Бүгін Астанадағы Еуразия Ұлттық Университетінде белгілі қоғам қайраткері, дипломат Сайлау Батырша-ұлының 75 жылдық мерейтойына арналған халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Конференцияның тақырыбы – «Қазақстан Республикасының дипломатиясы: қалыптасуы, дамуы және келешегі».
Жиынның беташар сөзін бастап ашқан Еуразия Ұлттық Университетінің ректоры Ерлан Сыдықов мерейтой иесін құттықтап, дипломаттың тұлғалық және күрескерлік жолы жайлы жүрекжарды пікірімен бөлісті. Сондай-ақ, университет профессоры ретінде халықаралық қатынас мамандығында оқитын студенттерге ұстаздық етіп жүрген дипломатқа, оқу орны атынан сый-сияпаттарын табыстады. Және де дипломаттың кеудесіне университеттің екі жылда бір тағайындайтын "Күлтегін" төсбелгісін тақты. Сонымен қатар, Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың, Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахмановтың және басқа да ресми мекеме басшыларының құттықтаулары оқылды.
Конференцияға қатысушылар Қазақстан дипломатиясының түрлі кезеңдегі қызметін, мемлекеттің қалыптасуы барысындағы атқарған рөлін кең көлемде атап өтті. Конференцияға мерейтой иесін құттықтау үшін көптеген қонақтар жиналды. Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Сыртқы істер министрі болған Төлеутай Сүлейменов, дипломатияға еңбегі сіңген қызметкер Қайыр Омаров, академик Жабайқан Әбділдин, қазақтың тұңғыш ғарышкері, қоғам қайраткері Тоқтар Әубәкіров, академик Ғарифолла Есім, экс депутат, қоғам қайраткерлері Оразкүл Асанғазы, Ерасыл Әбілқасым сондай-ақ, ғалым Дихан Қамзабекұлы, Амангелді Қашқымбаев, ЮНЕСКО кафедрасының меңгерушісі Ғадылбек Шаяхметов, тағы басқа көптеген танымал тұлғалар мен Қазақстандағы шетел елшіліктерінің дипломаттары қатысып, ғылыми баяндамалар мен құттықтауларын жеткізді.
Ал, Сыртқы істер министрлігі тарапынан министрдің орныбасары Роман Василенко және министрліктегі Халықаралық ақпарат комитеті төрағасының орынбасары Асқар Абдрахманов құттықтау сөздерін арнады.
Сонымен бірге, алқалы жиынға келген қауым дипломаттың өмірі мен дипломатия жолын, тәуелсіздік кезеңіндегі күрескерлігін, қажыр-қайратын арқау еткен «Тәуелсіздік жолындағы дипломатия» атты эссе-диалог кітабының тұсаукесер рәсімі өтті. Кітаптың авторы – жазушы-журналист, "The Qazaq Times" порталының шеф редакторы Мұрат Алмасбекұлы. 7 бөлімнен тұратын еңбекте дипломаттың өмірі, қызметі суреттеле отырып, қазақ дипломатиясы тарихы, дипломатияда және тәуелсіздік жолында қызмет еткен басқа да тұлғалар сөз болады. Шығармада ұлт тағдыры, тіл, дін, шеттегі қандастар жайы да кеңінен баяндалған.
Еңбектің шығуы – дипломат Сайлау Батырша-ұлының 75 жылдық мерейтойы мен дипломатиялық қызметінің 50 жылдығына тұспа-тұс келіп отыр.
Қазақ дипломатиясында абыз ақсақалдың бірі әрі бірегейі саналатын Сайлау Батырша-ұлы әлі де ұлт мүддесі үшін қызмет етуде. Ол қазір Сыртқы істер министрінің штаттан тыс кеңесшісі және ЕҰУ-да профессор.
"The Qazaq Times"