Редакция кейінгі бес жылдағы ресми статистикаға қол жеткізді. Сәйкесінше былтыр,  коронавирус пандемиясы тараған 2020 жылы Қазақстанда пневмонияның коронавирустан өзге түрлері, яғни халықаралық аурулар жүйесінде J12-18 кодтарымен белгіленетін типтері бойынша 392 мыңнан астам адам ауырған. Бұл 2017, 2018, 2019 жылдарды қоса есептегендегі жиынтық көрсеткішке тең. Бұдан өзге өткен жылдың 1 тамызы мен 31 желтоқсан аралығында 46 мың адамнан «КВИ-» / «коронавирус пневмониясы» анықталған. Зерттелген пневмонияның неліктен күрт көбейгені туралы мамандардың байламы ортақ.

Олар министрлік қарапайым пневмонияға шалдықты дейтін науқастардың басым бөлігі коронавирустық түрімен ауырғанын айтады.

Редакция тілдескен вирусология және молекулярлы биология саласының PhD, ғалым Әсел Мұсабекова мұның бірнеше себебін былай тарқатады.

«Былтырғы шілдедегі дерек айтарлықтай көп. Пневмонияның бұлайша өршуіне – әуелі коронавирус, екіншіден бактериалды инфекцияның асқынуы, үшіншіден жаппай ауруханаға жатқызу себеп. Пандемия өршіген жаздыгүні бактериалды инфекцияның үлесі елеусіз екендігіне қарамастан, ел арасында антибиотиктер кеңінен қолданылды. Пневмонияның қажетті деңгейі пісіп-жетілмей жатып бір емес, бірнеше антибиотикті бірдей алғандар аз болған жоқ. Әу баста қаулыдағы қателіктер қазір түзетілгенімен, елдің көбі соған жүгінді. Адамдарды жөн-орынсыз жаппай ауруханаға жатқызу да қауіпті. Денсаулық сақтау жүйесіне әдеттен тыс ауыртпалық түскендіктен, төтенше жағдайға дайындығы пысықталмаған жүйе әлсіреді, дәрігерлер созылмалы ауруы бар науқастарға дер кезінде көмек көрсете алмады. Қайтыс болғандардың көп бөлігі ресми есепте «пневмониядан» деп жазылды. Шынын айтқанда, мұның бәрі нақ пневмониядан емес, пандемия кезіндегі ұйымдастыру жұмысының дұрыс болмауынан», – дейді ол.

2016-2020 жылдары Қазақстанда пневмонияға шалдыққан науқастар саны

Нейрохирург дәрігер Мыңжылқы Бердіқожаев 392 мыңнан астам кейстің «тіркелмеген коронавирус пневмониясы есебінен артқанын» алға тартады. Тіпті «барлығын тіркелмеген коронавирус пневмониясына жатқызуға болады, статистикада негізінен саясаттың ықпалы көрінеді» дейді. Сондай-ақ, Швейцариядағы қазақ дәрігері Серік Тұрсын да пневмонияның топалаңдауына коронавирустың қатысы бар деген пікірді қуаттайды.

«Әрине, көріп отырғанымыздай басқа жылдармен салыстырғанда науқастар былтыр бірнеше есе артты. Коронавирустан басқа инфекция жоқ. Бір жағынан қарасақ, өткен жылдың көктемінде Қытай елшілігі «Қазақстанда басқа пневмония жүріп, көп адам қайтыс болып жатқанын» әлем тілдерінде жар салып еді. Содан бастап ақпарат беттерінде мұның коронавирустан екенін дәлелдеуге тырыстық. Ол тұста АҚШ президенті Трамп падемия жауапкершілігін Қытай мойнына ілуге әрекеттеніп жатқан-ды, ал көрші держава басқа жаққа тықпаламақ боп, осындай ақпарат таратты», – деген дәрігер коронавирус күшейгенін жасырмайды.

Зерттелген пневмония және коронавирус пневмониясының айырмашылығы

Әсел Мұсабек Еуропа елдеріндегі науқастардың көптеп анықталуының бір себебін ПТР тестінің сапасы мен тестілеу аясының ауқымдылығымен байланыстырады.

