Болашақтың көліктері автоматты түрде өздігінен жүрмек. Қиялдағы мұндай көлік түрлеріне жапондар қазірдің өзінде қол жеткізді. 2005 жылы Айчи префектурасына барған ел ХХІ ғасырдағы жаңа көлік түрлеріне міну бақытына ие болды. Бұл көліктер тек көрме үшін жасалмапты, жапон қоғамына жанармай орнына ауамен жүретін немесе табиғи газды пайдаланып қозғалатын, дөңгелексіз һәм жүргізушісіз, теңіз бетімен жүйткитін автобус түрлері таңсық емес.
Сондай таңғажайып автобустар EXPO-2005 кезінде елге қызмет етті. Үш машиналы Linimo автобус-пойызына 244 жолаушы сияды, сағатына 100 шақырым жүреді. Дөңгелексіз бұл көлік рельс үстінен 6 мм биікте қозғалады екен. Көрме қонақтарын қонақүйден павильондарға осы Linimo тасыды. Жапонияда бұндай поездар ұзын қашықтыққа да пайдаланылады.
Шетелдіктерді таң тамаша қалдырған жапон көлігінің тағы бір түрі Intelligent Multimade Transit System IMTS — интеллектуалды көлік жүйесі деп аталатын серияға жататын автобус. Бұл көлік адамның көмегінсіз, яғни жүргізушісіз өздігінен жүреді. Автобустың ішіндегі 16 ұзын орындыққа 50 жолаушы отырады. EXPO-2005 кезінде IMTS жүйесіндегі үш интеллектуалды автобус қызмет көрсетті. Табиғи газбен жүретін IMTS автобустарын Жапонияның шағын қалаларынан көруге болады. Автобустың алдыңғы орындығында оператор қызметін атқарушы бір адам отырады. Ол автобусты айдамайды, автоматты түрде өзі жүретін көлік жолдан кісі немесе ит, мысық, т.б. көлденең өте қалған жағдайда көлікті тоқтату функциясын ғана атқарады.
Көрме павильондары орналасқан Нагакутэ мен Сэто аудандарының арасы 3,5 шақырым. Қос ауданның арасын жалғауға FCHV автобусы пайдаланылған. Бұл көлік оттегімен немесе батареямен қозғалады. Түзу жолмен жүргенде оттегін жұтып зымырайтын автобус төбе, жоталарға шыққанда батареясын іске қосады екен. Жалпы Жапониядағы қоғамдық көліктердің ешқайсысы сасық түтін шығармайды, іші-сырты айнадай жалтырап тұрады. Яғни, жолаушыға да, қоршаған ортаға да пайдасы болмаса, еш зияны жоқ.
Көрме өткізетін Нагакутэ ауданына көлікке отырып, бес минут жүрсеңіз, «Тойота» мұражайына тап боласыз. EXPO-2005 көрмесінің негізгі иесі саналатын Тойота корпорациясының мұражайында 1900 жылдан бергі автомобильдер қойылған. Халықаралық көрмеге өз павильонын салған компания өнімдерімен жұртшылықты кеңінен таныстырды.
Сэто аймағы ежелден қыш ыдыстарымен танымал. 1873 жылы-ақ, көгілдір фарфор бұйымдары Венада өткен халықаралық көрмеде алтын медальға ие болған. Ұлттық таным білігін қашанда биік ұстайтын жапондар EXPO көрмесіне символ етіп аңыздардан алынған орман рухы мен оның ұрпағы Моридзо, Киккороны таңдады. Синтоистік таным бойынша табиғатта әр нәрсенің өз киесі бар, орманның да Пірі болады. Сондықтан ағаш кесіп аларда орман иесі назаланбас үшін рұқсат сұрау мақсатында діни ғұрыптар атқарады. EXPO-2005 көрмесі кезінде мифтік мағынадағы орманмен байланысты қос символ шаһардың нақышына айналды.
Көрме кезінде IMTS интеллектуалды автобустарының алдына да Моридзо мен Киккоро «отырды». IMTS жүйесімен жүретін автобустардың қозғалу тәртібі басқалардан бөлек. Жолға бір мезгілде бірінен соң бірі үш автобус шығады. Төтенше жағдай бола қалса көлікті тоқтататын оператор алдыңғы автобуста ғана отырады. Артқы екеуінде жолаушылардан басқа ешкім болмайды. Жапониядағы мұндай көліктерінің билет құны 300 иен (шамамен 3 доллар). IMTS автобустары кез келген жолмен жүре бермейді, өзіне арнайы төселген трассамен қозғалады. IMTS -тың жолымен басқа көлік түрлерінің жүруіне тиым салынған.
Жалпы Жапонияда көліктердің барлығы біртіндеп жүргізушісіз жүйеге көшірілуде. Шинкансэн мен ұшақтардың экипажы жүргізушілік емес, операторлық функция атқарады. Метро мен монорельсті көліктер толығымен атвоматты түрде жұмыс істеуге бейімделуде. Жапон мамандарының пікірінше, халқы тығыз орналасқан шаһардың бір бағытта сағатына 5 мың жолаушы жүретін жолдарында автоматты IMTS көліктері өте ұтымды көрінеді. Ал кәдуілгі автобустар сағатына 2,5 мың адам жүретін жолдарға ғана жарайды. IMTS автобустары алғаш рет 2001 жылы Осака маңында жүре бастады. EXPO көрмесі үшін «Тойота» зауытының инженерлері бұл автобустардың құрылымына біраз өзгерістер енгізген. Жолаушылар айналаны көріп отыру үшін әйнегі ұлғайтылып, жеп-жеңіл корпусы пластикпен қапталған. Автобустың төбесіне сығылған газ толтырылған баллон орнатылған, бұл қозғалтқыштың жұмысы үшін керек. EXPO-2005 жұмысына осындай 13 автобус қамтылды.
Шарафат Жылқыбаева, жапонтанушы