Муза
Алаш Арыстарының Шешесіндей
Семейдің
мұң аңқыған көшесінде,
Қарама-қарсы ана беттен,
Бір Арудың тостағандай көзін көрдім, жүрегіме қарап өткен!..
Сол-ақ екен,
Бір тылсым қуаттан теңселе кеткендегім...
Көктемге сүйсініп, бүршіктерінен өпкендегім;
Ит тірліктің жетегінен тартына тұра қалып,
Туған Елімнің көне әндеріне жылағаным;
Жан Жарымды бауырыма басып езілгенім;
Немеремнің күлкісі ішінде сәтке көз ілгенім;
Қара Өлеңнен қағаз тірілерде, қаламыма ғана сүйенгенім,
(сонда, Санама сыбырлаған Жұпар Ием менің...);
періштелердің де сезініп иісін керім,
Дүниенің музыкалы тынысын да түйсінгенім;
Мың сан Ойыма кәдімгідей көріне - қиялдағым мен армандағым,
Өмірдің мәнісін ұғына, әп-сәтте нұрлана қалғандағым!...
Бәрі-бәрі (Шілтендер тілегі ме?!..)
Асыққандай мейірімді жын еліне:
бір-ақ рет төңкеріле қараған жүрегіме
әлгі Арудың
жанарында кете барды дөңгеленіп!...
Мендегісі – көзі жәудірей, бәріне көнген ерік...
"Жанымыз - Күннен келген Нұрдан"
(Шаһкерім әулие)
Уай, өлмейтін Ақиқат, өлсең, мейлің.
Аз күн тірлік – ас ішер керсендей кіл.
Күн Нұрынан жаралған пенделерді
бүгін-ертең
Күн Нұрындай болар деп мен сенбеймін.
Өзім де нақақ қаннан жаралы семсердеймін.
Сондықтан, кемсеңдеймін.
Бірақ, сол кемсеңімнен де
Бұ Жалғанға бір жақсылық жаратып берсем деймін...
Көк Тәңірі
Шамасы,
өң мен түстің арасы,
таң-ғажайып қош Нұр бір сәт жарқ-қ еткен!..
"Мәңгі ұмытпаймын!" – деп ант еткем!
Сонда Оның ғаламат... зор екендігін де,
Күннің көлеңкесінің бар екендігін де... көргем!..
Әр жебесі Жан алып-Жан салатын, о Құдіретті Мерген!..
Кәлла атаулы - жарты мақсат, жарты мұң...
Кәлла атаулы - жарты мақсат, жарты мұң...
Толық болу бұйырар ма... шарты - мың.
Төрт-ақ Кітап... храмдардың көніне
құйып жатыр құлшылықтың алтынын.
Бесінші зат – Басты Сопы мүсіні.
Көкте де емес, Жерде де емес пішіні.
Ұйықтау үшін ішіп қойған тәрізді,
меңдуана уына езіп кісіні.
Ал, ақырғы коммуналық Кітаптан
құлдар кеше құдайсыздық тұтатқан.
"Соның бәрі - бекер!" - дейді үн-түнсіз
Көкек айы, тіл шығарып бұтақтан.
Фольклорлар – дінге айналған аңыздар...
Аңыздан да ұшып кеткен нағыз дән.
Дәстүріңе шайнаңдаған жас ұрпақ
жын-сілекей жұтынады сағыздан!
Мониторлар
түу батыстан-іңірден,
Америка аспанынан,
Сібірден
азғын сәуле аулап жатса күні-түн –
"аспантекті кітаптардан" түңілген!
Нейтрон мен протондар көш-түмен,
көсемде де көтен барын естіген.
Бірақ, Жанның сырын ашқан ешкім жоқ,
идея көп - пәлен және пәштүген.
Электрон - үйдегі төрт қабырғаң.
Адреналин айқайлайды тамырдан.
Барша сауда қақпалары ашылып,
барша кітап мұқабасы жабылған!
Шөп сыбдырын,
сәбилердің былдырын
өңдейді енді кибернеттік мың бір үн.
Ал, таяуда қырғын-Сауда қызбақшы,
ДНК-ны тыңдау керек күн бұрын:
– Жас жұлында жалтылдайды ырық-күш!
Шайтанға да таныс емес ғұрыппыз!
Жұлдыз санап қиялданған бәріңді жайратамыз,
ақша санап жүріп біз! –
Айтқаны айдай келмесе неғылсын?!..
Ырым
Өлең болып өрілген ырымдар-ай!..
Ырымдармен бірге өлген ғылым талай.
