– Ғалия ханым, жалпы осы Наурыз мерекесінің шығу тегі және «наурыз» деп аталуы жайында айтып өтсеңіз. Түркі халықтарында бұл мереке тойланғандығы жайлы қандай дерек көздері бар?
– Деректерге сүйенсек, «Наурыз» деген сөз жалпы түркі халықтарының арасында қай кезеңдерден бастап кездесе бастағандығын аңғаруымызға болады. Алтын Орда дәуірінде Наурыз сұлтан, Наурызбек секілді атауларды, адам есімдерін кездестіреміз. Ал моңғол шапқыншылығы кезінде мәдениеттер арасында тоғысу болып, өзара араласып кеткен. Алғаш соғыс жағдайында кездескендіктен, бір-бірін жатырқайды, бірақ 30-40 жыл өткеннен кейін бәрібір араласып кетеді. Мысалы, Шыңғыс ханның өзінің ұрпақтары ислам дінін қабылдап, Иранға, Иракқа, Әзірбайжанға дейін барып, сол жердегі мұсылман билеушілерінің ұстанған мәдениеттің белгілі бір бөлшегін алып келген. Соның бірі – мереке. Ия, біздің өзімізде де осыған ұқсас мерекелер болған, бұл мерекелер де жалпы мән-мағынасы мен тойлану жағынан осы мерекеге ұқсас келеді. Иранда да тойланып келген және осыған ұқсас салт, мереке біздің түркі халықтарында да болған. Бірақ әр елдің салт-санасына байланысты айырмашылықтар бар. Ал елдер арасындағы шапқыншылық, алауыздықтар бәсеңсігеннен кейін, бұлардың ұқсас мереке екендіктеріне көз жеткізіп, ортақ салттарын ала отырып, тойланды деуге болады. Мерекенің атауына келетін болсақ, наурыз сөзі, тілімізге жеңіл болғандықтан енуі мүмкін. Өйткені біз «Ұлыстың ұлы күні» деп шартты түрде атап жүргенбіз, ал мерекенің атының өте ұзақ болуы - оның кең таралып, ғұмырлы болуына аса тиімді емес. Парсының «наурыз» сөзі қысқа, әрі мағынасы да ұқсас болып, сонымен қатар ай аты ретінде кең таралғандықтан, дәл осы атау халықтың санасына сіңіп қалуы мүмкін. Сөйтіп, осы атауды кейіннен ілестіріп алып кеткен болуымыз керек. Егер бұл секілді мереке бізде де болмаса, оның халық дәстүріне бірден сіңіп және осы уақытқа дейін сақталуы екіталай еді. Өз ата-бабаларымыз бен түркі халықтары арасындағы белгілі бір салт жоралғы, осы тектес мереке болған және ол уақыт өте оның атауының парсының«Наурыз» сөзінің енуімен Наурыз аталып кетті деген болжам жасап отырмыз. Жалпы, көктемнің келуі - әлемнің барлық мемлекеттерінде аталып өтетін мереке. Қандай дін, ел болмасын, барлығы үшін көктемнің келуі – жаңа өмірдің басталуы, тіршіліктің жаңаруымен байланысып, халық осы жаңаруды мереке ретінде атап өтіп отырған.
– «Әз-наурыз», «Әз жүрді» деп жатамыз. Осы жердегі «әз» тіркесінің төркіні қайдан шықты? Және оның мағыналық ерекшеліктері мен мәні қандай?
– «Әз» сөзінің төркіні - «Әзиз» деген сөзден шыққан. Ал бұл - арабтың сөзі. Хандарды, сұлтандарды атағанда «әз», «әзиз» деп жатамыз. Мысалы, «Баба түркі шашты әзиз», «Әз Тәуке хан» деген секілді. Бұл жерде «әзиз» - қасиетті, құрметті деген сөздің төркінінен шығады. Сонымен қатар, Әзиза, Әзиз деген де адам есімдері кездесіп жатады. Ал мына әз жүріп өтті дегенде, адамдардың арасында көктемнің келуі, табиғаттың жібуімен адамдар арасындағы мейірім мен жылы шырайдың нышаны ретінде келтіріледі. Яғни осы сөздің төркініне келетін болсақ, мейірім, жылылық, қасиет деген ұғымдармен ұштасып, ел арасында, табиғатта «әз жүріп өтті» деген ұғымға саяды. Ал дін бойынша, бұлардың бәрі – Құдайдың ісі, оның мейірімі, жылылығы және адамзат баласына жіберген түрлі сынақтары деп қабылдайды. Табиғаттың суық та қатал мінезімен және осындай жылы шапағатымен адамдардың бір-біріне деген қарым-қатынасы, олардың мейірім, шырайлы көңілін танып, табиғатпен ұштасқан қасиетін аңғартуға деген сынақ іспеттес.
– Бұл мерекені тойлай бастағалы бері қандай өзгерістер болды, ұмыт қалған қандай да бір дәстүрлер, салт-жоралғылар бар ма?