«Пневмония* дегеніміз әлдебір инфекцияның пайда болуы, асқынуы десек, сонымен қоса, оның түрлі себептері бар. Коронавирус жұқтырғаннан кейінгі оның салдары тікелей де, пневмония түрінде де дамитыны белгілі. ПТР теріс әрі оң шығуы мүмкін. Мұны әр ел әр қалай қарастырады. Мәселен, мен мекендейтін Францияда тек ПТР арқылы расталғаны есепке алынуда. Біріншіден, тестілеу ауқымы кең; екіншіден, сапасы жоғары. Сондықтан Қазақстанға қарағанда жұққандар қатары көп тіркеледі. ПТР тестінің сапасы елдерге байланысты әртүрлі екенін айта кеткен жөн. Эпидемия кезінде бұл бірнеше рет өзгергені есімізде. Спекуляция сияқты себептерден ПТР кейде 50%, тіпті жартысынан көбінде қате көрсетті, яғни теріс қорытындының өзі жалған болып шығады. Коронавирусты алғашқы симптомдары байқалғанға дейін жоғарғы тыныс жолдарынан анықтауға болады. Ал төменгі бөлігіне өтіп кетсе, оны табу қиындай түседі», – дейді ғалым.

Мыңжылқы Бердіқожаевтың сөзінше, әдеттегі пневмония көбіне пневмококктық инфекция, яғни бактериядан басталады. Бактериалды инфекцияны «антибиотикпен емдесе, адам бір жұманың ішінде қызуы төмендеп, жөтелі азайып, клиникалық жағынан жазып шығуға болады».

– Пневмония қарт адамдар мен қант диабетімен ауыратындарда ауыр өтуі мүмкін. Ондай жағдайда науқас ауруханада емделеді. Мұндай пневмония қан тамырының ішінде тром түзбейді. Қосымша ауру болмаса жүрекке салмақ түсіре қоймайды. Антибиотиктермен науқастың беті бері қаратуға болады, – дейді.

Ал коронавирустың пневмониясы «алғашында жедел респираторлы вирустық инфекцияның белгілері түрінде байқалады: тамағы ауырып, дене қызуы көтеріледі» дейді дәрігер. Жай пневмонияға қарағанда, жөтел кешірек басталады. 4-5 күнде ентігу қосылып, пневмония белгілері айқындала түседі.

Коронавирус пневмониясына шалдыққан 33 жастағы әйелдің төрт күнде қабынған өкпесінің КТ суреті. Қытай, Ланжоу. Фото: Radiology / rsna.org

Серік Тұрсын әріптесінің сөзін жалғайды: «жеңіл түрде жүретін коронавирус пен суық тиюдің арасында айтарлықтай айырмашылық жоқ». Екеуінде де тамағы, басы, дене бұлшық еттері ауырады, жөтеледі, қызуы көтеріледі. Бұдан бастапқы сатыда аурулардың ортақ белгілермен дамитынын көреміз».

Шамамен 85% науқаста пневмония белгілері білінбей, қалған 15%-ында орташа немесе ауыр түрде өтетінін айтқан Бердіқожаев коронавирустық ақөкпеге шалдыққан науқастың емдеу әдісі өзгеше дейді. «Ағзада тромб жиі түзіліп, қант деңгейі күрт көтерілуі мүмкін, ішімен жатқан кезде тыныстауы жеңілдейді, өкпенің бөліктері алды-артымен де зақымданады. Дексаметазон, гепарин, антикоагулянттар жақсы көмектеседі. Бұлар әдеттегі қарапайым пневмонияда берілмейді».

Еуропа тәжірибесінде жұмыс істейтін дәрігердің айтуынша, адам тамағы ауырса да ПТР тест жасату қажет. Аденовирус не басқа тұмау деп талғауға болмайды. Себебі басында бәрінің сыртқы симптоматикасы ұқсас келеді. Кейіннен дәм-иіс сезімдері әлсірейді.

– Пневмонияға айдар тақпас бұрын оның этиологиясын зерттеу керек. Бактериалды болса, антибиотиктер көмектеседі. Ал вирустық болса, онда басқа жолмен емдейді. Қазіргі сапалы ПТР тесті вирустың бар-жоғын 99% дәлдікте көрсете алады. Дегенмен Қазақстанның қай елдің үлгісін, қандай сападағасын қолданып жатқаны белгісіз. Радиологтар мен дәрігерлердің кәсіби білігінің аздығынан кейде диагноз қоюда қателіктер жіберіліп, статистика да бұрыс жасалады. ...Рентгенге қарағанда компьютерлік томографияның сипаттамасы арқылы ауруды тереңірек тануға болады. Сілекей-қақырық үлгісі алынып, бактерия не вирустың этиологиясы анықталады, – дейді Тұрсын.