Қыздарымыздың адыра қалды бұрымдары-ай,
Ұмай Ененің байрағындай-тын бұрындары-ай!
Күн нұры да өрілген!
Ақылды Аспан!..
Өрім-өрім көк өрім - өмір-дастан!
Қыздарымыз кімдермен мақұлдасқан?
Жалп-жалп еткен сайтанның жалауындай
қаралықатыншаштар!..
Аспанда да біреулер жылай ма екен?!..
Әулие-бұлт толғанып, сақалы аппақ...
Қар жауып тұр жарықтық, жапалақтап.
Періштенің мөріндей сиқырлы арман:
жапалақ қар...жұмбақ сыр, шифрланған!
Өрнегінің құпиясын оқымақ ем...
Әй, неткен ақымақ ем,
қондырғаным қолыма айып болды:
айналды да тамшыға... ғайып болды!..
Естіп қалдым бірақта:
"Сөз тыңдашы,
Бақ пен Сордан жаралған көздің жасы.."
Аспанда да біреулер жылай ма екен?!..
Осылайша олар да сұрай ма екен?!..
Қайран жан іші...
Дүние десе - дегелек
мына біздің
сәби нұрындай ерен шалқуға тиіс Жанымызға не керек?
Қиналғанда –
өзге қасиетті сөздерден де өзгерек
бір ауыз жұпар Сөз керек.
Көз керек – адамдығын үн-түнсіз көркем шыңғырар,
бір жарқ етсе, жылап жіберетін мұңлылар.
Мына Өмір –
сол екеуін
бір-бірімізден аяғандағы сараңдығымыздың жарысы.
Еһһ!...
Сәби нұрындай ерен шалқуға тиіс - қайран Жан іші!...
Көктем деміне шалықтаған бірер қызғылт сөз...
"Алабұртпа – Құдайдың бұл ғасыры.
Бүр аңқияр, еліртпе нұрға асылып.
Сен де аңқия көресің –
көктемдегі
көлбең қаққан ақсайтан-ұрғашыны!
Түйсігіңді желпінтіп қаз қанаты,
көкшілдене – самал жел – маздар әтір.
Ал, ақсайтан – ұрғашыны көрген көздің
көркем құрт бар – ішінде - қозданатын!
Құрымасын сол бір құрт... құрысын-ай!..
Бір ұрғашы – біртұтас ұлыс-ұмай!
Мыңсандаған, шіркін-оу, көз бен безді
мықынына бөктерген жүрісін-ай!..
Дәтін тосып сұқтарға қара құрым,
Жымияды қулана, ол ақырын.
Көзін саған ауната бір төңкерсе,
ақтарылып қалар-ау бар ақылың!
Көңілауған, әйбәй-әй, көңілауған!...
Көкжиекке көксағым-өмір ауған?...
Жұмақ иісі ұра ма кеңсірігіңе
алмалана жайқалған омыраудан?!..
Әй, ақсайтан-ұрғашы-ай!..
Алмасынан тағы да жегізбек-ау!
Аһ ұрғыза, "Әттең-айй!..." дегізбек-ау!..."
Депрессия?
Көктемім-ау, мен сендік Нұрға сенем!..
Бұйра-бұйра жусан-шаш Қырға - сәлем!
Құйрық жүнін құлпыртқан құрға - сәлем!..
Қала қарап отырмын балконымда.
Қала деген немене?
Ұрғашы Әлем!
Ауа қалса оныңа ықыласым,
Ой-санамның айнасы шытынасын!
Көрмейсің бе, Көктем-ау,
көргенсіздеу
көше жатыр саудаға бұтын ашып.
Жан қозданып азанда, кешқұрым - қан,
армандауға аңғалдар босқа ұрынған.
Құйрық-жалы жалпылдап көзге ұрардай
айғыр-қыздар жүр, әне, осқырынған.
Әй, садаға кеткірлер қос бұрымнан!..
Құмар тілі – дыбыссыз... Ол – ғайып тіл!..
Қане, Көктем, дұрыстап байқайық бір:
қатын Қоғам қоздырған олигархия
мүшесі ме – бір сабаз қайқайып тұр!
Тыңдап алып түнімен Ай құсасын,
таңғы арайға нан үшін байғұс асық.
Ақша мүңкіп біреулер өтіп жатыр.
Өтіп жатыр біреулер қайғы сасып.
Қайда - шіркін күлкіге бөленген ел?
Көкейіңе қалайша өлең келер?
Әлденеден түңіле,
әлдеқайда
жөңкілген жұрт!..
