АВТОР: Ол тұста сыртқы саясаттың тізгіні Мәскеудің қолында болғаны белгілі. Сонда штаты аз министрлік нендей қызмет атқарды? Жалпы функциясы қандай еді?
С. Б.: Барлық одақтас республикаларда Сыртқы істер министрліктері (СІМ) Ұлы Отан соғысы уақытында 1944 жылы құрылды. Сыртқы саясат СССР Сыртқы істер министрлігінің қолына шоғырландырылған, тікелей Мәскеуге бағынышты. Шет елдерге елші тағайындау, шетелден келетін делегациялар, оларға қандай позиция ұстану қажет деген маңызды бағыттарды орталық белгілейді. Біздің міндет Қазақстанда тұратын шетел азаматтарымен жұмыс істеу, консулдық, протокол мәселелері және елге оралған қандастарымыздың Қытайдан оралған қандастарымыздың құжаттарын алдырту, оларды жұмысқа орналастыру, үй беру және тағы басқа істерімен айналысу. Одақтың Сыртқы істер министрлігінің бөлігі ретінде Республикаға жұмыс істеуге келген, оқуға түскен, басқа да жағдайлармен жүрген шетелдіктердің шаруаларын, іс қағаздарын реттеу болды. Мәселен, бізде Испанияның азаматтық соғысынан кейін Совет Одағын паналаған испандық социалистер, поляктар көп болды, Грекиядан қуылған коммунистер Оңтүстік Қазақстан облысына орналастырылды.
СССР СІМ-нің тапсырмасы бойынша шетелдік үкімет делегацияларын қабылдайтынбыз. Мәскеуден келген шетелдіктермен ресми келіссөздер аяқталған соң, одақтас республикалардың біріне апаратын. Ондағы мақсаты – Совет Одағы құрамындағы республикалардың дамуын, экономикасы, хал-жағдайын жақсы етіп көрсету. Сөйтіп, оларды 15 республикаға жіберіп тұратын. Мен қызмет істеп жүрген тұста Совет Одағының Иранмен қатынасы жақсара бастады. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін екі мемлекеттің арасы нашарлап кеткен. Өйткені, соғыс уақытында Мәскеу Иранға күштеп қызыл әскерін кіргізді. СССР ол кезде Американың «Ленд-Лиз» бағдарламасы бойынша мол көлемде қару-жарақ, азық-түлік, киім-кешек алып тұратын. Солардың бір бөлігі Иран порты ақылы бізге тасымалданды. СССР-ге Солтүстік теңіз арқылы көп қару-жарақ, материалдар жеткізілді. Шынын айту керек, Парижді тез арада жаулап алған немістер Мәскеуді басып алса, Германия күшейіп Англия мен Америкаға бой бермейтіндігі белгілі болды. Сол үшін АҚШ бізге қыруар жәрдем көрсетті, «Ленд-Лиз» бағдарламасы арқылы әр екінші зеңбірек, әр үшінші танк, әр төртінші самолет совет әскеріне шетелден тегін келді. Яғни, соғыс кезінде АҚШ өз одақтастарына қару-жарақ, мұнай өнімдерін, киім, тіпті, тамаққа дейін беріп тұрды. Келісім бойынша қару-жарақ пайдалануға берілген, соғыс аяқтаған соң, қалғанын қайтарып беруіміз керек болатын. Дегенмен, «соғыста қирады, жоғалды» деген сылтаумен Мәскеу олардың ешқайсысын қайтарған жоқ, бізде қалып қойды.
Жоғарыда айтқанымыздай, соғыс біткен соң екі ел арасы нашар болды. Кейінгі ауқытта Совет үкіметінің Иранмен қарым-қатынасы дұрысталып, 1966 жылы қазан айында Иран шаһы Мохаммед Реза Пехлеви Мәскеуге келді. Кремль мемлекеттің оңтүстігінде орналасқан ірі мұсылман елмен жақсы қанынас орнатып, Үнді мұхитының жағалауына шығуды мақсат етті. Сол ресми сапарында Иран басшысы Қазақстанға ат басын бұрды. Қонақтарды күтіп алу, протокол мәселелерін біздің сыртқы істер министрлігі жақсы ұйымдастырды. Иран шаһы Қазқстан Компартия Орталық комитетінің бірінші секретарі Д. Қонаевпен және Қазақ ССР Министрлер Советінің председателі М. Бейсебаевпен кездесіп келіссөз жүргізді. Менің есімде, шаһ Мохаммед Реза Пехлеви сыртқы түр-тұлғасы айбарлы, аздап ағарған шаштары көрнекті әскери формасына құп жарасқан сымбатты азамат екен. Жұбайы Шахбану (ресми императрица атағын алды) Фараһ сұлу да ажарлы, көрікті әйел екен, шыққан тегі әзербайжан қызы. Екеуі де музейдегі мәрмәрдан жасалған мүсін секілді езулерінде жылу жоқ, ақсүйек екенін байқатады.
