Керек болса жаңбыр жауғызып, қаласа жауғалы келе жатқан бұлтты таратып жіберу, иә бұл бүгінде Қытайда таңқаларлық іс емес. Былтыр желтоқсан айының бас шенінде Қытай ауа-райын басқару жобасын жариялады. Бұл арқылы 2025 жылға дейін ел аумағының 60 пайызында жасанды жаңбыр немесе қар жаудыруды жоспарлап отыр. Бейжің билігі бұны құрғақшылықтың алдын алып, ауылшаруашылық өнімдерін көбейту және орман өртінің алдын алу мақсатында жасалатынын айтады. Бірақ, Қытайдың бұл бағдарламасы көршілес елдерді алаңдатып отыр.

Қазіргі ғылым-техниканың көмегімен ашық күнде жаңбыр жаудырып, түйіліп келген жауын бұлтын атқылап ыдыратып жіберуге болатыны белгілі. Күміс йодиді немесе өзге де химиялық заттарды зеңбіректермен бұлтқа ату арқылы жасанды жолмен жаңбыр жауғызу өткен ғасырдың орта шенінде-ақ АҚШ-та пайда болған технология. Тағы осы секілді әдістермен жауын бұлтын ыдыратып жіберуге де болады.

Дегенмен, бұл әрекеттердің табиғат тепе-теңдігіне қалай әсер ететіні және оның өнімділігі қаншалық болатыны әлі де ғылыми түрде дәлелденбеген. Оның үстіне Қытайдың 60 пайыз аумағын қамтитын жоба оның көрші елдеріне де әсерін тигізуі мүмкін. Тіпті, бұл тұтас өңірлік климаттың өзгерісіне алып келуі де ғажап емес.

Қытай көп жылдан бері осы әдістер арқылы жаңбыр жауғызып келген. Кей өңірлерде ауылшаруашылық өнімдерін жинау науқандары кезінде бірер ай бойы жауын жауғызбай, бұлттарды атып таратып отырады. Бірақ, егін шаруашылығына тиімді бұл әдістер өзге шаруашылықтарға, айталық мал шаруашылығымен айналысатын аймақтарға өзінің кері әсерін тигізіп жатады.

Қытай климат жобасы ел аумағының 60 пайызын қамтиды. Фото: Rathbones

Әлемде, жасанды жолмен жауын-шашын жасайтын ел Қытай ғана емес. Үндістанда да жасанды жаңбыр жауғызу әдістерін пайдаланады. Оған қоса орман өрті мен құрғақшылыққа қарсы Аустралия мен Африканың бірқатар елдері де қолданып келе жатқан әдіс. Бірақ, басқа елдермен салыстырғанда Бейжің бұл әдісті көбірек қолданады. Қытайдағы климат зерттеушілерінің мәліметіне қарағанда, елдегі 50 мыңға жуық қала мен шағы қалашықтар жасанды жауын-шашын арқылы егістік жерлерін сақтап келген.

Бұндай жасанды әдістердің әлі де ғылыми таласты күйде болғанына, сондай-ақ, көршілес елдердің мүддесіне саятын мәселе болғанына қарамастан Бейжің билігі жобаға мол қаражат бөліп отыр. Қытай жобаға зеңбіректермен қатар ұшқышсыз ұшу құрылғыларын (ҰҰҚ) қолданбақ. Өткен айда Қытайдың ресми ақпарат агенттігі «Шинхуа» өзінің «Твиттердегі» парақшасында арнайы климат жобасына қолдатылатын дрондарды таныстырған болатын.

Қазірдің өзінде Қытайдың ауқымды климат жобасына қарсылық білдірген көршілес елдер шығып жатыр. Айталық, Үндістан Қытайдың бұл жобасына ашық қарсылық білдірді. Бұл Үндістан үшін аса маңызды «муссон мезгіліне» кері әсер етуі мүмкін екен. Тайуан (Тайвань) Ұлттық университеті 2017 жылы ғылыми зерттеу нәтижесін жариялап, бұндай мәселелерді көршілес елдер ортақ келісім арқылы жасауы керек екені, олай болмағанда бір елдегі жасанды жауын-шашын келесі бір елге жаратылыстық апат алып келуі мүмкін екенін айтқан болатын.

“The Qazaq Times”