Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті QT-ның ресми сұрау хатына берген жауабында коронавирустың жанама әсерінен қайтыс болған адамдардың саны 764-ке жеткенін хабарлады.
13 наурыздан бері COVID-19 инфекциясын жұқтырғандар қатары 143 мыңға, 1 тамыздан бергі коронавирус пневмониясы 44 мыңға жуықтаған. ДДСҰ мәліметінше, Қазақстанда ауырғандардың саны 185,5 мыңға, ал Ұлттық статистикада 187 мыңға жеткен. Дегенмен Үкімет коронавирус пен оның пневмониясын екі бөлек есептейді. Пандемия басталғалы жалпы вирус жұққандардың 3382-сі (КВИ+ / U07.1 – 2152, КВИ- / U07.2 – 466, ілеспе аурулардан – 764) қайтыс болған. Алайда Қазақстан билігі бойынан коронавирус табылса да, басқа аурулардың себебінен қайтыс болды делінген 764 адамды жалпы статистикаға қосып есептемейді. Сарапшылар бұған қарсы. Олардың айтуынша, коронавирустың жанама әсерінен қайтқандардың жартысына жуығы себебі қан айналымы жүйесінің аурулары болғандықтан, оған инфекция дерт қоздырушы фактор ретінде өлімге әкеп соқтырған.
Қазан айының ортасында сол кездегі Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі қызметінде болған «ерікті» Бағдат Қожахметов QT редакциясының қойған сұрағына жалпы есепке кірмейтін коронавирустың жанама әсерінен қайтыс болғандардың саны 672-ге жеткенін мәлімдеген. Кейіннен қарашаның басында денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиниятқызы редакцияның талап-сұрауымен 709-ға өскенін айтқан. Ведомство бұл индикаторға тиесілі деректі тұрақты түрде емес, тілшілердің сұрауымен ғана жариялайды.
Ақпараттың жаңармағалы бір айдан астам уақыт өтті. Редакция журналисі вице-министр Ғиниятқызының уәдесін (қараша айының басында Ғиниятқызы аталған ақпаратты айына бір рет жариялауды жолға қоюға уәде берген – QT) еске салып, қайта сұрау жолдады. Дер кезінде жауап болмағасын өткен сәрсенбіде бас санитар-дәрігер Ерлан Қиясовқа брифинг барысында қойылды. Ешбір сұрағымызға жауап бере алмаған ол мәліметті жазбаша нұсқада жолдауға уәде еткен. Баспасөз жиынынан кейін тұщымды ақпарат берілмеді. Ақыры орындаусыз қалған вице-министрдің уәдесін, президенттің тапсырмасын редакция табанды түрде талап етіп жүріп, Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің Жұртшылықпен байланыс басқармасынан жауап алды.
«Денсаулық сақтау министірлігі «Республикалық электрондық денсаулық сақтау орталығы» ШЖҚ РМК деректеріне сәйкес 2020 жылдың 1 наурызы мен 30 қарашасының аралығында коронавирус инфекциясы ілеспе диагнозы болған 764 өлім жағдайы тіркелді», – делінген ресми жауап хатта.
- Тыныс алу жүйесінің аурулары – 360 (47%);
- Қанайналым жүйесінің аурулары – 251 (33%);
- Эндокриндік жүйенің аурулары, тамақтану және алмасу бұзылуы – 37 (4,8%);
- Жаңа өскіндер – 35 (4,6%);
- Басқа жағдайлар – 81 (10,6%).
«Маусым-шілде қырғынында» 500-ге жуық, тамыз бен қыркүйек айларында 146, ал күзгі толқын екпіндей бастаған қазан және қараша айларында 115 адам өмірден өткен. Ең көп өлім жағдайы ШҚО, Қарағанды, Қызылорда, Павлодар облыстарында тіркелген.