– Жалпы біз бұл мерекені тойлап келе жатқалы бері көптеген дүниелер өзгерді, ұмыт қалды. Бұл заманның өзгеруі, уақыттың өтуіне тікелей байланысты. Ал осы мерекенің ажырамас бөлігі бола білген, бірақ бүгінде көп ескерілмейтін дәстүр ретінде – бұлақтың көзін ашу, ақ құю секілді дәстүрлерді атай аламыз. Бұл дәстүр жайлы тарихи деректерде жүз, жүз елу жыл бұрын көптеп айтылады. Ал қазіргі таңда бұл мереке тек концерттік деңгейде, сонымен қатар есеп беру мақсатында ғана атап өтіліп, осы мерекенің нағыз құндылығы және оның мәні жойылып бара жатқандығы алаңдатады. Тіпті көпшілік наурыз көжені ежелгі рецепттен ауытқыған түрде жасап, жүгері, сәбіз секілді өзге дәм қосатын дүниелермен де жасап келеді.
– Мереке алғаш қай елде тойлана бастады?
– Бұл мерекенің шығу төркіні Иран халықтарында, зороастризм дінінен келе жатқанына қарамастан, мерекенің жалпы келбеті сақталған. Тек дастаханға ҚҰРАН КӘРІМДІ қою, және басқа да діни элементтердің енуі байқалады. Тағы ескеретін дүние – иран халықтары бұл мерекені атап өтуі әлі күнге дейін сол қалпында сақталып, Фарвардин айы келісімен 13 күн бойы бұл мерекені салт-дәстүрмен, бастысы, мерекелік көңіл күймен атап өтіп, ескі салт-сананы жандандырып, халықтың бірлігі мен бауырмалдығын нығайтып, табиғаттың жаңаруы мен жаңа өмірдің басталуын ерекше атап өтеді. Осыны ескере отырып, бұл мерекенің шынымен осы елден шыққандығын аңғаруға болады. Яғни ежелгі қалыптасқан жүйеден әлі күнге дейін ауытқымай келеді. Ал біздің елде бұл мерекенің келбеті сәл ауысқан. Оған себеп – 70 жылдай салт-дәстүрден қол үзіп қалдық және де батысқа еліктеушілік бар. Бүгінде Наурызды тек мерекелік шара ретінде қарастырып, рухани құндылығынан ауытқып бара жатқандаймыз.
– Ал мына «көрісу» салты жайында айтып өтсеңіз. Оның Наурыз мерекесіне қатысы қандай және еліміздің кей аймақтары ғана атап өтіп, көпшілік жерлерде ұмыт қалуының себебі неде?
– Көрісу мерекесі де осы көктем келуімен, қыстан аман шығып, жұртшылық бір-бірінің үйіне барып, амандығын біліп, жаңа өмірдің басталуымен құттықтап, атап өтілетін салт. Алғашында бұл Қазақстанның барлық аймағында дерлік тойланған. Ол кездері екі ауылдың арасы бірнеше жүздеген шақырым, шынымен қыс мезгілінде жақынының амадығын біле алмай, хабарсыз қалады. Көктем келісімен көрісіп, білісіп жатады. Ал бұл салттың осындай маңызына қарамастан, қазірде өзінің актуалдығын жойған. Оңтүстік, шығыс өңірлерде жұрт тығыз орналасқан және басқа да байланыс, қатынас құралдары жақсы дамығандықтан халық бір-бірінің халін, жағыдайын жүйелі түре біліп отырады. Ал батыс аймақтарда әлі күнге дейін ауыл-аймақтың арасы алыс, халық шашыраңқы орналасқандықтан, бір ауылдан екіншісіне жету үшін шынымен бірнеше сағат, тәулік кетеді, демек бұрынғы кездердегідей көрісу – бұл аймақта актуалды. Соған орай, Батыс өңірде көрісу мерекесін жақсы атап өтеді. Табиғат жағдайы, географиялық аймақ пен халықтың орналасуы – осы мерекенің негізгі факторы ретінде қарасытырса болады.
– Наурыз мерекесінің хронологиялық шеңбері қандай? Қазақ жерінде қай кезеңдерден бастап тойлануы мүмкін?
