Қазіргі кезде Қазақстанның қай өңіріне барсақ та басқа елден келген мигранттарды жиі кездесіреміз. Мысалы бір ғана Алматыны алып қарайық. Алтын орда базарында қырғыздар, барахолкада тәжіктер мен түріктер. Құрылыстың қақ ортасында жүрген өзбектер. Тіпті сауда жасап, үй салғанда бәрін деңгейінен асырып орындайды. Ал сол азаматтар қазақстандықтарға бәсекелес бола ала ма? Онсызда еңбек нарығында жұмыссыз қазақстандықтар көбейіп жатқанда еңбек мигранттары біздің нанымызды тартып жеп отырған жоқ па?
Статистиканы қарап көрейік. ҚР Ішкі істер министрлігінің ұсынған мәліметтеріне сүйенсек, өткен жылдың жеті айында Қазақстанға тұрақты тұру үшін 17 023 шетел азаматы келген. Олардың басым бөлігі Өзбекстаннан (6298 адам, оның 3626-сы этникалық қазақтар) қоныстанған. Ал Қытайдан 5728 адам (оның ішінде этникалық қазақтар — 5700), Ресейден 2052 адам (оның 479-ы этникалық қазақтар), Қырғызстаннан 936 (оның 66-сы этникалық қазақтар), Түркіменстаннан 363 адам (этникалық қазақтар саны — 352), Моңғолиядан 293 адам (277-сі этникалық қазақтар), Тәжікстаннан 199 (18-і этникалық қазақтар), Әзербайжаннан 195 адам, Ауғанстаннан 128 адам (102-сі — этникалық қазақтар), Грузиядан 111 адам (этникалық қазақтар жоқ) келген.
Олардың көпшілігі Маңғыстау облысында жиі орналасқан болса, Қызылорда облысында сирек және келген азаматтардың әрбір екіншісі - өзбек ұлты.
Сарапшылардың сөзінше, Қазақстанның еңбек нарығына еңбек мигранттарының күші қажет. Қазіргі уақытта Қазақстанға келген азаматтардың білім көрсеткіші — орта, яғни мектеп білімін алғандар. Олардың 77%-ы — еңбекке қабілетті.
Ал кейбір сарапшылар еңбек мигрантарының көп болуы жұмыссыздық деңгейінің өсуіне әкеп соғады дейді. Мысалы саясаттанушы Расул Жұмалы "біріншіден, мигранттар Қазақстанда жұмыссыздыққа ықпал ететінін, екіншіден олардан қаржы экономикалық пайда болмайтынын" айтады.
"Біріншіден, көрші жатқан елдердің өмір сүру деңгейі Қазақстанға қарағанда төмен.Сондықтан Қазақстан мен Ресей нарығы өзбектер мен қырғыздар үшін өте тартымды. Яғни олар келген соң заңсыз жұмыс істейді. Бұл Қазақстандағы жұмыссыздық деңгейінің өсуіне алып келеді. Екіншіден, заңсыз болғаннан кейін, олар Қазақстанда жұмыс істеп жатқан күннің өзінде қандайда бір салық мөлшерін төлемейді. Бұл көлеңкелі экономика, яғни заңсыз әрекеттер. Ал бұдан Қазақстан ешқандай қаржылық, экономикалық пайда көріп отырған жоқ", - дейді Расул Жұмалы.
Сарапшының бұл сөзіне дәлел келтіріп көрейік. 2016 жылдың басында бұрынғы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі Біржан Нұрымбетов Қазақстан бюджеті заңсыз еңбек мигранттардың есебінен шығынға ұшырап жатқанын мәлімдеген.
Оның сөзінше, жыл сайын Қазақстанда 300 мыңнан астам мигрант жұмыс істеп кетеді. Нәтижесінде Қазақстаннан жыл сайын 5-7 млрд доллар көлемінде қолма-қол ақша және банктер мен өзге төлем жүйелері арқылы 1 млрд доллардан астам қаржы сыртқа кетеді. Ал әлеуметтік тәуекелдерді жабу үшін салықтар мен өзге де аударымдар төленбейді екен.
Ал Расул Жұмалы болса "Қазақстанда заңсыз мигранттардың көбейюіне жемқорлық себеп болып отыр" деген пікір айтады.
"Ресми статистика бойынша еліміздегі мигранттардың саны аз, бірақ менің ойымша оның көрсеткіші еселеп көп. 300 мың бола ма, 400 мың бола ма оны есептеп жатқан ешкім жоқ. Басқасын былай қойғанда, еліміздің ірі қалаларындағы кәсіпорындарды, барахолка, үлкен базарларды аралап шықсақ, солардың маңында жүргендер де заңсыз мигранттар. Яғни бұған жемқорлық себеп. Шенділердің атүсті қарауы, байқамағансуы, кей кездері пара алу арқылы заңсыз мигранттар мәселелері оңай шешіледі. Ал егер көші-қон полициясы, Ішкі істер министрлігі болсын бұл іспен мардымды айналысатын болса мұны ауыздықтауға барлық мүмкіндік бар. Қолда заң, құқықтардың барлығы бар. Бірақ жауапкершілік өте төмен", - дейді ол.
Бұдан бөлек, тағы бір ескеретін мәселе еңбек шарты бойынша кез келген жерде өзіміздің азаматтарға басымдық берілу керек. Мысалы жұмыс орындары пайда болса, ол жерге сол елдің азаматтары, яғни қазақ азаматтары алыну керек. Ал сырттан келгендер біздегі жұмыс күші жетпесе, сол саладағы мамандарымыз жоқ болса ғана шетелдіктерге басымдық беріледі. Бұл әлемдік практика. Дегенмен бізде олай емес. Бақылаусыз заңсыз келіп жатқандар еңбек нарығын басып отыр. Нәтижесінде біздегі жұмыссыздар деңгейі ресми түрде 5,5%, ал бейресми тұрғыда 20-30%.
Ал Ішкі істер министрлігі болса "Халықтың көші-қоны туралы" заңнамасына ТМД елдері азаматтарының физикалық тұлғаларға жалданып жұмыс істеуге рұқсат алуын жеңілдету бойынша өзгерістер енгізілгенін" айтады. Осы себепті еңбек мигранттарын заңдастыру жұмыстары жүргізілген. Ал олар төлеген салықтан 2015 жылы мемлекет бюджетіне 1 млрд 300 млн теңге көлемінде пайда түскен.
Шын мәнінде әр елдегі әлеуметтік, экономикалық жағдайларды, жұмыссыздықты ескерер болсақ мигранттардың басқа жаққа барып жұмыс істеуден басқа шарасы жоқ. Не де болса нан тауып жеу керек. Дегенмен кейде өзгеге жанымыз ашығанмен, өз халқымыздың өзегінен тепкендей боламыз. Өзгелерді жарылқаймыз деп онсызда жұмыс таппай жүрген қазақ халқына оларды қарсы қойып алғандаймыз....