Оң жақ өкпеде сына тәрізді бактериалды пневмонияның бір түрі құрғақ плеврит анықталған рентген суреті. Фото: Wikipedia

Мамандардың сөзіне қарағанда, зерттелген бактериалды пневмония дене қызуы  көтерілгенде, ал коронавирус пневмониясы қалыпты жағдайда да берілуі мүмкін. Екі түрінде де ауа тамшылары арқылы тасымалданады. Алайда ковид тудыратын пневмонияның жұғу ықтималдығы әлдеқайда жоғары. Сондай-ақ, симптомсыз пациенттер инфекция таратпайды деген қате түсінік екенін ескертеді. «Жаңадан пайда болған коронавирусқа иммун жүйесінің толеранттылығы төтеп бере алмағандықтан, әлі зерттеліп болмаған инфекия дүниежүзілік пандемияға ұласты» дейді Серік Тұрсын.

392 мыңнан астам науқастың қаншасы коронавирус пневмониясына шалдыққан?

Сарапшы мамандарға әдеттегіден 3 есеге өскен қалыпты пневмонияның қаншасы тіркелмеген коронавирус пневмониясы болуы ықтимал деген сауал қойылды. Бердіқожаев осы цифрдың 4/3 бөлігі және Көнеев 70% мөлшеріндегі 250 мыңдай жағдай коронавирус пневмониясы деп есептейді.

– Бұл сұрақ өте күрделі, нақты жауап беру қиын. Мәсәле денсаулық сақтау жүйесіне тікелей тәуелді. Менің білуімше, Қазақстанда мемлекеттік медицинаның  қаржыландырылуы төсек-орын санына тура пропорционал жүргізіледі. Осы себепті ауруханаға мұқтаж емес көптеген науқастар симптомсыз және хәлінің ауыр еместігі ескерілмеген күйде жаппай төсекке таңылды. Салдарынан көп адамның жағдайын керісінше ушықтырып алды. АҚШ, Ұлыбритания сияқты елдерде госпитализация ең соңғы кезекте қабыладанатын шешім ретінде ұғынылады, – дейді Әсел Мұсабекова үйлестіру жұмысындағы кеткен басты кемшілікті сынап.

Арнайы сараптамасыз науқастар санын нақты атау қиын екенін айтқан Серік Тұрсын өз ұсынысын білдірді. Оның пікірінше, «маусым-шілде қырғынында» қауырт жұмыс істеген кез келген диагностика орталығының жаз айларындағы КТ түсірілімдерін қайта зерделесе, радиолог көптеген қателіктерді түзетер еді. «Оны дәлелдеу үшін аурухананың бір айдағы дерегін қайта қарау қажет. Бірақ бұған билік те, аурухана басшылығы, сол кезде диагноз қойған дәрігерлер де келісе қоймайтыны анық. Бір анығы – зерттелген пневмонияның бірнеше есеге өсуі коронавирус себебінен» дейді.

2020 жылғы пневмония сальдосын коронавирус пневмониясынан деп санау керек дейтін дәрігер, медицина ғылымдарының кандидаты Қайырғали Көнеев қыркүйек айындағы Сандж ұйымының әлеуметтік зерттеуін назарға алады. Репрезентатитвті зерттеу жүргіздік деген «Сандж» зерттеу орталығы күзге дейін елдің бестен бір бөлігі не 3,7 млн адам коронавируспен ауырғанын хабарлаған. Ұйымның барлық аймақты қамтыған сауалнамасы бойынша, Қазақстан халқының 4,6%-ы, яғни 865 мыңдай адам Covid симптомдарымен, 3,8%-ы  (718 мыңдай адам) пневмония симптомдарымен, ал қалғаны симптомдары коронавирусқа ұқсас жедел респираторлық вирустық инфекция жұқтырып ауырған.