Жұрт емес, – көлеңкелер!
Бір-біріне – барлығы – күнәлі адам?!
Бір-біріне – барлығы – шүбәлі адам?!...
Экраннан шүлдірлеп орыс-қожа,
араб-құдай сарнайды мұнарадан...
Көктемім-ау, Жан - қуат, дене - тырбың.
Ал, мен – "Қазақ" аталмыш көне Тілмін.
Өліп кеткен Көңілімді
қош нұрыңа
жуындырып, жерлейін деп отырмын...
Түсінбестер Көктемнен не біледі
Көмкерердей Жұмақпен ғұмыр шетін,
Мына Көктем о неткен туыс еді!..
Туған Жерін сағынтып жеткен үйрек
Көңілімнің де көлінен су ішеді!
Ал, тау басы ән салып арша бұла,
Пысқырмаған ешкімнің мансабына.
Әр тал шөп те көз ашып топырақтан,
Жармасады әр нұрдың саусағына!
Түсінбестер Көктемнен не біледі,
Түйсігімнің маралы мөңіреді!..
Ермен биін билеген Қыз-Самалдың
Етегінен көбелек төгіледі!
Енді мен де құр қарап тұра алмаспын,
Жартаспен де жап-жасыл мұң алмастым.
Қош Өлең боп аузымнан бұрқырайды,
Сұлулыққа арбалған жын-албастым!
Жаңа туған төл иісі-ай!... шала маспын.
Өз-өзімнен қызғанып, ала қаштым!
Жапырақтары жарыса былдырлайды,
тамырларын сүт кернеп кәрі Ағаштың!
Ойнамасақ, қобыздың өзі-ақ ойнар!...
Бүр шашады мыйымда ғажап Ойлар!
Өмір аңқып тұрғаны-ай моланың да,
Бұлт ішінде жайқалып нажағайлар!..
Өкінем
Ана сүтінікіндей жұпары сәбилерді де жұбатқан,
Мейірімі - көлеңкедегі қарашұбар мұзды да жылатқан,
Өлең болып та оқылатын құрақтан
Көктемгі Күн шуағы болмағаныма өкінем.
Пенделік мүңкір иісті мөлдірімен-ақ жасыратын,
Жақсы сөзге де бір сәтте мыңдаған шақырым айқара ашылатын,
Қиялға да сәт сайын жасампаз қуат болып қосылатын
Ауа болмағаныма өкінем.
Айдалада бозалаңдаған ақбөкендік жүз мың сүйек сынды,
Немесе,
Еңірек күй кіндігінде дір-дір еткен тиек сынды,
Ай бойына тоқталмас күйек сынды – ерекше мекірең...
Әйтеуір, ел-жұртты бей-жай қалдырмас
сондай Ақ Жауын болмағаныма да өкінем.
"Өмір!" деген сөз оқылар кез келген тасының да демінен,
Қара Жер де – көкіл-өң.
Сол жарықтықтың
Өліктен де гүл өсіретін
Топырағы болмағаныма да өкінем.
О Тәңірім,
Көңілім тұрған жоқ көншігелі.
Сан жеткісіз құрттар бар өршімелі.
Пендешіліктен биік қыла көрші мені!
Өкінбес ем.
Әбіш Кекілбаймен қоштасу
Уай, Қамбар-Жұрт, Қамбар-Жұрт,
күрсінісі – қызыл нажағай жайқалтқан,
сүйсінісі – көк тасқа жасыл бітірген
аспантекті Көк Ұлдай, алпаң да балпаң көрініп,
әділеттің жолында
Алаш үшін арпалысты күн кешкен;
қаламынан түн қашып,
қабағынан дұшпан бұғынып,
Қара Сөзіне қараша ілескен;
маңдайы да аламанға
пейіш аңқыған,
көз жауы да
көкірегімізге егілген
Абыз өтті Дүниеден!
Абыз өтті Дүниеден,
әулиелік пішінмен!
Қасқыр да түлкі бұ заман
қадірін кімнің түсінген!
Бақи мен фәни арасы буырқанған бұлттарыңды жосылтып,
Ұлы Дала, Сен де енді дұға еткейсің ішіңнен!
Уа, Ұмай да Ұмай, Ұмай-Жұрт,
Ұмай да Ұмай, Ұмай-Жұрт,
дау қашырар қара байрақ еңкейтіп,
жау қашырар бөрілі байрақ шалқайтып,
Саған да көңіл айтамыз:
Наурыздағы буаз Нұрдай ышқынып,
енді осындай
Ұл таба алар ма екенсің?!