Шаһ үлкен делегациясымен Қазақстанда 3 күн болды. Жанында министрлер, мемлекеттің маңызды салалар ын басқаратын көптеген нөкерлері бар. Дәл сол кезде күздің алғашқы қары жауып, аяқ астынан ауа-райы бізді әлекке түсірген еді. Біздің миссиямыз – Иран шаһына Республика экономика жетістіктерін, қазақ халқының дәстүрін көрсетіп, көңіл-күйін тауып шығарып салу. Халықаралық қатынастағы көп мәселелер екі ел басшыларының көңіліне байланысты болатынын ескеру керек. Иран шахын разы етіп аттандырып салдық. Осылайша, Сыртқы істер министрлігінде тұңғыш рет жоғары дәрежелі қонақты қарсы алу шарасына қатыстым. Шаһпен бірге Мәскеуден келген СССР Сыртқы істер министрінің орынбасары және біздің сыртқы істер министрі Әди Шәріпов жұмысыма қанағаттанып, маған алғыс жариялады. Ең мықты елді басқарып отырған Иран шаһы Мохаммед Реза Пехлеви туралы айтып отырып біраз нәрсе ойға келеді. 1979 жылғы ислам революциясынан кейін Реза Пехлеви елін тастап, жұбайымен Египетке қашуға мәжбүр болды, шаһ қайтыс болған соң шаһбану Фараһ АҚШ-қа көшіп кетті. Өз елінен қуылған корольдер, сұлтандар, патшалар, басшы, бірінші хатшылар көп кездеседі. Өткен ғасырда бұрынғы Россия империясының тағдырын алсақ, одан Ресей Федерациясы қалды, ал 14 республикалар дербес мемлекет құрып кетті, тағынан орыс патшасы II Николай, А. Керенский, Н.С. Хрущев, Г. Янаев, М.С. Горбачев, Д. Қонаев, Э. Шеварднадзе, Ш. Рашидов, Т. Усубалиев, В. Янукович және басқалар кетті. Олар жағдайдың мұндай боларын ойламады, шексіз билікке, әскерге, мемлекеттің қауіпсіздік органдарына, шылқыған байлыққа, одақтас державалардың көмегіне сеніп жүрді. Ақыры олардың бәрі бір күнде қирайды. Дүниеде өзгермейтін нәрсе, билік жоқ, уақыт бәрін өзгертеді.
Келесі жылы жазда Республикамызға шахтың інісі ханзада Абдул Реза Пехлеви келетін болды. Ханзада келмес бұрын Мәскеу билігінен нұсқау алдық. Иран елімен жақсы қарым-қатынас Совет Одағы үшін халықаралық мағынасы зор екенін ес кертіп, оның жағдайын жасауды қатты тапсырды. Сонымен, күткен ақсүйек ханзаданы Алматы аэропортында министр Б. Бөлтіріковамен бірге қарсы алдым. Шахқа қарағанда інісінің көңілін табу қиын болды. Шах Мохаммед інісі Абдулриза таққа таласпауы үшін оны серілікке бейімдеген болуы керек. Абдул Реза атақты аңшы, жер шарындағы алты құрлықтан араламаған аймағы, атпаған аңы қалмаған нағыз жиһангез. Америка, Африка, Қытай жеріне түгел табаны тиіп, тіпті, орыстың Қиыр Шығысына дейін шарлапты. Сонымен, ханзаданың бізге келудегі мақсаты – Талдықорған облысындағы Қытаймен шекаралас тауларында тіршілік ететін бұғылардың ішінен ерекше үлкенін және Алатаудың ірі аюын атып алу. Ол кезде Талдықорған Алматы облысына қосылмаған кез. Сонымен бірге, Орал облысы даласынан ақбөкен олжалап, Каспийдің Жайық өзенінен бекіре ауламақ ойында бар екен. Иранға тиесілі Каспий теңізі жағалауында да бекіре бар, бірақ ұсақ, уылдырығы да майда болады. Ірі бекірелер біздің суларда өсіп-өнеді. Ақбөкен негізінен қазақ даласында мекендейді.