Медицина статистикасына сенімсіздік себептері

Қазақстандағы коронавирус жөніндегі ресми статистиканың ашықтығы мен шынайылығы төңірегінде дау көп. Президент Тоқаев бұған дейін былтырғы 16 қарашада және 8 қаңтарда коронавирус есебін жүргізудегі кемшіліктерді сынаған. COVID-19 пандемиясының пайда болғанына жылға жуық уақыт өтсе де денсаулық сақтау саласындағы статистика ісінің жолға қойылмау себебі жөнінде мамандардың айтары мол.

– Өкінішке қарай, бізде көптеген жылдар бойы статистикада үлкен мәселелер қордаланған. Бұл жөнінде белгілі дәрігер-ғалым Қайрат Дәулетов сұхбатында 30 жылдай өлім есебінің статистикасы жасырылып келе жатқанын айтады. Шынайы жағдай мүлдем басқаша. Егер түпнұсқа деректі жарияласа, елдің халықаралық беделіне нұқсан келуі мүмкін деген пікір бар. Өкініштісі біз бұл статистиканы шаруаға жарата алмаймыз, ешқандай анализ, қорытынды жоқ, қатені түзетуге мүмкіндік беретін мәлімет қолжетімсіз, – деп ашынады вирусолог маман Мұсабекова.

Серік Тұрсын статистиканы денсаулық сақтау саласының бағыттары (жекеменшік-мемлекеттік), дәрігерлер еңбекақысы және сервис сияқты жүйелі мәселе ретінде қарастырады.

«Тоқаевтың өзі коронавирус статистикасының жүргізілуіндегі кемшілікті көріп, мойындап отыр. Ол туралы айтты да. Бірақ мұны жүйенің мына жұмыс істесімен өзгерте қою екіталай. Өйткені бас дәрігерлер жоғарыға есеп берерде өзін қызметте жақсы көрсету мақсатында негатив көрсеткіштерді кемітіп көрсетеді. Цифрда төмендегенімен, жағдай жақсара салмайтыны белгілі. Қазақстанда тіпті 100 мың адамға шаққанда қанша адам ауырып жатқаны туралы қарапайым статистика жоқ. Мысалы, Батыс елдері 100 мың адамнан 60 адам ауырса, карантин шараларын қабылдайды», – дейді шетелде қызмет ететін дәрігер Тұрсын.

Невропатолог Қайырғали Көнеев статистиканың бұрмалануы қасақана емес, саладағы  жүйесіздіктен дейді. Дәрігердің айтуынша, шынайы жағдайды сарапшы-зерттеушілер тұрмақ министр Цойдың өзі білмейді.

– ДенМин ресми статитистика жасырып-бұрмалағанғаннан емес, шын мәнінде нақты санды ешкім білмейтіндіктен белгісіз күйде қалып отыр. Медициналық статистика толықтай құрдымға кеткен. Басқа аурулар қатарлы коронавирус есебі анық емес, бірде-бір адам білмейді. Сондықтан ресми есеп шындықтан алыс. Оны біреу әдейі жасырып жатқан жоқ, жай ғана үкімет, министрліктің өзі де білмейді, – дейді.

Осы орайда Әсел Мұсабекова Швейцариядағы дәрігер Тұрсынның жүйелі мәселе тақырыбын толықтырарда екі бірдей себепті сөз етеді. Дерек түпнұсқадан алыстау болуында саяси мүдде барын жоққа шығармайды.

– Бір мысал келтірсем, жүрек-қан тамырлары жетіспеушілігінің маманы Дәулетовтің сөзінше, дәл осы аурудың кесірінен өмірден өткендер кеміді дегенімен шындығында басқа, нақты жағдай жұмбақталып, дерек қолға тимеген соң бұл бойынша ештеңе істей алмаймыз. Іс пен есепте қабыспайтын статистиканың болғанынан болмағаны жақсы. Коронавирус та осы кейіпте. Ковид мәліметі де жалпы статистика тәрізді шашау-шашау. Мұның бір мысалын эпидахуал «қызарып» кеткен Алматы қаласы ертеңіне, бір шара өткізер тұста, қажетіне қарай бірден жасыл аймаққа өтуінен көруге болады. Тағы бір себебі – эпидемиолог мамандардың жетіспеушілігі және дәрігерлердің деректермен жұмыс істеуде, оны талдап-дайындауда базалық білімінің болмауы. Пандемия кезінде де елде эпидемология саласының ғылыми бағыты жолға қойылмады, тіпті назар да аударылмады. Түйіндей айтқанда, саяси мүдде мен статистиканы дұрыс жүргізіп-өңдейтін мамандардың жоқтығынан, – дейді ол.

