Мақтарал ауданындағы қызыл судан төнген қауіптен 31,6 мың адамды көшіруге тура келді.
Мақтарал ауданында 2 мамырдан бері 31 606 адам эвакуацияланғаны хабарланды. Баспанасыз қалған халық Атакент елді мекенінде құрылған 24 эвакуациялық бөлімге орналастырылған. Бүгінгі жаңартылған ақпарат бойынша, Жаңатұрмыс (46 үй), Жеңіс (130 үй), Фирдоуси (250 үй), Өргебас (194 үй), Достық (11 үй) елді мекендерінде жалпы саны 631 үй су астында қалып қойған.
Апаттан құтқару жұмыстарына жалпы саны 986 адам, 4 қайық, 180 дана техника тартылған.
3115 ірі қара мал, 1101 ұсақ мал, 585 жылқы, 34 түйе Келес ауданына, 1797 ірі қара мал, 6029 ұсақ мал, 689 жылқы, 381 түйе, 165 шошқа Мақтарал ауданындағы су басу қаупі жоқ жерге жеткізілді.
Мақтарал ауданында су басу қаупі бар елдімекендер айналасына бөгеттер тұрғызылуда.
- Нұрлы жол елді мекенінде ұзындығы 2,5 м, биіктігі 1,5 м.,
- Өргебас ауылында ұзындығы 20 м, биіктігі 1 м.,
- Ырысты елді мекенінде биіктігі 0,5 м, ұзындығы 40 м.,
- Жантақсай елді мекенінде ұзындығы 800 м. болатын бөгет тұрғызылды.
- Ал Фирдоусидан Мырзакентке қарай 3 коллектор орналастырылса, Қоғалы ауылындағы күре жолдың бойында ұзындығы 500 метрден асатын бөгет салынып жатыр.
Мақтарал ауданының 10 елді мекені қауіпті аймақта орналасқан. Оның 5-еуі, яғни Жаңатұрмыс, Жеңіс, Фирдоуси, Өргебас, Достық ауылдары су астында қалса, басқа 5 елді мекен қауіпсіздендірілген. Облыс әкімінің орынбасары Сәкен Қалқамановтың хабарлауынша, 14 мыңнан астам халқы бар Мырзакент елді мекені қызыл судан аман қалды.
1 мамыр күні таңғы сағатта 5:55-те пайдалануға берілгеніне әлі үш жыл бола қоймаған, «ғасыр жобасы» аталған Сардоба су қоймасы кейінгі күндері толассыз жауған нөсер мен қатты дауылдың кесірінен жарылып, ауқымы үлген апатқа ұласқан. Салдарынан Сырдария облысының Сардоба, Ақалтын және Мырзаобод аудандарындағы 22 елді мекеннің 70 мыңнан астам тұрғыны эвакуацияланған. Мамырдың 2-сіне қараған түні су Қазақстанға өтіп, Мақтарал ауданында жергілікті көлемде ТЖ жарияланған еді.