Иә, бұл ханзада мүлде келіп көрмеген Қазақстанның тау-далада, өзен-суындағы жан-жануарды қайдан біліп алған деп таңданатын шығарсыз. Бірақ ол аңшылық пен саяхатқа өмірін арнағандықтан, жер бетіндегі аң-құстардың қандай түрі бар екенін, қай мезгілде қандай мекенде болатынын бәрін біледі. Даламыздағы аю, бұғы, ақбөкен, бекіре туралы арнаулы еңбектерден оқып алған. Абдул Реза Пехлеви Алматыға Тегераннан тіке самолетпен ұшып келді. Бес адам екен. Пехлевидің жанындағы Ханлар деген досы, ол да ақсүйек, аңшы. Екеуінің қару-жарағын сайлап беретін үш көмекшісі және аспазы бар. Ол кезде, парсыша білетін маманымыз жоқ. Сондықтан, «Алматы Интуристе» істейтін Қадыр Қабдешов деген французша білетін жігітті жұмысқа тарттық. Кейін министрдің орынбасары болып тағайындалғанда, оны дипломатиялық қызметке тарттым. СССР-дің Франциядағы елшілігіне кеңесші етіп жібердім.
Сонымен, парсы бекзадасын Л.И. Брежнев Алматыға келгенде жайғасатын нөмірі бірінші мемлекеттік резиденцияға түсірдік. Аңшылардың баратын жері Талдықорған облысының Андреевка, Сарқанд аудандары. Олар келмес бұрын, Мәскеуден бізге оның ас мәзірін хабарлаған. Мұсылман қонағымыз сыртқа білдірмей коньяк ішеді екен және тоңазытқышта сақталған емес, жаңа бауыздаған тауықтың етін жейтін болып шықты. Алматыдан Талдықорғанға «қоқылдатып», клеткаға салынған бір машина тірі тауық және басқа тағамдарды апаруға тура келді. Жұмыс барысын Министрлер Советінің председателі М. Бейсебаевқа күнде мәлімдеп отырамыз. Оларды Талдықорған қаласына Д. Қонаев пен М. Бейсебаевқа арнаған үкіметтің «ИЛ-14» самолетіне отырғызып жібердік. Әрі қарай тауға вертолётпен барды. «Ағыны қатты» деп аталатын шағын өзеннің қасына бес киіз үй тігілді. Ал оларға қызмет ететін біздің адамдарға екі шақырым жерден киіз үй дайындадық.
Енді ханзада бастаған топ аңға шығады ғой. Кезіккен кіші бұғы, аюды атпай қояды. Олардың іздегені аңның ең ірі, ілуде бір кезігетін ерекше түрі. Бірақ ол уақытта малшылар әлі жайлаудан түспегендіктен, ірі аңдар адамнан ығысып таудың биік басына шығып кеткен. Содан не керек, аңшыларымыздың қанжығасы қандалатын емес. Олардың не істеп жүргенін телеграмма арқылы аудармашы Қ. Қабдешов бізге жеткізіп тұрды. Орысшаға шорқақтау ол, «Вот мы выехали, вышел солнце, было светло, вот Ханлар взял оружие, биноклем посмотрел, потом не стал стрелять, а, там медведь и маленкий его сын...», – деп жазған көркем шығарма секілді есебін жібереді. Біз оның «медвеженок» дегеннің орнына «сын медведа», – деп жазғанын оқып күлгеніміз бар. Тауға қарай атпен шығады. Қытай шекарасына жақындауға қауіпті, «шекара бұздың», – деп қытайлар вертолётті атып түсіруі де ғажап емес. Сол үшін біздің қауіпсіздік комитетінің адамдары қонақтарды шекараға жақындатпайды. Іздеген аңдардың ерекше түрі кезікпеген соң, шахтың інісі қайтатыны туралы М. Бейсебаевтың атына телеграмма жібереді. Ол қайтты деген сөз, екі ел арасында мәселе ушықты дегенге саяды. Қазақстан басшылары Мәскеуден сөгіс алады, сапарға бірге барғандар да жұмысынан кетеді. Енді не істейміз?
Мәскеудің КГБ-сы оның бөкен атуына да рұқсат бермей отырған. Себебі, ақбөкендер жүретін Арқа даласындағы Жезқазған, Ақтөбе өңірінде жер асты ракета полигондары бар. Ал Абдул Реза бөкеннің осы аумақта өрістейтінін біліп алған. Сонымен, екі оттың ортасында біз қалдық. Тіпті, бекіре аулау үшін Оралға жіберу мәселесі де қиын жағдайға айналды. Батыс жаққа барса да «Капустин Яр» секілді әскери ракета базасы бар, соларды сезіп қоя ма деп Қорғаныс министрлігі қауіптенеді. Совет үкіметі Қазақстанның көп жерлерін әскери полигон жасап тастаған ғой.
