Бұл ғасыр мендей ақын тумасына,

Алпыстан аса бере көзім жетті...

– Жәркен Бөдеш

 

БАҚСЫ

 

Діннен безген азғынды,

Дуалап ісін оң қылған.

Шошынып ұшқан қаз-қуды,

Көліне қайта қондырған.

Мал бітпеген пақырға,

Мал бітіріп, дос еткен,

Тұмса қысыр қатынға,

Тоғыз құрсақ көтерткен.

Жаумай тұрған бұлтыңды,

Ағыл-тегіл сел еткен.

Жұт жайлаған жұртыңды,

Көкорай шалғын, көл еткен.

Жалын бүріккен,

Шоқ шайнап,

Арғы атамыз бақсы екен.

Өр рухы отша ойнап,

Мені іздеп тапса екен

 

Басы жоқ бөрік

 

Айныған Арал толмаса,

Аққуы келіп қонбайды.

Айнала қорған болмаса-

Айдала пана болмайды.

 

Басы кеткен бөрікті,

Түбек етпей не етеді.

Елеусіз қалған елікті,

Бөрілер ермек етеді.

 

 

Сары қымызың сарқылса...

 

Сары қымызың сарқылса,

Сары жайлауың қуарар.

Сары майың таусылса-

Буыныңды сары су алар.

Аласарса биігің-

Тауық түнеп, саңғырар.

Ауса бөкен, киігің,-

Қара көзің қан жылар.

шешегіңді қар басса,-

көбелегің қалтырар.

Шешен тілің алжасса-

Санаң судай сарқылар.

 

 

Жайлауда

 

Малшы ауылдың шетінде,

Бір әжей тұр жол қарап.

Ақ бетеге бетінде,

Бөдене жүр жорғалап.

Көз алдында- қыр, дала,

Көңілінде-жас үміт,

Ауылына бір бала,

Келе жатыр асығып.

Қулық бие қутыңдап,

Сәуірікке жанайды.

Сақау теке тың-тыңдап,

Сақалын жел тарайды.

Тоқжал айғыр шыбындап,

Көлге үйірін айдайды.

Ақ қайнарлар шымырлап,

Күн көзінде қайнайды.

Ескі хаттай оқылған,

Еске түсті қайдағым.

Ақ қайнардай шымырлап,

Мен де бүлк-бүлк қайнадым.

 

 

Көгілдір көзілдірік

 

Өтті уақыт сезілмей,

Қоштасарда қимадың.

Көріп жүр деп көзімдей,

Көзілдірік сыйладың.

Көзіме оны кигелі ,

Кетсем керек жасарып.

Көп-көгілдір дүниені,

Көргендеймін ап-анық.

Алматының әр айы,

Болып кетті көңілді.

Қарттардың да ақ самайы,

Көгілдір болып көрінді.

Көрінді ылғи көзіме,

Көгілдір ну, қалың бақ,

Қара тастың өзі де,

Көгергендей тамырлап...

Көктем кернеп көңілді,

Тулады өзен арнада.

Көгілдір болып көрінді,

Қап-қара құс қарғада.

Өтті уақыт сезілмей,

Қоштасарда қимадың.

Көріп жүр деп көзімдей,

Көзілдірік сыйладың.

Қалап еді жақында,

Досыма оны қимадым.

Ақылды ару ақынға,

Көгілдір түс сыйладың.

Көгілдір түс-көк өрім,

Сыйладың жас шағыңды.

Салқын тартқан көне едің,

Қыздырдың ғой қанымды.

Жандырдың ғой жанымды.

 

 

Қыз мұңы

 

Басылмаған сонысы,

Абыржыды қыз қатты.

Етіктің тар қонышы,

Тоқ балтырын сыздатты.

 

Етікшіге ерте кеп,

Кеңейтті тар қонышын.

Тым ебдейсіз еркелеп,

Созды асығыс қол ұшын...

 

Қайта айналып қонды күз,

Бұлтқа кірді ай жүдеп.

Балаусадай солды қыз,

Жас жүрегін қайғы жеп.

 

Мысқа айналып алтыны,

Жылады ару солқылдып.

Семіп қалған балтыры,

Кең қонышта қолпылдап...

 

Етікшіге тағы кеп,

Кең қонышты тарылтты.

Баяғыдай бабы жоқ,

Қам көңіл боп қамықты.

 

 

Күз. Алма. Әжей

 

Алма ағаштың денесі ысып-суып,

Домалайды алмасы түсіп суыт.

Домалаған аламаны Жер шарындай,

Бара жатыр бір тарғыл мысық қуып.

 

Күзде санап шөжесін басқарма жүр,

Өнім жиған қағады жастар дабыл.

