Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы әскери қоймада болған жарылыстан қатты жараланып, жансақтау бөлімінде жатқан тағы бір әскери қызметкер көз жұмды.
Бұл жөнінде 7 қыркүйекте Қорғаныс министрлігі ресми ақпарат таратты.
«7 қыркүйекте Тараз қалалық ауруханасында 26 тамызда Жамбыл облысындағы оқ-дәрілер қоймасында болған өртті сөндіру кезінде алған жарақаттарының салдарынан №28349 әскери бөлімінің әскери қызметшісі 1983 жылы туған, капитан Ерлан Рысқұлбекұлы Қырғызәлиев қайтыс болды. Ол оқ-дәрілерді сақтау бөлімінің бастығы лауазымын атқарған болатын. Қоймадағы өртті жоюға кіріскен алғашқылардың бірі болды» делінген министрлік хабарламасында.
Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы №28349 әскери бөлімінде болған жойқын жарылыстан жарақаттанған жүз шақты адамның ішінде жағдайы ең ауыр күйде қалалық ауруханаға орналастырылған. Осыған дейін бөлім бастығы капитан Ерлан Қырғызәлиевтің туыстары астана дәрігерлерінің келіп көмектесуін сұраған.
Денесін 85%-ын күйік шалған әрі апат салдарынан екіжақты пневмонияға шалдыққан әскери қызметкер екі аптаға жуық уақыт реанимацияда жатты.
38 жасында қайтқан марқұмның артында жолдасы мен төрт баласы қалды. Перзенттерінің алды 13, кенжесі 2,5 жаста. Байзақ ауданы Сарыкемер елді мекенінде тұрған. Осыған таяу Қайнар ауылының түбіндегі әскери бөлімге былтыр ғана қызметке орналасқан. Оған дейін Ақтау қаласында келісімшарт негізінде 5 жыл әскери қызметте болған. Жарылыстан кейін капитанның отбасына ешкім хабарласпаған.
Осылайша Жамбыл облысындағы жарылыстан қаза болғандар 16 адамға жетті. Қазір жоғалған тағы бір қызметкер – 33 жастағы Бауыржан Дәуітбаевты іздеу жалғасып жатыр.
26 тамызда Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы әскери бөлімде болған жойқын жарылыстан 113 оқ-дәрі қоймасының тек үшеуі бүтін қалған. Тек қорғаныс нысаны ғана емес, әскери бөлімнің түбінде орналасқан Қайнар ауылы мен жақын маңайдағы өзге елді мекендерден 106 тұрғын үй, қоғамдық орын саналатын 18 ғимарат бүлінген. Екі жылдың ішінде екінші мәрте қайталанған апаттан жүз шақты адам түрлі деңгейде жараланып, сол күні бірнеше мың тұрғын босып, эвакуациялануға мәжбүр болды.
QT редакциясы төтенше жағдайдан зардап шегіп қайтыс болғандардың отбасы мен жақындарына қайғырып көңіл айтады.