Содан Масымхан Бейсебаев министр Балжан Бөлтіріковамен бірге мені де шақырды. Үшеуміз отырып қонақтардың талабын орындау жолдарын қарастырдық. М. Бейсебаев сабырлы адам болатын, қазіргі басшылар болса түтіп жеп қояр еді. Байыппен ғана: «Не болып жатыр?» – деп сұрады. «Осылай да, осылай, жергілікті орында таудан малды түсірмеген, қонақ лайықты аң кезіктіре алмай жүр екен, ол кісі сирек кезігетін хайуанаттар түрін іздеп жүргендіктен, жағдай осылай болып жатыр», – деп ахуалды түсіндірдім. Министрлер Советінің председателі облыстық атқару комитетінің председателіне малдың бәрін күн-түн демей таудан түсіруге тапсырма берді де, не болып жатқанын анықтап, ханзадаға жолығып, жағдайды оң шешіп келуді маған жүктеді. Өйткені, Абдул Реза біздің адамдармен сөйлеспей қойған. Алматыдан бірге ілесіп барған Шәкіровтың «орган адамы» екенін біліп қалған секілді, ал басқа қызметшілермен сөйлесуді өздерін төмендету деп санайды.
Сонымен, самолетпен Талдықорғанға барып, ары қарай арнайы «МИ-1» вертолетімен тауға бет алдық. Барсам ирандықтар аң аулап кетіпті. Үкіметтің «ХОЗУ» бастығының орынбасары Карпинскийден есеп алдым. «Енді мені жұмыстан қуып жібереді», – дейді. Сөйтсем, біздің берген армян коньягін ханзада ішпейді, өзінің шарабын ішеді. Бірақ киіз үйге кіргізген коньяктің бөтелкесі жоғалып кетеді, артынан білдік, біздің коньякті көмекшілері ішіп қояды да, бөтелкесін далаға тастай салады екен. Ал Алматыға келгесін ішіліп-желінген дүниенің барлығы Карпинскийден сұралатыны белгілі. Сұрастырып көрсем, бұлардың берген коньягін Иран ақсүйегінің ішпейтін жөні бар екен. Алматыдан арнайы алып барған біздің официант шөлмектің аузын сырттан ашып, сосын киіз үйге кіргізіп дастарханға қояды. «Бұларың қалай, бөтелкенің ауызы жабық болу керек, қақпағын оның көзінше ашқан жөн және олар тамақ ішіп отырғанда қарап тұрмай, сыртқа шығып ке туге тиіссің, өйткені ақсүйектер еркін отыра алмайды», – деп оларға протоколды түсіндірдім. Жалпы қонақтарды күту, келіссөз жүргізуді менің рұқсатымсыз істемеуді ескерттім.
Кешке жақын аңшылар да келді. Қ. Қабдешевтен жағдайды сұрап білдім. «Көп жерді араладық, аң да мол кезікті, бірақ ешқайсысын атпайды, шынын айтсам қатты шаршадым», – дейді. Аңшылар көбіне атқа мініп аралағанда бұл жаяу жүреді екен. Оған да біраз бағыт беріп, қонақтарға ақыл айтып, ісіне араласпауын талап еттім. Абдул Реза ханзадамен сәлемдескен соң әңгімені жақсы хабармен бастадым. Қазақстан үкіметі оның сұрауын орындап, ақбөкеннің жайылып жүрген жерін тапқанын, енді ол үшін ақбөкен атуға апаратынын жеткіздім. Сондай-ақ, оларды арнаулы самолетпен Орал өңіріне барып, Жайық өзенінен бекіре аулауға болатыны туралы үкіметтің шешімін жеткізіп, аулаған балықтарды самолетпен Иранға алып кетуге мүмкіндік бар екенін айттым. Жаңағы сөздерімнен кейін, «осында келгелі естіген жақсы жаңалығым болды», – деп күлімсіреді. Мен оларға кешкі асты бірге ішуге ұсыныс жасадым. Официант тамақпен бірге әкелген коньякті қақпағы жабық күйі алдымызға қойды. Ханзада бұл менің ісім екенін түсіне қойды. Официантқа бөтелкені оның көзінше аштырып, бәрімізге құйдырдым. Ол менімен бірге шарапты алаңсыз ішті. Официант тамақты әкелген соң, дереу шығып кетті. Біз ханзада, Ханлар және аудармашымен бірге алдағы жоспарды белгіледік. Ертеңінде мен вертолеттің пилотына аңшыларды шекараға дейін апаруға рұқсат бердім. Сол жолы ханзада ең үлкен бұғыны және Алатаудың ең ірі аюын атып алып, өзімен бірге алып кетті. Пехлеви мырза «әлемдегі ең үлкен мүйізді бұғыны атып алған адам мен болдым», – деп масаттанды. Сөйтіп, олжасына көңілі толған ханзада Алматыдағы ресми қонақасында сырты таза ақ күміспен қапталған өзінің бөтелкесінен бәрімізге коньяк құйып берді. Ал күміс құтысын М. Бейсебаевқа сыйлап кетті. Жайық өзенінен аулап алған, ұзындығы екі метрдей үлкен бекіре балықты, өзімен бірге тірі күйінде самолетке салып алып Атыраудан Тегеранға аттанды. Алдында Иран шахы Мохаммед Реза Пехлеви де жақсы ықылас танытып кеткен еді, соңынан келген інісі де ризашылық көңілмен қоштасты. Осы қызметім үшін үкімет басшысынан алғыс алдым.
