Қазақстан үшін 2020 жыл сүйінші мен қаралы хабар нөпірлеген алагеуім кез болды.
Былтыр пандемия жарияланған жылы Қазақстанда 425,6 мың бала дүниеге келген. Бұл Тәуелсіздік тарихындағы рекордтық меже. 2019 жылғы есеппен салыстырғанда 5,6%-ға көп, яғни алдыңғы жылдан 22,5 мыңға көбірек туған.
Кеңес құрамындағы социалистік Қазақстанда 1986 ж. 410 мың, 1987 ж. 417 мың, 1988 ж. 407 мың бала туған. 1950 жылдан бері туғандар саны осымен алтыншы мәрте төрт жүз мыңнан асып отыр. Кейінгі онжылдықта ғасыр көрмеген төртжүзмыңдықтың толғағы (2016 жылы – 400 мың, 2019 жылы – 402 мың) үшінші мәрте айналып соқты.
«Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ Болжау департаментінің директоры Дмитрий Шумековтың мәліметінше, өсімнің 63%-ға жуығы төрт өңірге – Түркістан (24%), Алматы (16%), Қызылорда (10%) облыстарына және Шымкент қаласына (13%) тиесілі.
Былтыр елде демографияның тағы бір зерттеу нысаны – өлім есебі де өскен. Өкінішке қарай, жиырма жылда тіркелмеген көрсеткішпен бір жылда 162 613 адам қайтыс болған. Мұндай жағдай әлеуметтік дағдарыс бүйірден қысқан, иммиграция ағыны күшейген тоқсаныншы жылдардың ортасында (1994 ж. – 160 мың, 1995 ж. – 168,6 мың, 1996 ж. – 166 мың, 1997 ж. – 161 мың) болған.
Үкіметтің ең үлкен қателігі – «Маусым-шілде қырғыны» орын алған жылы 2019 жылға қарағанда көз жұмғандар саны 22%-ға артқан. Астана ауруханаларында ажал құшқандар қатары көбейіп, жалпы елордада өлім көрсеткіші 43%-ға ұлғайған.
«Мамыр айында қайтыс болғандар саны 2019 жылдың мамырымен салыстырғанда 27%, маусымда – 51%, шілдеде – 2019 жылдың тиісті айымен салыстырғанда 127%-ға өскен», – деген Дмитрий Шумековтің дерегі халық трагедиясына айналған «маусым-шілде қырғынын» растайтындай.
Шумековтің айтуынша, қан айналымы жүйесі (23%) мен тыныс алу органдарының (14%) ауруларынан қайтыс болғандар елеулі деңгейде көп. Сондай-ақ, жылда үлесі қарайып тұратын жазатайым оқиғалар мен көлік апаттарынан болатын өлім айтарлықтай азайған.
Былтыр көктемде карантин енгізілерде Қазақстандағы ахуал нашарлады. Денсаулық сақтау министрлігі пневмония диагнозы қойылған науқастардың біразынан коронавирус дерегі анықталған жоқ десе де, оларды да COVID-19 хаттамасымен емдеді. Ал ауруханаларда науқастарға орын, дәріханаларда қажетті препараттар тапшылығы жағдайдың ушығуына әкеп соққан. Қазақстан да денсаулық сақтау жүйесінің дайынсыздығынан «маусым-шілде қырғынына» тап болды. Салдарынан ауруханаларда маман, оттек қоры және науқастарды қабылдайтын орын жетіспей, жұрт дәріханалардың алдында сағаттап қалың кезекте тұрды. Сабылған ел дәрі-дәрмекке дер кезінде қол жеткізе алмады. Тіпті жедел жәрдем қызметіне түскен жүктеме ауырлап, шақыртуға уақытылы үлгермеді. Дерт дендеген шақта ауруханалар мен емханаларда жоспарлы емделу-профилактика шаралары шетін қалып, созылмалы ауруларға шалдыққан басқа науқастар қажетті медициналық қызметтерден қағылғаны есімізде. Бір пандемия туғызған әлектен бар министрліктің кемшілігі айпара әлемге мәлім болды. Білім, цифрлық, еңбек министрліктері... Дәл осындай жағдай Ресейде де қайталанды. Десе де екі елдің президенттері Тоқаев пен Путин үкіметтерінің пандемияға қарсы күресіне оң әрі жоғары баға берген. Тоқаев қырғын қарқын алып тұрған тұста есі кірер деген сықпытпен ескі үкіметке эпидахуалды оңалтуды екпіндей-ескерте тапсырған. Алайда жыл аяғы Мамин командасын марапаттап, сайлаудан кейін болар-болмас кадрлық тағайындау жүргізіп, ескі қалпынша сақтап қалды. Осы қыста 88 мыңдай адам ауырса, 8 жүзден астам адам қайтыс болды. Коронавирус статистикасы бұрмаланып, ондағы кемшіліктер ақпарат құралдарының ескертуімен түзетілді, президент деңгейінде бірнеше рет сын-ескертпе айтылды, бір айда медициналық статистиканы жүйелеу міндеттелді. Әттегенайдың тағы бірі – тапсырма берілгелі бір жарым айдан асты.