Бұған 1 тамыздан бастап есептеле бастаған «коронавирустық инфекция белгілері бар пневмония» деп аталатын немесе  U07.2 кодымен белгіленетін коронавирус пневмониясының 45 939 науқасын (2020 жылғы 31 желтоқсандағы дерек – QT) қоса есептесек, былтырғы есеп 438 мыңнан астам жуықтайды.

Тоқаев үш соқса да оңалмайтын статистка немесе Цойдың сүйегіне өтпейтін сын

Былтыр 17 шілдеде Тоқаев коронавирус статистикасын біріздендіруге міндеттеген. «Ақпарат қанша жерден ащы болса да, оны қоғам білуге тиіс» деп, министрлікке статистиканы «біріздендіруді» тапсырған.

Сонда да жүйеленбеді, редакцияның ұзақ айлар бойғы талабынан кейін бірнеше түзету енгізілді. Әлі де ресми есеп ашық әрі толық емес. Артынша 16 қараша президент «бірқатар облыстарда коронавирус індетіне қатысты жаңа жағдайларды жасыру деректері анықталғанын» мәлімдеген.

Тоқаев «өтірікті шындай сөйлету аса қауіпті құбылыс екенін түсіну керек. Өйткені ол шынайы қауіптің бетін бүркемелейді. Сондай-ақ  бүкіл еліміз бойынша коронавирус індетіне қарсы жүргізіліп жатқан күрес стратегиясына зиянын тигізеді» деп ескерту жасаған. Статистиканы бұрмалау фактісіне жол берген ШҚО,

СҚО, Павлодар,  Ақмола,  Қостанай облыстарында жүздеген жағдай уақытылы тіркелмеген. Президенттің айтуынша, «аталған проблеманың денсаулық сақтау жүйесінде де созылмалы сипат алғанын мойындау керек». Ол «өтірікпен жасырылғанын» ашық айыптаса да, министрлік пен өңір әкімдері статистикадағы кемшілікті «жүйенің жетілмеуі, техникалық қателік, жүктеме ауыртпалығы мен маман тапшылығына» ысырып, «солай болып қалдыға» келтірді. Президент сынынан кейін ешбір шенеунік жауапқа тартылған жоқ. Арада екі айдай уақыт өткенде Тоқаев статистикадағы олқылыққа қайта тоқталды. Үшінші ескерту.

«Пандемия кезінде медицина статистикасына сенім мәселесі өткір көтерілді. Рейтинг жолына аянбайтын және жазадан қорқақтайтын аймақтар нақты жағдайды жасырады. Осылайша қаражат жұмсалғанына қарамастан барлық жұмысты бекер етеді. Халық тағдырына қатысты аса маңызды әрі негізді шешім қабылдарда алдымызда жұрт денсаулығының шынайы есебі болуға тиіс», – деді 26 қаңтардағы сөзінде.

Үкіметке «барлық өңірлер мен елдің жас ерекшелігі бойынша сырқаттанушылықтың нақты көрінісін беретін сенімді статистикалық зерттеуді қолға алуды тапсырған. Тұрақты түрде жаңарып отырады делінген жобаны іске асыруға бір ай мұрсат берген.

Иммунолог-дәрігерлер әдетте зерттелген пневмония қыркүйек және наурыз айларының аралығында өте сирек кездесетінін айтады. Бірақ министрліктің былтырғы есебінде «маусым-шілде қырғынына» тұспа-тұс пневмонияның коронавирустан өзге түрлері бұрын-соңды болмаған деңгейде өршігені көрсетілген. Алексей Цой бастаған басшылар тобы өткен деректерді қайта қарап, коронавирустық түрін ажыратуды артық шаруаға балайды. Президенттің қатаң ескертулеріне қарамастан, министрлік шынайы статистикаға басын ауыртқысы жоқ.

*Пневмония туралы толығырақ мына сілтемеден біле аласыз – QT

"The Qazaq Times"