Қазақстанда коронавирус пен оған ұқсас пневмонияға шалдыққандар саны тағы 5,3 мыңға артып, жалпы есебі 869 мыңға жуықтады.
Биылғы жаз мезгілі қазақстандықтар үшін қаралы хабарға толы болды. Пандемия басталғалы 1,5 жылдың ішінде анықталған барлық аурушаңдық пен өлім жағдайының жартысы тек өткен жазда, төртінші толқында тіркелді. Бұл – өте ауыр көрсеткіш. Маусым айында 38 мыңға жуық адам ауырса, бұл шілде айында 4 есеге асқынып 159 мың адам сырқаттанды. Ал тамыз айында тіпті өршеленіп дерт жұққандар қатары 222 мыңнан асты.
Сәйкесінше осы аралықта өлім жағдайы да жиіледі. 487 адам қайтыс болған маусым айына қарағанда шілдеде өлім 4 есеге күрт өсіп, 1932 адам көз жұмды. Тамызда маусым айымен салыстырғанда, марқұмдар қатары 8,6 есеге көбейіп, 4197 азамат төсек үстінде өмірден озды.
Шілдеге қарай екпін алған індеттің төртінші толқыны Қазақстан үшін қымбатқа түсу себебін Денсаулық сақтау министрлігі коронавирустың үндістандық дельта штамының таралуымен, азаматтардың уақтылы вакциналанбауымен және медқызметке жүгінбеуімен түсіндіреді.
Шілде айының ортасына қарай тәуліктік сырқаттар саны 5 мыңның, тамызға қарай 7 мыңның үстіне шыққан індет қарқыны үш күннен бері 5 мың кейске маңайлады. Денсаулық сақтау министрлігінің ресми мәліметінше, елде 31 тамызда коронавирус (КВИ+) жұққан 4880 адам, ал 31-і күні коронавирус пневмониясына (КВИ-) шалдыққан 460 адам тіркелді және сейсенбіде 114 қазақстандық аурудан қайтыс болды. Қазір елде 105 мың адам (КВИ+ бойынша 97 мың, КВИ- бойынша 7 мың) ауырып жатыр.
#COVID Өткен күні ПТР тесті арқылы коронавирус жұққаны расталған науқастар қатары тағы артты. Олардың басым бөлігі әдеттегідей жоғары динамикада тұрған Алматы (1264) қаласы және Қарағанды (648) облысынан. Бұдан өзге Алматы (282), астана (315) және Ақтөбе (302), Павлодар (265), Ақмола (246), Маңғыстау (239), Қостанай (237) облыстарында эпидахуал әлі де нашар күйде. ШҚО (201), Атырау (198) Шымкент (180), Жамбыл (99), СҚО (75), Қызылорда (133), БҚО (140), Түркістан (56) өңірлерінде дерт қарқыны бәсеңдер емес. Кеше, сәрсенбіде аурудан айыққан 10 644 адам үйіне шығарылған. 31 тамызда жиыны 93 адам қайтыс болған.
#COVID_пневмониясы Тамыздың 31-і ақпараты бір тәулікке кешігіп берілетін коронавирус пневмониясына шалдыққан 460 науқас есепке алынды. Ведомство дерегінше, сейсенбі күні сырқаттар Алматы облысы (91), Шымкент (57), Жамбыл (53), Маңғыстау (45), Атырау (39), Ақтөбе (35) облыстарында көптеп анықталған. Сонымен қоса, 167 адам айығып шыққан, тағы 21 адам көз жұмған.
#Жалпы ДенМин дерегіне қарағанда, емделіп жатқан 105 мыңдай науқастың 22 мыңнан астамы ауруханада, 82 мыңы амбулаторлық бақылауда. 1590 науқастың жағдайы нашар, ондағы 479 адамның хәлі өте ауыр. Бұдан өзге 226 сырқат өкпені жасанды желдету аппаратымен тыныстап жатыр.
Эпидкартада «жасыл аймақтағы» Түркістан облысынан басқа ШҚО, Жамбыл өңірлері «сары аймаққа» өткен. Басқа 14 аймақ тұтастай «қызыл аймақта» тұр.
ДенМиннің QT редакциясына берген мәліметінше, 11 наурыз бен 12 шілде аралығында ПТР тесті оң көрсеткен 1311 сынама секвенирленген (штамм түрін анықтайтын талдау). Сәйкесінше, биыл көктем-жазда геномдық зерттеу нәтижесінде елдің басым бөлігінен вирустың бразилиялық, британдық, оңтүстікафрикалық және үндістандық штамдары анықталған.
Былтыр 13 наурыздан бері COVID-19 инфекциясын жұқтырғандар қатары 798 мыңнан, 1 тамыздан былайғы коронавирус пневмониясы 70 мыңнан асқан. ДДСҰ дерекқоры мен Ұлттық статистикада Қазақстанда ауырғандар саны 869 мыңға жақындады. Дегенмен Үкімет коронавирус пен оның пневмониясын екі бөлек есептейді.
Пандемия басталғалы жалпы вирус жұққандардан 16,6 мың адам (КВИ+ / U07.1 – 9495, КВИ- / U07.2 – 4485, ілеспе аурулардан – 2633) қайтыс болған. Алайда Қазақстан билігі бойынан коронавирус табылса да, басқа аурулардың себебінен қайтыс болды делінгендерді жалпы статистикаға енгізбейді. Бұған қарсы сарапшылардың сөзіне қарағанда, коронавирустың жанама әсерінен қайтқандардың жартысынан астамының себебі қан айналымы жүйесінің аурулары болғандықтан, оған инфекция дерт қоздырушы фактор ретінде өлімге әкеп соқтырған.
Қазақстан вирус таралуы бойынша әлемде Джонс Хопкинс университеті және ДДСҰ тізіміндегі 221 ел мен аймақтың арасында 36-орынға орнықты.
Үкіметтің соңғы дерегіне қарағанда, Қазақстанда 5,5 млн адам коронавирусқа қарсы вакцинаны толық алған, ал кемінде бірінші дозасы егілген жұрттың саны 6,7 млн-нан асады.