Биыл күзде Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев екі бірдей қымбат монументтің лентасын қиған. Қордай қақтығысынан кейін «кризис менеджер» Сапарбаев Қазақстанның экс-президенті Н.Назарбаевтың тапсырмасымен  «Қазақ халқына мың алғыс» монументі мен пандемияны еңсермей жатып көлемі жағынан әлдеқайда үлкен «Biz Birgemiz» кешенін салғызды. Бірақ Кенесары ханның ескерткіші екі жылдан бері жүзеге аспай келеді. Алаш мұражайы туралы берген уәдесін ұмытқан әкімнің әрекетін жергілкті атқарушы билік қалай түсіндіреді? Бұл жобаларға қанша қаражат жұмсалды?

Билік «тұрмыстық жанжал» деп бағалаған Қордайдағы қазақ-дұнған қақтығысынан кейін ұлтаралық мәнде «Қазақ халқына мың алғыс» монументі бой көтеруі ым түрінде мойындау дегенге саятын сияқты. Бірақ әкімдіктің редакцияға жолданған жауап хатында басқаша тәпсірленген.

«Қазақстан халқы ассамблеясының 25 жылдығы қарсаңында ашылды. Ескерткіштің терең идеологиялық мәні бар. Монумент қиын-қыстау кезеңде түрлі этнос өкілдеріне қонақжай көңіл білдірген қазақ халқына айтылған рахметтен бөлек, елдегі ұлтаралық келісімнің нышаны іспеттес», – дейді облыс аппаратының бастығы Қанатбек Мәдібек.

Тараз қаласындағы Төле би даңғылын орналасқан нысанның биіктігі – 30 метр, артына колонна қойылған. Стелла маңындағы қабырғаға тарихи кезеңдердің көрінісі бейнеленген. Мәдібектің мәліметінше, монумент құрылысына 35 жұмысшы, 10 шақты арнайы техника қатысқан. «Жобаны жүзеге асыруға бюджеттен 83,9 млн, қосымша демеушілерден 9 млн теңге бөлінген». Жалпы жиыны 92,9 млн теңге жұмсалған. Дегенмен мемлекеттік ақпарат құралдарындағы мәліметтер бойынша, «Арбат-1» жаяу жүргіншілер аллеясында ашылған жаңа монументтің құрылысына 158 млн теңге кеткен. Құрылысты «Темір-Байлық» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі атқарған.

Жамбыл облысы әкімі аппаратының басшысы «Қазақ халқына мың алғыс» ескерткішіне 93 млн, ал ҚазАқпарат агенттігі 158 млн теңге жұмсалғанын айтады. Бір ескерткішке екі түрлі баға. Фото: ҚазАқпарат

Одан өзге, «маусым-шілде қырғынында» жүздеген тұрғыны қайтыс болған Тараз қаласында Тұңғыш Президент күні қарсаңында «коронавируспен күрескен мамандар мен еріктілерге арнап» «Біз біргеміз» монументі салынды. 14 шағын ауданында орын тепкен ескерткіш кешенінің биіктігі шамамен 33 метр болатын монумент, 9-5 метр аралығында ірілі-кіші колонналар орнатылған. Редакция салық төлеуші қазақстандықтардың қалтасынан жұмсалған миллиондаған қаражаттың есебін сұрады.

Қазақстанның екі бірдей президенті Назарбаев пен Тоқаевтың сөзі әдіптелген монументтің бюджеті қомақты. Фото: Облыс әкімдігінің баспасөз қызметі

«Монумент алдына жер шары тәріздес темір-бетонды стелла орнатылып, аумағына абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Бұдан бөлек 5000 шаршы метрге жуық аумаққа брусчатка төселді, 4500 шаршы метрге көгалдандыру жұмыстары атқарылды, сонымен қатар, 1250 ш.м құрайтын автотұрақ қарастырылып, кіші сәулеттік формалар яғни, орындықтар, пергала, жарық шамдары және т.б формалар орналасқан. Жобаға 197 млн теңге бөлінді. Оған қосымша 12 млн теңге демеушілер есебінен берілді. Ескере кететін жағдай, мақсат тек ескерткіш орнату емес. Әрине, бұл кейінгі ұрпаққа аға толқынның сіңірген еңбегін айшықтау символы болады. Сонымен қатар, бұл қала мен қала қонақтары үшін демалыс, серуен орны болып қала береді», – делінген аппарат хабарламасында.

Қазақстан тарихында мәні зор Кенесары ханның ескерткішін екі жылдан бері тұрғыза алмай келе жатқан облыс басшылығы әлі беті қайтпаған пандемияны жеңгендей болып билік партиясының лозунгі негізінде «Biz Birgemiz» ескерткіш кешенін салуға 209 млн теңге тапқан. Фото: Облыс әкімдігінің баспасөз қызметі

Коронавирус пандемиясын түпкілікті жеңбесе де, билік «күрескер жандардың қызметіне құрметіне орай» тұрғызған «Біз біргеміз» монументіне 209 млн теңге қарастырылған.

Екі бірдей ескерткішке әкімдік 301,3 млн теңге қаражат жұмсаған. ҚазАқпараттың «Еститін мемлекет» құруды көздейтін президент Тоқаев пен Үкімет пандемиядай қысылтаяң шақта қаржыны үнемдеуге үндеп келеді. Дегенмен жергілікті атқарушы билік жүздеген адамды баспанамен қамтуға болатын соммадағы қаржыны «саяси идеяны насихаттауға» бағыштауды дұрыс көреді.

