Қазақстанда коронавирус пен оған ұқсас пневмонияға шалдыққандар саны тағы 3,2 мыңға артып, жалпы есебі 921 мыңнан асты. Сырқаттар қатары едәуір кемігенімен, коронавирустан қайтыс болғандар азаяр емес. Кейінгі екі аптаның өзінде 1,2 мыңнан аса адам көз жұмған.
Төртінші толқын екпіндей бастаған шілде айының ортасына қарай тәуліктік сырқаттар саны 5 мыңның, тамызға қарай 7 мыңның үстіне шыққан, індет қарқыны екі аптадан бері 5 мыңнан 3 мың кейске маңайлады. Денсаулық сақтау министрлігінің ресми мәліметінше, елде 14 қыркүйекте коронавирус (КВИ+) жұққан 2930 адам, ал 13-і күні коронавирус пневмониясына (КВИ-) шалдыққан 302 адам тіркелді және дүйсенбіде 77 қазақстандық аурудан қайтыс болды. Қазір елде 75,5 мың адам (КВИ+ бойынша 67 мың, КВИ- бойынша 8 мың) ауырып жатыр.
#COVID Өткен күні ПТР тесті арқылы коронавирус жұққаны расталған науқастар қатары тағы артты. Олардың басым бөлігі немесе 20%-ы әдеттегідей жоғары динамикада тұрған бір ғана Алматы (612) қаласына тиесілі. Ал Қарағанды (340), астана (326), Алматы (240), Павлодар (184), Ақмола (185), Қостанай (147), ШҚО (140), Ақтөбе (150), Шымкент (128), Атырау (93), БҚО (88), СҚО (78), Маңғыстау (70), Қызылорда (69), Жамбыл (46), Түркістан (34) өңірлерінде дерт қарқыны тұрақты, кейбірінде сырқаттар қатары шамалы азайғаны байқалады. Сейсенбіде аурудан айыққан 4123 адам үйіне шығарылған. 13 қыркүйекте жиыны 64 адам қайтыс болған.
#COVID_пневмониясы Қыркүйектің 13-і ақпараты бір тәулікке кешігіп берілетін коронавирус пневмониясына шалдыққан 302 науқас есепке алынды. Ведомство дерегінше, бұл күні Шымкент (65), Алматы облысы (35), Жамбыл (34), Қостанай (22), Алматы (21), астанада (20) сырқаттар анықталған. Сонымен қоса, 205 адам айығып шыққан, тағы 13 адам көз жұмған.
#Жалпы ДенМин дерегіне қарағанда, емделіп жатқан 75,5 мың науқастың 14 мыңы ауруханада, 61 мыңы амбулаторлық бақылауда. 1136 науқастың жағдайы нашар, ондағы 350 адамның хәлі өте ауыр. Бұдан өзге 198 сырқат өкпені жасанды желдету аппаратымен тыныстап жатыр.
Эпидкартада «жасыл аймақтағы» Түркістан облысынан басқа ШҚО, СҚО, БҚО, Жамбыл, Қызылорда өңірлері «сары аймаққа» өткен. Басқа 11 аймақ тұтастай «қызыл аймақта» тұр.
ДенМиннің QT редакциясына берген мәліметінше, 11 наурыз бен 12 шілде аралығында ПТР тесті оң көрсеткен 1311 сынама секвенирленген (штамм түрін анықтайтын талдау). Сәйкесінше, биыл көктем-жазда геномдық зерттеу нәтижесінде елдің басым бөлігінен вирустың бразилиялық, британдық, оңтүстікафрикалық және үндістандық штамдары анықталған.
Биылғы жаз мезгілі қазақстандықтар үшін қаралы хабарға толы болды. Пандемия басталғалы 1,5 жылдың ішінде анықталған барлық аурушаңдық пен өлім жағдайының жартысы тек өткен жазда, төртінші толқында тіркелді. Үш айда бас-аяғы 420 мың адам ауырса, 6,6 мыңнан аса адам көз жұмды. Күздің алғашқы жарты айында 57 мыңнан аса науқас есепке алынған және 1,2 мыңнан артық адам қайтыс болған.
Былтыр 13 наурыздан бері COVID-19 инфекциясын жұқтырғандар қатары 848 мыңнан, 1 тамыздан былайғы коронавирус пневмониясы 73 мыңнан асқан. ДДСҰ дерекқоры мен Ұлттық статистикада Қазақстанда ауырғандар саны 921 мыңға жетті. Дегенмен Үкімет коронавирус пен оның пневмониясын екі бөлек есептейді.
Пандемия басталғалы жалпы вирус жұққандардан 18,3 мыңнан аса адам (КВИ+ / U07.1 – 10 491, КВИ- / U07.2 – 4700, ілеспе аурулардан – 3123) қайтыс болған. Алайда Қазақстан билігі бойынан коронавирус табылса да, басқа аурулардың себебінен қайтыс болды делінгендерді жалпы статистикаға енгізбейді. Бұған қарсы сарапшылардың сөзіне қарағанда, коронавирустың жанама әсерінен қайтқандардың жартысынан астамының себебі қан айналымы жүйесінің аурулары болғандықтан, оған инфекция дерт қоздырушы фактор ретінде өлімге әкеп соқтырған.
Қазақстан вирус таралуы бойынша әлемде Джонс Хопкинс университеті және ДДСҰ тізіміндегі 221 ел мен аймақтың арасында 36-орынға орнықты.
Үкіметтің соңғы дерегіне қарағанда, Қазақстанда 5,9 млн адам коронавирусқа қарсы вакцинаны толық алған, ал кемінде бірінші дозасы егілген жұрттың саны 7,1 млн-нан асады.