Күн шуақтап отырған кәрі әжеміз,

Мысыққа бір қарайды,

Аспанға бір.

 

Тау басына сұр бұлт көшін бұрып,

Суық бұршақ жауады төсіңді ұрып.

Көк теректің болымсыз далдасында,

Ақ қайыңды жел жатыр шешіндіріп.

 

Теректің де кеткендей салы суға,

Мезгіл шіркін осылай ауысуда.

Сағыныштың еседі тәтті әуені,

Тыраулаған тырнаның дауысында.

 

Мұсылман торғай

 

Паналады мешітті торғай келіп,

Өзге жерден таптырмас ондай көрік.

Ұя салды шатырға, бауыр басты,

Қауырсынын қат-қабат қомдай, керіп.

 

Берік қамал,

Қорғайтын досың барда,

Не жетеді алаңсыз отырғанға.

Жұмыртқасын шайқайды ауық-ауық.

Бес уақыт намаз-жыр оқылғанда.

 

Алақандар жайылған күш береді,

Ана торғай ғажайып түс көреді.

Тесіп шықты қабықты тұмсығымен,

Құйттай-құйттай сары езу құс бөбегі.

 

Нұрын төгіп тұрған соң жаратқаным,

Алаңдағым келмейді, алақтағым.

Өз көзіммен көрдім мен ертелі-кеш,

Балапанның қағылған қанаттарын.

 

Жазға айналса аяз бен жұтынған қыс,

Қанаттыға қону да, ұшу да-алғыс.

Шырқау көктен шырқырап дұға оқиды,

Алла үйінде түлеген-мұсылман құс.

 

 

Күзгі кеш

 

Салқын қырау сырғанап,

Боз шалғынды тұздайды.

Қураған шөп тырмалап,

Жер бауыры сыздайды.

 

Тұман буып айнала,

Сұрғылт аспан сыздайды.

Ой менен қыр, сайда да,

Қаймақшып су мұздайды.

 

Сиырлардың түздегі,

Желіні жер сызбайды.

Қарияның үйдегі,

Аяқ-қолы сыздайды.

 

Бақ селдіреп саялы,

Әжем сырмақ сызбайды.

Майдангердің баяғы,

Шым жарасы сыздайды.

 

Шұғыласы суырылып,

Күн көзі де қызбайды.

Тоқ омырау булығып,

Қыз қойынында сыздайды...

 

Қызық қайда, қыз қайда-ау,

Күңгірт көңіл қызбайды.

Ой, сыздайды-ау, сыздайды-ау,

Біздің жүрек сыздайды.

 

 

Жүрек

 

Күзгі аспанда қағады тырна қанат,

Сұлу бикеш келеді су жағалап.

Мұңлы көзбен қарайды айналаға,

Сезім билеп өн бойын бір ғаламат.

 

Қайтқан құсқа үн қосып әуедегі,

Кісінеді құлындай тау өзені.

Үлестіріп толқынға жапырағын,

Селдірейді, сетінеп бақ әлемі.

 

Жайсыз әсер етті ме соның бәрі,

Суға атты қыз алмасын қолындағы.

Жағадағы қайыңдар дір-дір етті,

Қойтас құлап түскендей қорымдағы.

 

Бір қызарып, шырайы бір ағарып,

Үңіледі суға қыз тұра қалып.

Алма емес, дүрсілдеп қызыл күрең,

Бара жатқан секілді жүрек ағып.

 

Махаббатқа, достыққа құмармын деп,

Ол бар жерде дүние тұрар гүлдеп.

Ағып бара жатқандай аласұрып,

Өз бақытын іздеген сыңар жүрек.

 

Мынау мекен,

Ұжымақ нағыз мекен,

Күз шуағын деп қалам-тамыз ба екен?

Уақыттың өзені арқыраған,

Қанша арудың алмасын ағызды екен.

 

Сұлулықты сүюден жалықпаспын,

Сүймей тұрып жырласам жарытпаспын.

Жігіт-өзен,

Өр өзен,

Албырт жастық,

Қанша қыздың жүрегін алып қаштың?!

 

 

Жер жұтып қоймаса егер өзенімді

 

Тағдырым тасқа жанып,

Төзімді етті,

Арқырап алты Алашқа сөзім кетті.

Бұл ғасыр мендей ақын тумасына,

Алпыстан аса бере көзім жетті...

 

Болғанмен самайым ақ,

Жас-жырларым,

Тілімнің бал аралас шаштым зәрін.

Жиырмада тас бөгетке іркіліп қап,

Қырықта буырқанып, тасқындадым.