– Тарихи деректерге сүйенетін болсақ, «наурыз» деген атумен бұл мереке XIII-XIV ғасырларда Алтын Орда дәуірінен бастау алған болу керек. Бұл сол кездегі атаулар, адам есімдері және деректерге байланысты пайымдалып отыр. Осы «наурыз» деген сөзді пайдалана бастауымыз –Hаурыз мерекесін алуымызға дәлел болуы мүмкін. Ал XV-XVI ғасырларда бұл мереке кең таралып, Қазақ хандығы құрылған тұста кеңінен аталып өтіліп, салт-дәстүрімізге ене бастады деуге болады. «Наурыз мерекесі» және «наурыз айы» деген деректер де көптеп кездеседі. Осы мерекені ай аты ретінде атап кеткендігіміз де мерекенің келуімен сәйкес келеді. Ал Ресей патшалығының отаршылдық саясаты басталып, XVII ғасырлардан бастап, елімізге жақындай түскен кезеңдерден мереке жайлы дерек көздері азая түседі. Яғни отарлау саясаты мәдениетімізге де өз әсерін тигізбей қоймады. Христиандандыру, мәдени отырлау салдары айқын көрінді. Ал ХІХ ғасырда халықтың қайта оянғандығын байқаймыз. Қашанғы біреудің қарамағында, қол астында жүріп, руханиятымыздан бас тартуымыз керек дегендей. Отарлауға түскен халықта, саясатқа қарамастан, қайта жандану байқалады. Оған себеп, осы дәуірде Абай, Ыбырай, Алаш зиялылары секілді ортаның халық санасына қалыпты ықпал етіп, рухани мәдениетімізді сақтауға деген бастамаларының жемісі болып отыр. Яғни, қайта өрлеу дәуірі іспеттес. Бірақ кейін келе қайта бәсеңсіп, осы тәуелсіздік жылдарынан қайта жаңданып келеді. Осындай белгілі бір хронологиялық кезеңдерді атап өтуге болады.
– Наурыз мерекесін жылдың басы деп жатамыз, осы қағида қай күнтізбеге негізделіп жасалған?
– Ирандықтарда жаңа жылдың басталуы осы күнге сәйкес келеді. Ол күн мен түннің теңелуіне байланысты. Ерте кездерде Омар Хайямның жасап кеткен Күн күнтізбесіне сәйкес, жылдағы 6 ай – 30 күн, 6 ай – 31 күнмен аяқталатын, ең дәл Күн күнтізбесіне келтіріп жасалған. Жер орбитасы мен Күннің арасыдағы байланысты ескере отырып жасалған бұл күнтізбеге сәйкес, белгілі бір уақыт ауытқу байқалады, яғни ол 19 наурыз болуы мүмкін, немесе 21 болуы мүмкін деген секілді. Иран елдерінде бұл уақыт алдын ала хабарланып, осыған сәйкес жаңа жылды қарсы алады. Демек, Күн күнтізбесіне сәйкес жылдың басталуы – осы аралыққа сәйкес келеді.
– Қазақ жерін мекен еткен ежелгі сақтардың, басқа да тайпалардың тарихында осыған ұқсас мерекелер жайында деректер қарастырылған ба?
– Парсы деректерінде Тахти Жәмшид (грекше – Персеполис) деген, Иранның оңтүстік жағындағы парсы провинциясында орналасқан қала бар. Яғни Жәмшидтің тағы, ордасы деген мағына береді. Бұл Пальмира қаласы секілді тастан қаланған үлкен қала болған. Бірақ Александр Македонский тұсында қирайды. Б.з.д. V ғасырдан бастап салынып, б.з. ІІІ ғасырына дейінгі аралықта өмір сүргендігі жайлы деректер бар. Осынша уақытқа қарамастан әлі күнге дейін затты деректер сақталған. Құрылысы бірнеше комплекстен тұрады. Ал осы қаланың қабырғаларына осы наурыз тойына алыстан келген қонақтардың суреттері бейнеленген. Соның ішінде сақтар да бар.Яғни Азиялық және батыс скифтері. Қолдарында шапаны, артында жетектеген аты және түйіншегі бар. Ирандық жазба деректерде бұл наурыз мерекесінің тойлануы деп көрсетілген. Демек, 52 ұлт өкілі иран жұртын осындай айтулы мерекемен құттықтауға келіп, елдер арасындағы мәдени байланысты көрсеткен. Осы жерде сақтардың наурыз мерекесіне барғандығы, және жақсы қарым-қатынаста болғандығы бейнеленіп тұрған затты дерек әлі күнге сақтаулы. Сол себепті де, бұл сонау сақтардан бастап тойланып келе жатқан мереке деп айтуға толықтай негіз бар.
– Наурызға байланысты қандай жазба деректер бар?
– Наурызға байланысты «Наурызнама» деген Омар Хайямның еңбегін атап өтуге болады. Еңбек астрономия, күнтізбе, психология секілді түрлі мәселелерді қамтиды. Ол алғаш өзбек тіліне аударылып, кейіннен Исраил Сапарбай қазақ тіліне аударған болатын. Ал осы жыл мезгілін ибн-Сина медециналық тұрғыдан қарастырып, адам денсаулығы мен мінез-құлқының өзгерістерін ашып жазған. Сонымен қатар, Бирунидің жазбаларында халықтардың дәстүрі, салт-санасы тұрғысынан зерттеген еңбектерін атауға болады.
– Ғалия ханым, сұхбатқа келіп, осындай құнды деректермен бөліскеніңіз үшін алғысымды білдіремін.
Гауһар Жақыпбай
“The Qazaq Times”