Өткен аптада Австрияның орталық қаласы Венада өткен Иран ядролық келісімін қалпына келтіру бойынша келіссөз сәтсіз аяқталды. Бір тарапта АҚШ, Британия, Франция және Германия, енді бір тарапта Иран болып «4+1» деп аталған келіссөз уақытты текке кетіру деп бағаланып жатыр. Кейбір шетелдік сарапшылар Иран ядролық келісімінің сәтсіздігі Орта Шығыста қақтығыс қаупін күшейтеді деп санайды.
Өткен аптадағы келіссөзге дейін тараптардың өкілдері алты кезек кездескен еді. Жетінші келіссөз кездесуі туралы мәліметтерге қарағанда Иран тарабы алты реткі келіссөзде келісілген талаптардан түгелдей бас тартқан. Иран өкілі батыстық серіктер Иранды айыптап сөйлеп, деконстуктивті мәміле жасағанына ашуланған. Айталық, Иран делегациясының басшысы өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында: «Кейбір қатысушылар анығында дипломатиямен айналысудың орнына бізді қолымен нұсқап көрсететін әрекетін тастамайды», – деп жазды.
Анығында Иран ядролық келісімі 2015 жылы, сол кездегі АҚШ президенті Барак Обаманың әкімшілі жағынан алға ілгерлеуге жетіскен еді. Экономикалық санкцияларды алып тастауға мүмкіндік берген келісім Иранның ядролық бағдарламаларын дамыту бойынша пландарын тоқтаттырған. Алайда, 2016 жылы билікке келген Дональд Трамп бұл келісімді жарамсыз деп таныды және АҚШ бір тарапты келісімнен шығып, санкциялар қайта іске қосылды. Ал, демократтардың өкілі Жо Байден келісімді қайта түзуге талпынып жатыр.
Байден әкімшілігі келіссөзді қалпына келтіруге ниеттенгенімен, оның еуропалық одақтастарының өзі келісімді сол күйі қайта іске асыруға тым кеш деп санап отыр. Ағылшын, француз және неміс саясаткерлері келісім шарттарын қайта қарау керек және ұзақ процеспен жүзеге асырылады деп санайды. Себебі, АҚШ келісімнен шығып кеткеннен кейін Иран ядролық бағдарламасын алға ілгерілетті. Қазіргі Иранның ядролық қаруға қол жеткізу мүмкіндігі 2015 жылмен салыстырғанда әлде қайда көбірек.
Тегаран билігі өз талптарын ашық қойғанын, келіспеушіліктерді жою үшін қолдан келгеннің бәрін жасағанын алға тартты. Иран Батыс елдерімен келісімге келіп, экономикалық санкцияларды тоқтату үшін сәуірден бері диалогқа шыға бастады. Биыл жазда президент болып сайланған Ибрагим Раиси Батысқа қатаң мәміледегі саясаткер болғанымен, оның үкіметі диалогқа ашықтығын көрсетті. Күз айларында Тегеран ядролық келісім бойынша қайта сөйлесуге мақұл болды.
Бірақ, соған қарамастан маңызды келіссөздің жайы осындай болды. Батыс үшін Иран шарттары қатаң және көптеген мәселелер бойынша келіспеушілік позициясында тұрып алды деп саналды. Анығында, келіспеушілік тараптардың алға қойған талаптары мен мүдделерінің қайшылығынан шықты. Яғни, Иран келісімнің шарттарын (егер тараптардың бәрі жаңа келісім түзетін боласа) оны қазіргі және бұдан кейінгі АҚШ президенттері де атқаруы керек деген талап қойып отыр. АҚШ билігінің өзіндік жүйесіне қарағанда бұл талапқа келісу мүмкін емес.
Ал, Венедағы келісімнің сәтсіздігі Орта Шығыста қақтығыс, жанжалдарға жол ашады деген болжамдарға да негіз жоқ емес. Иранның ядролық қаруға қол жеткізуіне ең көп қарсы тұратын ел Израиль. Еврей мемлекеті бастан-аяқ Тегеранмен дипломатиялық жолмен сөйлесуге, әрі одан нәтиже болады дегенге сенген емес. Венедағы сәтсіз келіссөздерден кейін Израиль дербес қадамдар жасауы да бек мүмкін. Бұған дейін де Израильдің тыңшылары Иранның ядролық бағдаламаларына кедергі келтірген немесе жарылыс жасаған деген айыптары бар.
Тағы бір жағынан араб елдерінің факторында ойлауға тура келеді. Араб елдерінің көш басындағы БАӘ мен Сауд Арабиясы да Иранның ядролық қаруынан қауіптенеді. Екі елде бірдей Иранмен дұшпандық саясатты ұстанған, керісінше, соңғы уақыттарда Израильмен жақындаса түскен. Егер, Израиль аталған араб елдерінің қолдануына сүйене отырып қандай да бір шараға баратын болса, ал оған Иран тарабы жауап берсе, бұл Орта Шығыста қақтығыс басталды дегенді білдіреді.
Құрама Штаттар тарабы Венедағы сәтсіз келіссөзден кейін Иранға қарата ескерту жасады. Иранды шұғыл шаралар қабылдамаса қатаң қысымға тап болатынын ескертті. Әрі бұл АҚШ тарабынан соңғы ескерту екенін де айтқан.