Биыл қаңтар айының басында QT редакциясы Бас прокуратураға тіл туралы даулы мәлімдеме жасап, қоғамда қатты қарсылыққа ұшыраған кәсіпкер Рамилья Мухоряповқа қарсы қозғалған қылмыстық істің мән-жайы жөнінде сұрау жолдаған. Биліктің ерте жабылған істі кеш жариялауына не себеп?

Бас прокуратура қарамағындағы Арнайы прокурорлар қызметінің басшысы Ризабек Ожаров ресми жауабында қылмыстық іс сайлау қарсаңында, 19 қазанда интернет тармақтары мен әлеуметтік желілерге жарияланғаннан кейін бір аптаның ішінде жабылғанын хабарлады.

«Рамиль Мухоряповқа қатысты қылмыстық іс бойынша анықталғаны, Сот сараптама институтының түсіндірмесіне сәйкес, толық жазбасыз айтылған сөздердің бағыты мен мағынасын анықтау мүмкін болмауына байланысты 2022 жылдың 27 қазанында Р.Мухоряповтың іс-әрекетінде қылмыстық құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты іс тоқтатылды. Прокуратура органдары қабылданған шешіммен келісті», – делінген БП қызметі басшыларының бірі Ризабек Ожаровтың жауап хатында.

Бас прокуратураның осы жолғы істің тоқтау мерзімі осыған дейінгі айтылған ресми ақпараттарға қайшы. Бас прокуратураның жоғарғы лауазым өкілдері және арызданушыларға полициядан берілген жауаптар соңғы дерекке сай емес.

Былтыр 27 қазанда бас прокурордың орынбасары Әсет Шыңдалиев қоғам наразылығын тудырған Мухоряповтың қазақ тілі туралы айтқанын Алматы полициясы тексеріп жатқанын мәлімдеген. «Алматы полиция департаменті тексеріп жатыр. Арнайы сараптама да тағайындалған. Соның нәтижесінде баға беріледі» деген журналистерге.

27 қазандағы Алматы қалалық ПД-нің арызданушыларға берген жауабы. Фото: QT

27 қазандағы Алматы қалалық ПД-нің арызданушыларға берген жауабы. Фото: QT

Кәсіпкердің үстінен арыз түсірген азаматтардың бірі Күлтегін Аспанұлы Алматы Полиция департаменті тергеу басқармасынан 27 қазанда алған жауабында сараптама жаңа тағайындалғаны көрсетілген. Сонымен қоса, 10 қарашадағы хатында ақпарат министрі Дархан Қыдырәлі «Бас прокуратурасының ресми мәлімдеуінше аталған мәселе ІІМ-нің қатаң бақылауында және Р. Мухоряповқа қатысты тиісті тексеру жұмысы жүргізілуде» деп жауап берген. Министр «тергеу нәтижесі туралы ақпаратты ІІМ өз тараптарынан сізге қосымша жолдайды» дегенімен Аспанұлын ешкім істің тоқтағаны жайлы хабардар етпеген. Одан өзге, 4 қарашада Бас прокуратураның Қылмыстық қудалау қызметі бастығының орынбасары Елдос Қилымжанов арызданушыға тергеу деректері құпия деп ақпарат ұсынудан бас тартқан.

Ожаров 27 қазанда іс тоқтаған десе, дәл сол күні бас прокурор орынбасары Әсет Шыңдалиев және Алматы қаласының ПД Эктремизмге қарсы іс-қимыл басқармасы бастығының сол кездегі міндетін атқарушы, қазіргі орынбасары Дархан Абикулов Қылмыстық кодекстің 174-бабының («Әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, тектік-топтық немесе діни алауыздықты қоздыру») 1-бөлігімен іс тіркеліп, сараптама басталғанын хабарлаған.

Мухоряповтың үстінен арыз түсіргендер №227500031000954 сотқа дейінгі тергеу ісі туралы ақпарат біле алмаған, сот-филологиялық cараптаманың тағайындалу қаулысы, тергеушінің аты-жөні, іс барысы туралы мүлде ақпарат берілмегенін айтады. Тіпті журналист Күлтегін Аспанұлы Алматы қаласының Полиция департаментіне барып, ІІМ мен Бас прокуратураға бірнеше рет хат жолдап ешқандай жауап ала алмаған. Арызданушылардың айтуынша, тергеу және прокуратура органдары тұтқаны көтермеген, сұрақтарға жауап бермеген, кері байланысқа шықпаған.

Президент және сенат сайлауы, Қаңтар қырғынының жылдығы өткен соң Алматы прокурорының орынбасары Нұрлан Ауғанбаев 19 қаңтарда ақпарат құралдарына Мухоряповтың ісі «қылмыс құрамы болмағандықтан» тоқтағанын мәлімдеген. Ожаровтың дерегіне сүйенсек, билік іс жабылғаннан 85 күн өткеннен кейін жариялаған. 27 қазанда тоқтаған іс туралы неліктен тек 19 қаңтарда хабарлауының, қоғамнан жасыруының себебі белгісіз.

Былтыр күзде Chocofamily Holding негізін қалаушы кәсіпкер Рамиль Мухоряпов Алматыдағы Ресей азаматтарының алдында Қазақстанда орыс тілін біле тұра қазақ тілінде сөйлейтіндердің әрекетін «ұлтшылдық пен мәдениетсіздіктің белгісі» деген. Ұлтараздық тудыра жаздаған бұл мәлімдемесінен кейін қоғамда наразылық үдеп, оның бизнесіне жаппай бойкот жариялаған. Желідегі ауқымды сыннан соң кешірім сұраған видео жүктеп, сервистерін түгел қазақшалауға уәде еткен. Бірақ құқық қорғау органдарының кінәсіз деген бағасынан кейін кешірім сұраған видеосын әлеуметтік желідегі парақтарынан алып тастаған.

The Qazaq Times