Солтүстік Кореяға бағытталған санкция шешімі дүйсенбі күнгі БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінде қабылданды. Алайда, Трамп үкіметі алғашқы қатаң талабына толықтай қол жеткізе алмады. Өткен аптада Солтүстік Корея соңғы ядролық сынағын өткізген болатын. Ал, жаңа шектеу шаралары КХДР-ның ядролық және баллистикалық зымыран сынақтарына тосқауыл қоя алатын, алмайтынын кесіп айту қиын.

БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне мүше 15 елдің бір ауыздан қолдауы арқылы, Солтүстік Кореяға жаңа санкция салу шешімі жүзеге аспақ. Десе де, Солтүстік Кореяға қаратылған жазалау шараларының әуелгі нұсқасына қарағанда біршама әлсірей түскенін Қауіпсіздік кеңестегі Қытай мен Ресейдің ықпалы деп қарауға болады. Себебі, алғашқы қатаң жобаға Ресей басшысы да, Бейжің жақ та түбегейлі қарсылық білдірген еді.

Өткен аптадағы зымыран сынағына жауап ретінде, АҚШ-тың БҰҰ-дағы өкілі мұнай эмбаргосын қамтыған, халықаралық бірлескен қысым жасау жобасын Қауіпсіздік кеңеске жолдаған. Кейіннен бұл мәселеде ресейлік және қытайлық елшілермен келіссөздер жүргізіліп, бұл қатаң шектеулер біршама жеңілдетілді. Жексенбі күні кеште көптеген жабық кездесулерден кейін, Кеңеске қайта қаралған жоба бекітілді. Онда КХДР мұнай экспортының ең жоғарғы шегі белгіленді, бірақ толықтай эмбарго салу талабы шығарылып тасталды.

Жаңа санкция қаулысы әлемнің барлық елдерінен Корея портына кіретін және шығатын кемелерді тексеруді талап етеді. Бірақ Трамп үкіметінің алғашқы ұсынған жобасындағыдай, Солтүстік Корея кемелеріне қарулы күш қолдану қарастырылмаған. Барлық елдерде КХДР кемелерінің тіркеуге алынуын талап етеді. Әрі ережелер бұзылып жатқан жағдайда, айталық тіркеусіз Солтүстік Корея кемелеріне айыппұл салынуы мүмкін. Ал, Трамп үкіметі ұсынған алғашқы жобасында мұнай тасымалдаған Солтүстік Корея кемелеріне қарулы күш арқылы тосқауыл жасауға мүмкіндік беретін еді.

Сонымен берге, Қауіпсіздік кеңестің талқылауына Солтүстік Корея басшысы Ким Жоң Унның шетелдегі активтерін мұздату мәселесін қоса ұсынуды қуаттаған АҚШ өкілдерінің талабы тойтарылып тасталды. Есесіне солтүстік кореялық жұмыскерлердің өзге елде жұмыс істеуіне шектеу қойылды. Соның өзінде, Қытай және Ресей жақтың пікіріне жығыла отырып, егер қажет болған жағдайда Солтүстік Корея жұмысшыларын кіргізуге рұқсат ететін болды.

Жаңа жоба КХДР-ның тоқыма фабрика өнеркәсібін шектемейді, бірақ Солтүстік Кореяға табиғи газды экспорттауға тыйым салады. Ең маңыздысы елдің тазартылған мұнай сатылымына берілген рұқсат мөлшері жылына 200 млн баррель деп белгіленді. Бұдан артық мұнай сатып алуына тыйым салынады. АҚШ Энергетикалық ақпарат агенттігінің деректері бойынша, бұл шектеу белгілемесі Қытайдың Солтүстік Кореяға сататын мұнай мөлшерін шамамен 10% -ға азайтады екен.

Бұл Солтүстік Кореяның тамыз айынан бері екінші рет санкция соққысын қабылдауы болып саналады. АҚШ өкілі санкция жобасын ортаға салардан бұрын Солтүстік Кореяға қысым жасау турасындағы АҚШ және Қытай басшылары арасындағы телефондағы диалогтарды алға тартты. Оның сөзінде көрсетілгендей, халықаралық қоғамдастық Пиоңяң (Пхеньян) режиміне қарсы біріккен. Ол және бұл жобалар іске асырылатын болса, Солтүстік Кореяға ауыр соққы болып тиіп, оның ядролық бағдарламасы мен баллистикалық зымырандарына үлкен тосқауыл қояды екен.

Осы жерде АҚШ тарабы мен Солтүстік Корея үкіметінің пікірлері бір біріне жол бере алмай тұр. Солтүстік Корея үкіметі жариялаған мәліметте АҚШ үкіметі санкцияны қабылдатар болса онда АҚШ-қа түбегейлі қарсы тұрып, оны мүшкіл жағдайға түсіретіндерін айтты. Ал, АҚШ өкілі Қауіпсіздік кеңестің отырысында: "Солтүстік Корея табанда райынан қайтар болса, бұл санкция жобасы да тез арада қайтарып алынады", - деді.

Ал, Қауіпсіздік кеңесте Ресей мен Қытай Солтүстік Кореяға болысқан секілді. Оны бастапқы қатаң жобаның жеңілдей қалуынан да байқаймыз. Осының өзі Солтүстік Корея мәселесі шындап келгенде алыптардың тіресі, КХДР орындаушы екенін аңғартып отырса керек.

“The Qazaq Times”