 

Шабытым тағаланған ат мінгізді,

Демімнен иісі аңқиды бақтың күзгі.

Қанатын қиялыма қыран жалғап,

Ойымның айдынына аққу жүзді.

 

Жол ұзақ, жеткенше анау айдын көлге,

Әлі ерте, төрт құбылам саймын деуге.

Сарғайтып ой-санамды сары уайым,

Шойырылтып түсті талай қайғым белге.

 

Өрт шалып шөлдеткенде өзегімді,

Пір тұттым, сусындатқан өз елімді.

Жетермін жетер жерге, буырқанып,

Жер жұтып қоймаса егер өзенімді.

 

 

Жүгіру жыры

 

Абыр-сабыр,

Асығыс шақта мына,

Жүгірдің деп бауырым тақпа кінә,

Зыр жүгіріп қуған ем көбелекті,

Зыр жүгіріп жармастым ат жалына.

 

Сұлулықтың күніндей күлімдеген,

Талай қыздың соңынан жүгірген ем.

Қуып жетіп біреуін айлы түнде,

Жүрегімді ұсындым бүлінбеген.

 

Бұлақ көзі жылтырап ашылғанда,

Толқындары соқпай ма басып жарға.

Шыр айналып жүгірген секундтар,

Кетеді екен айналып ғасырларға.

 

Жүгірумен кеңейіп жол алқымы,

Уақыт ізін салады сол арқылы.

Зыр жүгіріп барады пойыздар да,

Жеткізсем деп ертерек жолаушыны.

 

Төбем көкке кетердей тиіп кенет,

Жүгірсем-ақ рухым биіктемек.

Аялы жоқ, аяулы өмірді мен,

Зыр жүгірген қаламын киік пе деп.

 

Сол киікті көз жазбай қуып барам,

Жоқпын әлі шіркінге жуықтаған.

Жалығатын емеспін жүгіруден,

Жүгірсін деп әу баста туыпты анам.

 

Жеткізбеші,

Жеткізбес Өмір-киік,

Жүрген қандай гүл теріп,

Темірді иіп.

Қандай жақсы өмірді қуып жүру,

Қандай жаман ұйықтаған кебін киіп.

 

 

Түн ортасы ауғанда

 

Әлдеқашан түн ауған,

Айдың жүзі қуарған.

Ақ омырау аспанның-

Жұлдыздары суалған.

 

Шырылдайды бал бөбек,

Балдай уыз бар ма деп.

Жарытпайды анасы,

Оған қандай бар көмек.

 

Бала-мешкей,

Ана-жас,

Көкірегі жап-жалаңаш.

Омырауының сүті жоқ,

Ұйқысына шала мас.

Исінуді ол білмейді,

Тас емшегі иімейді.

Уатпақ боп сәбиін,

Ыршып-шоршып билейді.

Би дейтұғын биі жоқ,

Көп шоршуға күйі жоқ.

Бесік жырын айтпаса,

Жүрек қалай иімек.

 

Қамалғандай құз, жарға,

Ана жаны мұздауда.

Тебіренбесе тас жүрек-

Ақ омырау сыздар ма.

Таланғандай масаға,

Абыржиды жас ана.

Берекесі қашқандай,

Құлазиды босаға.

 

Әлде нені қиялдап,

Құлазиды қиян бақ,

Бұрышында тас үйдің,

Аш мысықтар мияулап.

 

Аш күшіктер қыңсылар,

Мешкей бала шырқырар.

Көңіл күйі ананың,

Қашан қана тыншығар...

 

Қайран біздің шешелер,

Құтқа толы кеселер.

Уатарда бөпесін-

Бесік жырын еселер.

«Әлди-әлди, әлди-ай,

Ақ бөбегім аузы май.

Ақ омырау берейін,

Ай астында қалғымай.

 

Құйттай ғана бойы бар,

Ақ лаығың тойынар.

Әлди-әлди бөпешім,

Уызыңа тойып ал».

 

Омырау иіп сол маңда,

Сары уызға толғанда-

Екі езуі көпіріп,

Сәби оны сорғанда.

 

Көмейі сүтке толғанда,

Әлі келмей толғауға,

Екі беті балбырап,

Ұйықтамасқа жол бар ма.

 

Анасы иіскеп аймалап,

Көңіл күйін жайламақ.

Бірге қалғып кететін,

Шаңырақтан ай қарап.

 

Бөрі ұлымай жондағы,

Тынышталмақ жол маңы.

Қора айналған сақ төбет,

Мызғып кетер ол дағы.

 

Ырыс келіп қонғандай,

Үй іші де болған жай.

Бөбек иісі, сүт иісі,

Тәтті еді ол қандай.

