Күн ысый бастағанда үлкеннің де, кішінің де жақсы көріп жейтін жидегі қарбыз. Шөліңді басып, тіл үйіретін тәтті дәмімен, аңқыған хош иісімен жағымды. Оның үстіне қарбыз бүйрек және бауыр ауруларына, тас, тұз жиналған ішкі құрылыс мүшелеріне шипа болады.
Қарбыз темірге бай. Қаназдық (анемия) кезінде де пайдасы көп. Сонымен қатар, адам бойындағы артық холестеринді шығаруға, атеросклероз ауруына да көмектеседі.
Дәрігерлер жаз айында подагра, артрит, қант диабеті ауруларымен ауыратындардың ас мәзіріне қарбызды қосуды ұсынады. Семіздікпен күресетіндерге арналған қарбыз диетасы нәтижелі болатыны дәлелденген.
Безгек ауруына шалдыққандар қарбызды сусын ретінде қолданса болады.
Тіпті, қарбыз көздің көру қабілеті мен мидың белсенділігін арттырып, ультракүлгін сәулелерден қорғай алады. Оның құрамындағы «С», «А» дәрумендерінің адам ағзасына пайдасы мол. Мамандар тәбиғи жолмен пісетін қарбыздарды тамыз айында жеуге кеңес береді. Оған дейін ерте шыққан қарбыздардан улану жағдайлары тіркелген. Себебі, жылыжай жидектерін өсіру кезінде минералды тыңайтқыштар көбірек қолданылады. Бұл нитраттардың шамадан тыс жиналуына және қарбыздың улануына әкелуі мүмкін. Ерте піскен жемісті жеген соң әлсіздік, бас айналу, бас ауруы, интоксикация белгілері (жүрек айну, құсу) болуы мүмкін. Егер осы химиялық қосылыстар азғада ұзақ уақыт жиналса, эндокрин жүйесінің, жүрек-қантамыр қызметі мен тыныс алу бұзылуы мүмкін. Нағыз піскен қарбыз біздің нарыққа тамыздың екінші жартысында келеді. Алайда, маусым айынан бері сатылып жатқан қарбыздар кез-келген жерде бар. Олар жол жиегінде, базарларда, тіпті ет сататын орындарыдың жанында да тұр. Сондықтан, қарбызды жармас бұрын, міндетті түрде жуыңыз. Себебі ол жерде піседі, содан кейін тасымалданады, сақталады. Ал мұның бәрінде стерильді жағдай қарастырылмайды. Егер тиеу-түсіру кезінде қарбыз жарылып кетсе, аққан шырыны түрлі инфекцияның тасымалдаушысы ғана емес, сонымен қатар микроорганизмдердің кең спектрі үшін керемет өсіру алаңына айналады. Олар ағзаға түссе денсаулыққа зиян келтіреді.
Сапалы өнімді таңдау үшін нені ескерген жөн? Алдымен қарбыздың жіпшесіне көңіл бөліңіз, жіпшесі жасылдау болса, дұрыс піспеген, қураған сарғыш түсті болса, піскендігін көрсетеді.
Қарбыздың сырты жылтыр, жолақтары қанық жасыл және ақшыл, қабығы езілмеген, зақымданбаған болуы тиіс. Егер қарбызда сарғыш дақ көп босла, күн түспей, жерде жатқанын білдіреді. Күн сәулесі мен жылудың жетіспеуінен қарбыз дәмсіз болуы мүмкін.
Піскен қарбызды қолмен ұрғанда қатаң, тұйық дыбыс шығуы керек. Жемістің сыртқы жолақтары ашық түсті және қабығы жылтыр болғаны дұрыс. Қарбыздың сыртын тырнақпен тесіп көріңіз, Тесілмесе сапалы болғаны.
Қарбыз өзіне сыртқы ортадағы саңырауқұлақ сияқты қауіпті заттарды тез сіңіреді. Сондықтан, сатылған орнына мән беріңіз. Ағзаңызды зақымдаудан сақтап, сапалы өнім таңдаңыз.
Нұрбәтима Байтұрсын