Қазақстанда өршіген пневмонияның соңғы бес жылда және биыл, маусым айындағы қарқыны қандай? Вирус жұқтырып қайтыс болғандардың санын бөліп есептеу кімге керек? Министр мен комитет жариялаған мәлімет жөнінде.
Соңғы бес жылдағы статистика бойынша пневмония ауруы жөніндегі мәлімет бойынша редакция жолдаған сауалға Денсаулық сақтау министрлігінің Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитеті жауап берді.
Пневмония ауруына шалдыққандардың санағы жіті респираторлық вирустық инфекциялардың (ЖРВИ) тіркелу маусымына сәйкес жүргізілетінін хабарлаған ведомствоның ұсынған дерегі мынадай:
- 2015-2016 эпидмаусым – 11 687 пневмония жағдайы, оның ішінде өліммен аяқталған саны – 7;
- 2016-2017 эпидмаусым – тиісінше 17 423 және 8 жағдай;
- 2017-2018 эпидмаусым – тиісінше 21 295 және 20 жағдай;
- 2018-2019 эпидмаусым – тиісінше 19 582 және 10 жағдай;
- 2019-2020 эпидмаусым – тиісінше 18 072 және 10 жағдай.
- 2019-2020 жылы тұмаудан 4 адам қайтыс болды.
Биыл, яғни 2020 жыл басталғалы бері пневмония және ЖРВИ, сондай ақ тұмаумен республика көлемінде қанша адам ауырды деген мәселе төңірегінде де біраз мәліметке қол жеткіздік.
Осы жылдың алғашқы бес айында елде 284 548 адам ЖРВИ-мен ауырған деседі. Ресми мәліметке қарағанда, оның ішінде 176 043 пациент – 14 жасқа дейінгі балалар. Сондай-ақ комитет:
«Былтырғы осындай кезеңмен салыстырғанда ауру көрсеткіші халық арасында 9,8%-ға, балалар арасында 14%-ға төмендеген. 2019 жылғы 5 айда 315 354 жағдай, 14 жасқа дейінгі балалар арасында 199770 жағдай тіркелген, 100 мың тұрғынға шаққанда көрсеткіш тиісінше 1725,5 және 3856,5 құрады», – деп мәлімдеді.
Сонымен қоса қаңтар-мамыр айларында 2323 тұмау жағдайы, жартысына жуығы балалар (14 жасқа дейінгі – QT) тіркеліпті. Былтырғы көрсеткішке қарағанда, тұмау ел ішінде 25%-ға, ал балалар арасында 9,9%-ға артқан (2019 жылы осы аралықта1854 жағдай, 14 жасқа дейінгі бабалар арасында 918 жағдай тіркелген).
Тимур Сұлтанғазиев басқаратын комитеттің жауабы осылай. Дегенмен Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой бұған дейін Қазақстанда биылғы бірінші жарты жылда (қаңтар-маусым) 98,5 мың адам пневмонияға шалдыққанын, оның 32,7 мыңы өткен маусым айында анықталғанын айтқан. Министрдің сөзінше, былтыр дәл осы айда 8 мыңдай науқас болған, демек 4 есеге көп.
Бұл деректі толықтырған Мемлекеттік бас санитарлық дәрігер Айжан Есмағамбетова алғашқы жарты жылда пневмониядан 1772 адам қайтыс болған, ал маусымда көрсеткіш 628-ге жеткен деп еді.
Тәуелсіз медицина сарапшылары көрсеткіштің басқа жылдармен салыстырғанда күрт өсуін қазіргі таңда өршіп тұрған пневмонияның көп бөлігі коронавирустың асқынған түрі екеніне сенімді. Қазақстандық кей дәрігерлер жаздыгүні пневмонияның вирустың тыныс жолдарынан төменге өтіп кеткен, қабынудың салдары деп бағалайды.
Бүгінгі таңда вирустың тура-жанама әсерінен көз жұмғандар қатары қалыңдаған. Жалпы есебі 365 өлім жағдайы тіркелген:
- Коронавирустан қайтыс болғандар – 264 өлім
- Коронавируспен қайтыс болғандар – 101 өлім
Жуырда ғана тағайындалған жаңа министр бүгін өткізген брифингте өлім саны көптігіне байланысты қазаның себебін анықтау ісі қиынға соғып жатқанын жеткізді. Ол «Бұдан өзге мемлекеттік комиссия тағы 110 өлімнің врустан не созылмалы ауру екенін анықтап жатыр. Комиссия физикалық тұрғыда аймақтардан келіп жатқан толассыз деректі өңдеп үлгермей жатыр», – деді.
Қазіргі таңда ресми мәліметке сенсек, елде вирус жұқтырғандар саны 50 мыңға жуықтады. Сондықтан Қазақстан әлем елдерінің тізімінде 34-орында тұр. 16 мың адам ауруынан айығып шыққан.