Мұңға айналған Хан Кененің ескерткіші

2018 жылы Меркі ауданы Жамбыл ауылдық округіне қарасты Батыс Еуропа-Батыс Қытай Халықаралық автокөлік дәлізінің бойында халықтың қалтасынан орнатылған Кенесары ханның ескерткішін әкімдік «заңсыз» екенін айтады.

2018 жылғы 11 желтоқсандағы «Жамбыл облысындағы тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау жөніндегі комиссия» отырысында қабылданған хаттамаға сәйкес, Меркі ауданы әкімдігіне ескерткішітің құжаттарын жинақтау тапсырылған.

«2019 жылы 20 ақпан күні Меркі ауданы әкімі М.Өмірбек, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Е.Солтыбаев, қоғам белсенділері И.Дастан, Б.Уәлиханов, Облыстық тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру дирекциясының директоры Қ.Даурембеков, ҚР Суретшілер Одағының мүшелері – мүсіншілер Т.Көлжігіт пен С.Момыш және «Жошы хан ұрпақтары» қоғамдық қоры өкілдерінің қатысуымен жиын өткізіліп, ескерткіш орнату бойынша заң талаптары түсіндірілді. Кенесары ханға орнатылған ескерткіштің көркемдік деңгейі төмен екендігі айтылып, нәтежесінде жоғарыда демеушілер тарапынан мүсіншілерге Кенесары ханға арналған ескерткіштің жаңа эскиздік жобасын жасауды ұсынды.

Мүсіншілер Кенесары хан ескерткішінің екі эскиздік жобасын «Жошы хан ұрпақтары» қоғамдық қоры өкілдеріне таныстырып, мақұлданған бір эскиздік жоба демеушілердің көмегімен орнатылады», – дейді әкімдік.

Тіпті қазақ хандығының соңғы ханына арнап 2019 жылы маусым айында ауданнан 0,1 гектар жер бөлініп қойған.

Бүгінгі таңда, жаңа ескерткіштің эскиздік жобасы Мәдениет және спорт министрлігінің (2020 жылғы 28 сәуірдегі) №103 бұйрықтың 2 тараудың 4 тармағы негізінде аса көрнекті тұлғаның үлесі және тарихи оқиғаның маңыздылығын растайитын архивтік құжаттардың көшірмелері тамыз айында Монументтік өнер құрылыстарын орнату жөніндегі мемлекеттік комиссияға ұсыныс хат жолданып, комиссия қазан айында  Кенесары хан ескерткішін орнату ұсынысын қолдаған екен.  «Осыған орай, ескерткіштің жұмыс жобасы алдағы уақытта өтетін комиссияның күн тәртібіне енгізілді» дейді әкімдік.

Қоғам тарапынан мемлекеттік саясат тарихи мәні зор, билік институтының іргесін негіздеуде үлкен рөлге ие ханның бейнесін насихаттаудың орнына әлдебір пропагандаға жүздеген миллион қаржы жұмсауға бағытталмауы тиіс деген талап күшейді.

Әуелде уәде ретінде айтылған мұражайдың «ақыры»

Биыл 19 ақпанда Жамбыл өңіріне комиссия мүшесі ретінде барып, әкім болып қалып қойған  Бердібек Сапарбаев халыққа есеп берген алғашқы кездесуінде:

«...былтыр Жамбыл облысының 80 жылдығына орай ашылған нысандардың құрылысы да жалғасады, «Тектұрмас» этно-тарихи кешенінің екінші кезеңі аяқталады. Қазақ хандығы ескертішінің аумағына мұражай салынады. Сондай-ақ Алаштану орталығының құрылысы басталады», – деп сүйіншілеп уәде берген.

Бұл туралы жергілікті және республикалық БАҚ беттерінде жарияланды. Алайда 2 желтоқсан күні ОКҚ алаңына онлайн-брифингте The Qazaq Times редакциясының тілшісі қойған сауалына әкім берген уәдесін ұмытып, сөзінен айныған.

«Біріншіден, Алаш мұражайы жөнінде мен ешкімге уәде берген жоқпын. Одан кейін мен уәде берсем орындаймын!»  – деген «дағдарыс менеджері» өктем сөйлеп.

;feature=emb_title

Пандемияның алғашқы карантин кезінде тур өткізген, бюджеті миллиондаған екі бірдей алып монументке қаржы үнемдеуді ойламаған әкімдік неліктен Алаш мұражайының құрылысын артық шығынға балағаны белгісіз.

«Алаштану» орталығының құрылысын жүргізу алғашында жоспарланғанымен, кейіннен қала құрылысы кеңесінде коронавирустық пандемияның салдарынан және қаражатты үнемдеу мақсатында бұл жобаның жүзеге асырылуы кейінге қалдырылды. ...Әлемді шарпыған пандемия осындай өзгерістерді қабылдауға мәжбүрлейді деп ешкім ойламады»

Әкімдік бұған дейін Тараз қаласында «Көне-Тараз» этно-мәдени кешенінде бірнеше ғимарат салынғанын айта келе соның бірі «Ш.Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығы Алаш арыстарын ардақтау идеясын осы орталықта жүзеге асыруға мүмкіндік мол» деп, мұражайға қаржы бөлінбейтінін емеуірін арқылы білдірді.

"The Qazaq Times"