Осы аптада Қазақстанның біраз аймақтарында жауын-шашынның салдарынан өзендер арнасынан тасып, кей аудандарда төтенше жағдайлар орын алған. Ал Қазгидрометтің хабарлауынша Қазақстаннан атмосфералық фронттың өтуіне байланысты жауын-шашын осы аптаның соңына дейін сақталуы мүмкін.
Атмосфералық фронттардың өтуіне байланысты Қазақстанның басым бөлігінде жаңбыр сақталады, тек оңтүстікте, оңтүстік-батыста және орталықта жауын-шашынсыз ауа-райы күтіледі. Республиканың кей жерлерінде найзағай, тұман болып, екпінді жел соғады, солтүстіктің басым бөлігінде жел күшейеді.
Атырау облысының кей жерлерінде найзағай күтіледі, жел 15-20 м/с, күндіз желдің екпіні 17-22 м/с күшейеді. Солтүстік Қазақстан облысында жел 15-20 м/с, кей жерлерде желдің екпіні 23 м/с күшейеді, жекелеген аудандарда найзағай күтіледі. Батыс Қазақстан, Павлодар, Маңғыстау облыстарында, күндіз Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Ақтөбе облыстарында, түнде Ақмола облыстарында жел 15-20 м/с күшейеді. Шығыс Қазақстан, Қостанай облыстарының кей жерлерінде жел 15-20 м/с күшейіп, түнде және таңертең тұман күтіледі. Қызылорда облысындаи күндіз шаңды дауылмен жел 15-20 м/с күшейеді. Қарағанды облысының кей жерлерінде тұман болады.
"The Qazaq Times"