 

Жан иесін жасытпай,

Түн жылжитын асықпай.

Шашылатын аспаннан,

Жұлдыз күміс асықтай.

 

Қайран сабаз шешелер,

Уыз толы кеселер.

Бесік жырын ұмытқан,

Қыздарыңды кеше гөр.

 

Жүк ауырын көтерер,

Біздің нардай шешелер.

Тумай жатып суалған,

Келініңді кеше гөр.

 

 

Қызыл ала қырғауыл

 

Дәмнің бойы қызыл ала қырғауыл,

Қырғауылға қылдан тұзақ құрғанмын.

Түсті есіме:

Балалық шақ... сырғанақ...

Тауда-бөрі...

Ойда-елік...

Қырда-ауыл...

Сол ауылдан ертелетіп ояндым,

Таңның қызыл аязына бояндым.

Тұзағыма түскен шығар қырғауыл,

Қардай аппақ етіне бір тоярмын...

Қырауланған қалың ағаш жан-жағым,

Соқпақты жол... омбылаймын, қар қалың.

Тұзағыма түскен шығар қырғауыл,

Қарқылдауы бекер емес қарғаның.

Екі өкпем қос бүйірден тепкілеп,

Екпінім де барған сайын кетті үдеп.

Тұзағыма түскен шығар қырғауыл,

Әлденені сезінгендей ет жүрек...

Бір тірі үміт қонақтады көңілге,

Тірі үміт қой жетелейтін көбінде.

Тұзағыма түскен шығар қырғауыл,

Сауысқанның шықылдауы тегін бе?...

Тегін емес,

Көріп тұрмын оны анық,

Қыл мойынына қыл тұзағым оралып,

Қылғынып тұр қызыл ала қырғауыл,

Жел мамығын ұшырады дода ғып...

Қос қанатын сабалайды жаралы,

Қос жанары бір өшіп, бір жанады.

Қыл мойынына қынай түскен қыл тұзақ,

Барған сайын қылғындырып барады.

Қыл тұзақтан алар едім құтқарып,

Сәл кешіктім,

Ажал-сұмырай ұтты анық.

Қырғауылдың тұмсығынан қан ақты,

Тұрды менің таңдайымнан сүт тамып...

Секілді көп қызыл ала көбелек,

Мамығына толып кетті төңірек.

Қызыл ала қауырсыны үйіріліп,

Қар үстіне қадалады жебе боп.

Шашыраған қызуы мол шоқ текті,

Көзім алды қызыл-жасыл боп кетті.

Ет жүрегім сала берді дірілдеп,

Бала едім-ау,

Жұлмай өскен көк шөпті.

«Бақыт құсы» торға түсіп аңдыған,

Тұңғыш рет майланды қос қанжығам.

Тұңғыш рет әзірейлі секілді,

Жан алдым мен жазығы жоқ жандыдан.

Айтпасам да болар еді ар жағын,

Тұңғыш рет тұзақ болып арбадым.

Тұңғыш рет көз алдымнан жем шашып,

Туған жердің аңқау құсын алдадым.

Кешіруге болса кешір,

Тау, бағым,

Келеді әлі топырағыңа аунағым.

Тұңғыш рет кездік ұстап қолыма,

Тұңғыш рет құс баласын бауыздадым.

Қасиетінен айналайын құсыңның,

Айтқызбай-ақ, оны өзім деп түсіндім.

Тұңғыш рет өзім құрған тұзаққа,

Өзгені емес,

Өзімді-өзім түсірдім.

Бауыздадым да, алдадым да, арбадым,

Тұңғыш рет қанаттыны қармадым.

Арман деген қызыл ала құс екен,

Құзырына қызықтырған жан-жағын.

Жүрек кейде тоңазиды мұздай көк,

Кейде елжіреп, бауыр балқып,

Сыздайды ет.

Сол қырғауыл қызыл-жасыл киінген,

Елестейді қыршын кеткен қыздай боп...

Есейген соң шықтым үйден жолға ұзап,

Туып-өскен Дәм өзені болды жат.

Қырғауылдың қыл мойнына оралған,

Өз мойныма оралды ақыр сол тұзақ.

Тұзақ емес,

тағдыр екен бұл тұзақ,

Қалтарыста мені күтіп тұрды ұзақ.

Жылдар жылжып, озған сайын ай, күндер,

Сол тұзаққа жақындадым құлдырап.

Қатал тағдыр өз еркіне қойды ма?-

Аралатты тау, тас, дала, ойды да.

Қапелімде қазған орға омалып,

Қас қағымда тұзақ түсті мойыныма...

“The Qazaq Times”