Жарылыс болған күні сол кездегі қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаевпен келген ведомтсвоның бас инспекция басқармасы басшысы Жұмабек Хасенов QT редакциясының тілшісіне әлі табылмай жатқан әскери қызметкер Бауыржан Дәуітбаевты іздестіру жалғасып жатқанын хабарлап, жұмыс барысын айтып берді.
Жарылыс кезінде оқиға орнында болған 33 жастағы Бауыржан Дәуітбаевтан он күннен бері хабар жоқ. Әскери бөлімнің өртке қарсы құтқару бөлімшесі басшысы қызметін атқарған кіші сержантты іздеуге қарулы күштер, ТЖ, әкімдік, еріктілер мен аудан тұрғындары күш біріктірген.
«Іздестіру жұмысына 55 ауыр және арнайы техника, 300-ден аса офицер мен жауынгер, 93 сапер, 10 кинолог маман мен иісшіл ит жұмылдырылған. Үш бірдей аса сезімтал ұшқышсыз басқарылатын аппарат арқылы 100 шақты шақырым аумақ бақыланып жатыр. Ата-анасы мен туыстарының сұрауымен әскери бөлімнен 10-15 шақырым радиуста тау жақта 10 атты паруль қарап жатыр. Кім біледі контузия алған соң кетіп қалды ма деген оймен тау жотасы, Рысқұлов, Меркі аудандарындағы әскери бөлімдер де іздеуде», – дейді Қорғаныс министрлігінің ресми өкілі Жұмабек Хасенов.
Оның айтуынша, жауаптылар Дәуітбаевты әскери бөлім аумағынан табыларына сенімді. Ресми болжамға қарағанда, жауынгердің сыртқа шығып, ұзай қоюы екіталай. Хасенов іздеу барынша қарқынды жүріп жатқанына сендіруге тырысып бақты.
– Таңғы сағат 7.00 мен кешкі 20.00 аралығында іздеу жұмысы үзіліссіз күнделікті жүруде. Президент пен министр тапсырмасы бойынша әрі азаматтық-қызметтік парызымызға сай, қалай болғандай да Бауыржан Дәуітбаев табуымыз қажет. Әскери бөлімде экскаватор, трактордың күшімен төбе-төбе боп үйілген топырақты көтеріп-ауыстырып жатырмыз. Жиналған су қойындысын сорып-тексерудеміз. Жоғалған азматтың туыстары қасымызда. Жергілікті халыққа мың да бір рақмет, әскери бөлім сыртында көлік, мотоцикл, аттысы бар бәрі бірігіп іздесуге атсалысып жүр, – дейді ол.
Министрлік өкілі Бауыржанды көрген болуы мүмкін деген түрлі ақпаратқа уақтылы реакция білдіріп, іздеу жұмысын кеңейтіп, дереу тексеріп жатқанын жеткізді. Сондай хабардың бірі, малшы тау шатқалынан көріпті деген мәлімет. Бұл жөнінде Хасенов «қауесет-жалған» екеніне көз жеткізгенін айтты.
«Бұл хабар шыққан бойда командирдің тәрбие жөніндегі орынбасары подполковник Руслан Жүкебаев 2 көлікпен барып қайтты. Қойшыны тауып, тілдесті. Сөйтсе малшы ішімдік ішіп, масаң күйде таратқан негізсіз сөз болып шықты. Сол маңайда аяқ киімнің ізін тексеріп көрдік. Жігіттің қызметтік аяқ киімі мен өлшеміне сәйкеспейді. Луговой ауылдық округінде де осындай ақпарат айтылды. Сондағы әскери бөлімнің мамандары барып, мән-жағдайды анықтады. Күдікті баспанасыз маскүнем адам екен. Дәуітбаевқа еш қатысы жоқ. Мұндай қауесеттер аз емес», – деді.
Сондай-ақ, әскери іздеуге қоса туыстары үміт көзін іздеп көріпкелдердің көмегіне жүгінген көрінеді. Іздеу шарасының барысын баяндауға жауапты Жұмабек Хасенов «мамандар тіпті сәуегей-көріпкелдердің айтқан жерін қазып-қарап жатыр» деді.
«Көп ақпаратты айта алмаймын. Бізде басқа да нұсқалар бар. Қайғырып отырған кезде мұның бәрін айту ауыр. Соның бірі, аумақта адам денесінің кей бөлшектері табылды, соны ДНҚ сараптамасына жолдадық. Зертхана талдауының қорытындысын тосып отырмыз», – деп сөзін толықтырды басқарма басшысы Хасенов.
Хабар-ошарсыз кеткеніне он күнге жуықтаған Бауыржан Дәуітбаевтың төрт перзенті бар және жолдасының аяғы ауыр. №28349 әскери бөлімнің маңайынан бауырын ауыл тұрғындарымен бірге іздеген Ербол Дәуітбаев және оның туыстары блок-бекеттің аузында күнде хабар тосып отыр. Олар қатты жарылыстан есін жоғалтып тау-тас арасын бассауғалап, адасып кеткен болуы мүмкін деп үміттенеді.
26 тамызда Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы әскери бөлімде болған жойқын жарылыстан 113 оқ-дәрі қоймасының тек үшеуі бүтін қалған. Тек қорғаныс нысаны ғана емес, әскери бөлімнің түбінде орналасқан Қайнар ауылы мен жақын маңайдағы өзге елді мекендерден 106 тұрғын үй, қоғамдық орын саналатын 18 ғимарат бүлінген.
Екі жылдың ішінде екінші мәрте қайталанған апаттан 15 адам қаза тапқан, жүз шақты адам түрлі деңгейде жараланған. Оқиға күні мыңдаған тұрғын босып, эвакуациялануға мәжбүр болды.