Иран билігі Америка Құрама Штаттарымен 2015 жылғы ядролық келісімді қайта қалпына келтіруге жақын тұрғанын мәлімдеді. Бұл туралы Иранның ресми ақпарат агенттігі «Ислам Республикасы Ақпарат агенттігі» хабарлады.
Наурыз айында Иранмен ядролық келісімді қалпына келтіру бойынша жүріп жатқан келіссөздер тағы да жаңа кедергілерге ұшырап тоқтап қалған болатын. Осыдан бұрын Теһран келісімге қатысты жаңа ұсыныстарын ұсынғаны туралы мәліметтер тарады. Онда бір-бірін террорлық ұйым деп таныған екі елдің ресми органдарына қатысты қарама-қайшылықтарды реттеу бойынша да ұсыныстар бар.
Былайша айтқанда Теһран тарабы Дональд Трамп кезінде қабылданған Ислам революциясы Сақшылар корпусын шетелдік лаңкестік ұйым ретінде танитын шешімді өзгертуін талап етеді. Трамп тұсында тараптар бір-бірінің ресми органдарын лаңкестік топ деп танығаны бар-тын. Ал Ислам революциясы Сақшылар корпусы болса Ирандағы әскериленген күштік құрылым саналады.
Bloomberg агенттігінің хабарында Иран Сыртқы істер министрі Хуссайн Әмір-Абдоллаһиянның бұл туралы мәлімдемесі көрсетіледі. «Біз Еуроодақтың жоғары келіссөзшілері арқылы қалған мәселелер бойынша өз кеңестерімізді АҚШ тарапына жеткіздік, енді доп алаңның АҚШ жағында», - деді Иран СІМ басшысы.
2015 жылы Иран мен ядролық алты ел ортақ қол қойған келісім 2018 жылға келгенде АҚШ-тың бір тарапты шығып кетуінен кейін бұзылып, үлкен геосаяси дағдарысқа соққан болатын. Сол тұстағы АҚШ президенті Дональд Трамп ядролық келісімді жарамсыз деп таныды және келісімнен шығатынын мәлімдеді. Байден Ақ үйге келгеннен кейін Құрама Штаттар Иранмен келісімді қайта талқылауға күш салды.
Дегенмен өткен аптада ғана АҚШ ресмилері Иран ядролық келісімін қалпына келтіру және Иранға салынған санкцияларды алып тастау бойынша келіссөздердің қайта жандануынан үміттері аз екенін айтып еді.
Айта кетейік, тараптардың келіссөзі тығырыққа тірелген тұста Йеменде Иран қолдаған Хуситтер мен Сауд Арабиясы қолдаған бұрынғы билік арасындағы қақтығыс қайта жанданды. Қазір екі аптадай болды Йемендегі соғыс белсенді күйде тұр. Арасында Сауд Арабиясындағы бірқатар маңызды мұнай нысандары шабуылға ұшырады.