Қазақстанда қазан-қараша айларында вирус жұққаны анықталған кемі 700 науқастың статисткасы бұрмаланған. Президент сынап сөйлесе де, – Үкімет мүшелері ақталып әлек.
16 қараша күні президент Тоқаев «бірқатар облыстарда коронавирус індетіне қатысты жаңа жағдайларды жасыру деректері анықталғанын» мәлімдеген. Президенттің айтуынша, статистиканы бұрмалау фактісінің ШҚО, СҚО, Павлодар, Ақмола, Қостанай облыстарында тіркелген, тіпті «аталған проблеманың біздің денсаулық сақтау жүйемізде де созылмалы сипат алғанын мойындау керек».
Бейсенбі, 26 қараша күні өңір әкімдері Павлодар облысында 59, Қостанай облысында 57 науқастың мәліметі жалпы есепке кешігіп енгізілгенін мәлімдеген. Бүгін Ақмола облысының басшысы 100 жағдай дер кезінде өңделмей, жалпы есептен тыс қалып қойғанын растады. Қарашаның 27-сі ОКҚ алаңында денсаулық сақтау министрі Алексей Цой мен басшылық өкілдері өткізген брифингте өзге екі өңірдегі деректі топшылады.
Редакция тілшісінің сұрағына жауап берген Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрайымы Есмағамбетова Айжанның берген мәліметі анық емес. Себебі Қостанай облысының баспасөз қызметі 57 жағдай жасырылғанын хабарлаған.
«Аймақтарда тексеру жүргізілді. Нәтижесінде статистикаға күмән тудыратын жағдайлар анықталды. Қостанайда 50 шақты, Павлодарда 59, СҚО-да 200, ШҚО-да 300 шақты, Ақмола облысында 100 жағдай туралы қате жіберілген», – деп мәлімдеді комитет жетекшісі Есмағамбетова.
Елде коронавирус жұққаны ПТР тесті арқылы нақтыланған 700-ден астам адамның мәліметі жалпы есепке дер кезінде кірмей қалған. Ресми жауапқа қарағанда, қазіргі таңда статистика қалпына келтірілген.
Бұған себеп – ауруханаларда науқастар артқан тұста вирус анықталғандардың мәліметін ұсыну процесі кешіктірілген. Комитет бастығы Айжан Есмағамбетованың редакцияға берген жауап хатында кадр тапшылығынан жүктеме ауырлап, дерек уақтылы өңделіп-жолданбағаны айтылады.
– Министрлікке кешігіп тіркелгенін кейінгі екі айда білдік. Өйткені министр айтқандай бізде барлық зертханаларға ортақ жүйе жоқ. Лабораториялар тек министрліктің мекемелерінде емес. Сонымен бірге, басқа да ауруханаларда, өзге министрліктерде, жеке меншікте зертханалар бар. Солардың бір ақпараттық жүйесі болмағандықтан, көптеген талдаулардың қорытындысы кеш келіп түсті. Әр жағдай жеке тексеріліп, тиісті айдың есебіне қосылды. Бірде-бір анализ статистикадан тысқары қалған жоқ, – деп түсіндірді вице-министр Ажар Ғиниятқызы өз нұсқасында.
Редакция бес бірдей облыстағы жағдайды нақтылауға бірнеше күн суыртпақтап әрең қол жеткізді. Пандемия бағдарына жауапты модератор-ведомство ДенМин мен өңір әкімдері статистикадағы кемшілікті «жүйенің жетілмеуі, техникалық қателік, жүктеме ауыртпалығы мен маман тапшылығына» ысырса, президент жауапты шенеуніктердің қатысуымен өткен жиында «өтірікті шындай етіп жасырғанын» ашық айыптаған.
Өткен дүйсенбідегі Ақорданың басындағы кезекті кеңесте Тоқаев «Бірқатар облыстарда коронавирус індетіне қатысты жаңа жағдайларды жасыру деректері анықталды. Әңгіме Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Ақмола, Қостанай және басқа да облыстар жайында болып отыр. Өтірікті шындай сөйлету аса қауіпті құбылыс екенін түсіну керек. Өйткені ол шынайы қауіптің бетін бүркемелейді. Сондай-ақ бүкіл еліміз бойынша коронавирус індетіне қарсы жүргізіліп жатқан күрес стратегиясына зиянын тигізеді» деген еді.
Бүгін әр орган өзінше ақталып әлек. Мемлекет басшысы «жасырды» десе, жауаптылардың жауабы «солай болып қалдыға» саяды. ДенМин президент айтқан «басқа да облыстардың» дерегін әлі нақтыламады. Тек бес өңірде мыңға тарта жағдай бұрмаланса, жалпы санақ қаншаға жетері белгісіз. Бұл жерде мемлекеттік статистикада жіберілген олқылыққа ешкім жауап бермейтін тәрізді. Осыған байланысты әзірге кімнің қандай жауапқа тартылғаны туралы ешқандай ресми мәлімет жарияланған жоқ.
Бұған дейін Денсаулық сақтау министрілігі күзгі-қысқы толқынға «тас-түйін», тіпті 100% пайыз дайын екенін бір емес, бірнеше рет мәлімдеген. Бірақ бүгінгі таңда тест қорытындысы дауға айналып, оны дерекқорға тіркеу механизмінде ақау туғаны белгілі болып отыр. Мұны президент «медициналық ұйымдарға жүргізілген бағалау қорытындысы олардың дайындық деңгейінің әлі де төмен екенін көрсетті» деп бағалады.
Ресми есепте пандемия басталғалы бері 171 мыңдай адамның ауырғаны көрсетілгенімен, күмәнмен қарайтындар көп. «Сандж» зерттеу орталығы Қазақстанда коронавирусқа шалдыққандардың шынайы есебін анықтау мақсатында 9 мыңнан астам респонденттен сауалнама жүргізген. Статистика методологиясының кәсіби шарттарын қанағаттандыратын зерттеу қорытындысына сәйкес, пандемия басталғалы наурыз-қыркүйек айларының аралығында халықтың 20%-ы немесе 3,8 миллион адам вирус жұқтырғаны белгілі болған. Бұл ресми есептен 37 есе көп.