневмония 73 мың адамға жұққан. Сонымен қоса, жалпы вирус жұққандардан 18,3 мыңнан аса адам (КВИ+ / U07.1 – 10 491, КВИ- / U07.2 – 4700, ілеспе аурулардан – 3123) қайтыс болған. Қазақстан сырқаттар саны бойынша әлемде Worldometers дерекқоры, Джонс Хопкинс университеті және ДДСҰ тізіміндегі 221 ел мен аймақтың арасында 36-орында тұр.
Биыл жазда бас-аяғы 420 мың адам ауырса, 6,6 мыңнан аса адам көз жұмды. Күздің алғашқы жарты айында 57 мыңнан аса науқас есепке алынған және 1,2 мыңнан артық адам қайтыс болған.
ДДСҰ қайтыс болған адамнан коронавирус инфекциясы анықталса, ағзадан тыс сыртқы фактордан, яғни оқыс апаттан көз жұмғандардан басқасын COVID өлімі статистикасына қосуға кеңес берген. Дегенмен Қазақстан үкіметі райынан қайтпады. Әлі күнге дейін параллель есеп жүргізіледі: жанама әсерден қайтыс болғандар саны не мемлекеттік, не халықаралық статистикаға енбейді.
Уашиңтон (АҚШ) университеті медицина мектебіне қарасты Денсаулық көрсеткіштері және бағалау институтының (IHME) мамыр айындағы зерттеуінде Қазақстандағы коронавирус құрбандарының саны ресми статистикадан 14,5 есе көп екені айтылды. IHME есебі бойынша, Қазақстанда COVID салдарынан пандемияның 13 айында 81 696 адам қайтыс болған. Мамыр айының ортасында осы ақпараттан кейін министрлік деректі қайда екшедік деген уәжбен ресми сатистикаға мыңдаған адамның есебін қосты.
2020 жылы «маусым-шілде қырғынында» 42 мың адам, ал 2019 жылы дәл осы аралықта 22 мың, 2018 жылдың жазғы екі айында 21 мың адам өмірден қайтқан. Сәйкесінше былтыр кісі өлімі алдыңғы жылдан кемінде 20%-ға артты. 163 613 адамның өлімі Қазақстанды жаңа ғасырда ең жоғарғы көрсеткішпен орны толмас қасіретке ұшыратты.
Билік аталған санаттағы пациенттен ПТР тесті арқылы коронавирус анықталғанына қарамастан, «басқа аурулардың себебінен қайтыс болғанын» алға тартып ортақ есепке енгізбейді. Министр орынбасары Ажар Ғиниятқызы былтыр күзде статистикадағы негізгі кемшіліктер туралы редакция тілшісімен 45 минут сұхбаттасып, әр айдың 10-ы өткен айдағы ілеспе диагноздан қайтыс болғандардың санын тұрақты түрде ресми ресурстарда жариялауға уәде еткен еді. Бірақ вице-министр сөзінде тұрмады. Ведомство бұл индикаторға тиесілі деректі тұрақты түрде емес, тілшілердің сұрау хаты негізінде ғана ұсынады.