Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесін есеңгіреткен биылғы пандемия тұсында қан айналымы жүйесі, тыныс алу органдары, жұқпалы аурулардан бөлек пневмония дерті алғашқы он айда 3,5 есеге өскен.  

Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиниятқызы мен Медициналық көмекті ұйымдастыру департаментінің бастығы Азамат Дүйсенов The Qazaq Times редакциясының пневмониямен ауырғандар туралы сұрау хатына жауап берді. Бір ғана қазан айында пневмония өршіген аймақтар қатарында ШҚО (3191), астана (1607), Павлодар (1390), Қостанай облысы (1328) көш бастап тұр. Сондай-ақ, коронавирус пневмониясына шалдыққандар саны ШҚО (1439), астана (844), Алматы қаласында (722) айтарлықтай көбейген.

Қауіпті аурулардың таралуы бойынша республикадағы бірінші аймақ – Шығыс Қазақстан облысы. Өңірде өткен айда 1300-дей адамнан коронавирус, 1400-ден астам адамнан коронавирус пневмониясы және 3191 адамнан пневмонияның басқа түрлері анықталған.

Былтыр пневмонияға шалдыққандарға қарағанда биыл жағдай едәуір күрделенген. 2019 жылдың маусым-тамыз аралығындағы көрсеткіш 2020 жылы жаздыгүні 10,4 есеге күрт өскен. Кейінгі екі жылдың қыркүйек айларындағы айырмашылық та – 2,6 есе. Ал өткен қазан айында тіркелген науқастар қатары әдеттегіден 5 мыңға артық. Қаңтар және қазан айларында тіркелген 357,6 мың науқастың 156 мыңнан астамы тек шілде айына тиесілі.

Бұған 1 тамыздан бастап есептеле бастаған «коронавирустық инфекция белгілері бар пневмония» деп аталатын немесе  U07.2 кодымен белгіленетін «коронавирус пневмониясына» шалдыққан 38 мыңдай (31 қазандағы жағдай бойынша – QT) науқасты қоса есептесек, жыл басынан бергі есеп 396 мыңға жуықтайды. Бұл былтырғыдан 3,8 есе көп.