Соңғы уақытта бұқаралық ақпарат құралдары беттерінде Қытайдағы қазақтардың қудаланып, қысым көріп жатқаны жайында жиі-жиі жазылып, айтылып жүр. Тіпті биыл Астанада өткен Дүниежүзі қазақтары құрылтайында да осы мәселе көтерілді. Қытай қазақтарының қысым көріп жатқандығын Германиядан келген Өмірхан Алтын елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа жеткізді. Президент бұл жайында бірінші рет естіп тұрғанын айтып, алдағы уақытта бұл мәселені шешу үшін тиісті орындарға тапсырма беретіндігінде мәлімдеген еді. Бұл әңгіменің айтылғанына да 20 күн өтті. Бірақ билік тарапынан саусағын қимылдатқан тірі жан жоқ. Барлығы үнсіз, барлығында да өлі тыныштық.
Осы уақыт аралығында Қытайда 200 қазаққа "ресми Бейжің билігін сынады"деген желеумен іздеу жарияланды. Қазақстан азаматтығын алған адамдардың құжаттары тартып алынып, олардың екі ел арасында еркін жүріп-тұруына түрлі кедергілер жасалды. Мысалға Алтай аймағында Манапхан есімді азамат Қазақстаннан Құран кәрім кітабын алып барғаны үшін Еркеш және Бекіш есімді екі ұлымен бірге "өзге дін ағымдарын насихаттады" деген айыппен 7 жылға сотталды.Тарбағатай аймағында Қытайдағы қазақтарды Қазақстанға көшуге үгіттегені үшін Асхат есімді азамат 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Ал Мори ауданының бас имамы Әкімият есімді азамат жазықсыздан-жазықсыз қамауға алынып, Қытай түрмесінде көз жұмды. Бұл әринеәбізге жеткен ақпараттың бір бөлігі ғана. Ал біз естімеген Қытайдағы қазақтарға жасалып жатқан зорлық-зомбылықтар қаншама?!
Қытайдағы қазақ қандастарымыз ай мен күннің аманында осылай бірі азаматтарынан айырылып, бірі түрмеге қамалып жатқанда Қазақстан билігінің үнсіз отыра беруінің сыры не де? Әлде күллі қазақ жұрты естіп, біліп отырған қаралы хабардан Ақорда хабарсыз ба? Жай уақытта елбасының тапсырмасын бұлжытпай орындайтын Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов бұл іске неге қол қусырып қарап отыр? Неге Қытай еліне ресми хат жолдап, мәселенің мән-жайын анықтаудың орнына жұмған ауыздарын ашпай отыр?
Өткен айда Астанада Дүниежүзі қазақтары құрылтайында елбасының айтқан сөзін былай қойғанда, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының жаңа басшылығы неге тиісті орындарға барып, сырттағы қазақтардың мүддесін қорғау керектігі жайында талап-тілектерін айтпай қауымдастық қабырғасына қамалып отыр? Әлде жаңа басшылық та алдыңғы басшы Талғат Мамашев секілді «оралмандарды ұрмаудан» басы ауырып жүрме?!. Әйтпесе адам өлімі болғанға дейін үнсіз отырған қауымдастықтың төрт қабырғаға қарап отыра беретіндей не бастарына күн туды?! Көпіріп көп айтатын Тәуелсіз Қазақстанның қақ ортасында тұрған оларға жұмыс істеуге не кедергі?! Айналып келгенде бұл мәселе шыр-пыр болып жүрген бірді-екілі қазақ тілді БАҚ өкілдерінің айналысатын дүниесі емес, тікелей Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының атқаратын міндеті екендігін айтып түсіндіретін тірі пенде бар ма сол қауымдастық ішінде?!
Егерсол тірі жандар қауымдастық ішінде бар болса, осы 20 күн ішінде тиісті адамдар өзіне міндеттелген жұмысты дұрыстап атқарған болса, онда бұл мәселе адам шығынына дейін бармас еді.
Енді кеткен кемшілікті түзетіп, орын алған олқылықтың орынын кім толтырады? Бұл әрине үлкен сұрақ. Жалпы Қазақстан мемлекеті сырттағы қазақтарды елге әкелуге, олардың мүддесін әлемнің қай түкпірінде жүрсе де қорғауға құлықты болса, онда Дүниежүзі қазақтары қауымдастығынан бастап, Сыртқы істер министрлігіне дейін бірігіп қоян-қолтық жұмыс жасауы тиіс шығар. Себебі өзге елде жүріп, жүрегі өзім деп соққан қазақтар өзімізден өзге ешкімге керек емес. Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың "Барша қазақтың тарихи отаны біреу, ол - Қазақстан" деп айтқан сөзі ақиқатқа айналмаса, оның өзіне де, тапсырмасын орындаушы топқа да үлкен сын.