АВТОР: «Қазақтың көңілі бір атым насыбайдан қалады» деген мақал бар ғой. Егер алыстан арнайы ұшып келген Иран ханзадасының көңілі атып ала алмаған атан бұғы мен ақбөкеннен, аулай алмаған бекіреден қалса не болмақ? Көңілі қалған ханзада шах ағасына Совет Одағында Қазақстан деген елдің өзін ойдағыдай қарсы алмағанын, тіпті, сенімсіздік танытып, құр қол шығарып салғанын айтса, жағдай не болар еді? Әрине, екі елдің араларына сызат түсіп, салқын қабақ танытуы даусыз. Сол кедергіні болдырмас үшін қолынан келгеннің бәрін жасап баққан жас қызметкердің алғашқы дипломатиялық шеберлігі еді. Өскен ортасы, оқыған білімі, алған тәрбиесі отбасындағы өнегесі, шетел асып, ел көргендігі осы сыннан өтуде пайдасына жарады. Сөйлеу, жазу, әркімнің қолынан келеді, ал ақындық қабілет туа пайда болады десек, сол сияқты дипломаттар да жас күнінен айналасындағы ортамен тіл табыса білетін ерекшелікке ие. Әйтпесе, монархиялық биліктің әміршісі Иран шахы мен ханзадасының көңіл-күйін, ақсүйектік әдет-салтын айнытпай аңғаратын шығыстанушы сирек еді. Сыйлы қонағын қандай ізетпен күтудің жөнін білетін жас дипломат Сыртқы істер министрлігіндегі, жалпы жаңа дәуірдегі қазақ елінің сыртқы саясатындағы тұңғыш қадамын осылай бастаған. Айтпақшы, жас қызметкер Алматыдай әсем қаладағы алғашқы баспанасына да, Сыртқы істер министрлігінде қызмет еткен алғашқы жылы қол жеткізді. Алматыға келген шетел делегациялары қала басшылығымен де кездеседі. Араб елінен сапармен келген қонақтардың бір тобын қалалық Атқару комитетіне апарған Сайлау ол жерде әдеттегідей жақсы қызмет етіп, екі жақтың сөздерін әдемі мәнермен, мазмұнын байыта аударып берген. Сол жолы қалалық Атқару комитетінің басшысы Есен Дүйсенов оның жұмысына көңілі толды. «Бізде де арабша жетік білетін жастар бар екен ғой, бұрын ағылшын, орысшаға тәржімалап әуреге түсуші едік, міне, енді араб делегаттарымен қиындықсыз қазақша сөйлесе алатын болдық», – деп жас дипломаттың еңбегіне жоғары баға берді. Және оның отбасылық хал-ахуалына назар аударып, үйі бар-жоқтығын сұраған. Жаңа шаңырақ көтерген отбасының жалдамалы пәтерде тұратынын естіген соң, дереу өтініш жаздырып, пәтер мәселесін бірден шешіп берген. Есен Дүйсеновтің кезінде қаланың тазалығы мен мәдени ортасы, тәртібі жақсы болғаны соншалық, бүкілодақтық социалистік жарыста Алматы қаласы ЦК КПСС пен Үкіметтің Қызыл туын жеңіп алған. Өзі теміржолшы, жетімдер үйінде өсіп, өмірдің қиындығын бір кісідей тартқан қала басшысы жас азаматқа осылай жақсылық көрсеткен.
Дипломат, қоғам қайраткері Сайлау Батырша-ұлының өмірі мен қызмет жолына арналған "Тәуелсіздік жолындағы дипломатия" кітабынан.
Автор: Мұрат Алмасбекұлы
“The Qazaq Times”