Сәрсенбі күнгі ОКҚ-да өткен брифингте денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиниятқызы QT редакциясының сауалына берген жауабында коронавирустың жанама әсерінен қайтыс болғандар 1061-ге жеткенін хабарлады.
Билік аталған санаттағы пациенттен ПТР тесті арқылы коронавирус анықталғанына қарамастан, «басқа аурулардың себебінен қайтыс болғанын» алға тарта отырып, ортақ есепке қоспайды. Ведомство бұл индикаторға тиесілі деректі тұрақты түрде емес, тілшілердің сұрауымен ғана жариялайды.
(!) Министрлік олардың өлімін «басқа дерттерден болды, коронавирус тікелей әсер етпейді» деп санайды. Жауапты мамандар бұл жайлы сирек сөз етеді, оның өзінде журналистердің сұрауымен. Ақпарат автоматтандырылмаған. 18 маусым 54 жағдай, 2 шілде 101, 23 шілде 319, 11 қыркүйек 576,15 қазан 672, 9 қараша 709, 15 желтоқсан 764, 26 желтоқсан 816 жағдай, 20 қаңтар 938-ге, бүгін 1061-ге артқаны айтылды.
Осылайша, ресми дерекке қарағанда, «коронавирус инфекциясының жанама әсерінен республикада былтырғы 1 наурыз бен биылғы 31 қаңтар аралығында 1061 адам қайтыс болғаны» белгілі болды.
;feature=youtu.beОның кемінде 700-дейі қарттар, оннан астамы бала және біреуі жаңа босанған әйел.
Былтыр қараша айында 107, желтоқсанда 122 және биыл қаңтарда 123 өлім тіркелген.
Осы санатта өмірден өткендердің дерегі жалпы есепке енгізілмейді. Сарапшылар мен мамандар бұған қарсы. Мұны «статистиканы мейілінше жақсартудың амалы» деп есептейді. Олардың айтуынша, коронавирустың жанама әсерінен қайтқандардың жартысынан астамының себебі қан айналымы мен тыныс алу жүйесінің аурулары болғандықтан, оған инфекция дерт қоздырушы фактор ретінде өлімге әкеп соқтырады. Соңғы дерек бойынша, аурулар тобы жіктелімін ведомство былай таратады:
- Тыныс алу жүйесінің аурулары – 47%
- Қанайналым жүйесінің аурулары –32,8%
- Эндокриндік жүйенің аурулары және метаболизмнің – 4,9%
- Жаңа өскіндер – 4,5%
- Несеп-жыныс жүйеснің аурулары – 3,2%
- Ас қорыту ағзасы аурулары – 2,5%
- Жүйке жүйесінің аурулары – 1,6%
- Жұқпалы және паразиттік аурулар – 1,3%
- Басқа жағдайлар – 2,3%
Былтыр коронавирустың жанама әсерінен қайтыс боғландардың ең көбі СҚО, ШҚО және Қостанай облыстарына, ең кемі Атырау, Маңғыстау, Ақтөбе өңірлеріне тиесілі.
Қазақстанда 13 наурыздан бері COVID-19 инфекциясын жұқтырғандар қатары 190 мыңнан, 1 тамыздан бергі коронавирус пневмониясы 48 мыңнан асқан. ДДСҰ мәліметінше, ауырғандардың саны 237 мыңға, ал Ұлттық статистикада 238 мыңға жеткен. Дегенмен Үкімет коронавирус пен оның пневмониясын екі бөлек есептейді.
Пандемия басталғалы жалпы вирус жұққандардың 4197-сі (КВИ+ / U07.1 – 2565, КВИ- / U07.2 – 571, ілеспе аурулардан – 1061) қайтыс болған. Алайда Қазақстан билігі бойынан коронавирус табылса да, басқа аурулардың себебінен қайтыс болды делінген 1061 адамды жалпы статистикаға енгізбейді. Бұған қарсы сарапшылардың сөзіне қарағанда, коронавирустың жанама әсерінен қайтқандардың жартысынан астамының себебі қан айналымы жүйесінің аурулары болғандықтан, оған инфекция дерт қоздырушы фактор ретінде өлімге әкеп соқтырған.