Ресей мен Украина арасындағы соғысты әлемнің бірақатар елі қалт жібермей бақылап отыр. Оның қатарында Қазақстан да бар, үйткені ел азаматтарын Украина жағдайы ертеңгі күні бізде қайталануы мүмкін деп алаңдайды. Дәл осыған ұқсас әлемнің о шетінде жатса да Украинанады жағдайды үздіксіз бақылап отырған тағы бір ел Тайуан (Тайвань).
Ресей Украинаға басып кіруден бұрын да бұл тақырыпты Тайуан сарапшылары көптеп қарастырған. Аралды ел өз тағдырын Украинадағы жағдаймен байланыстырады. Себебі, Ресей Украинада дегеніне жетсе бұл Бейжіңнің Тайуанды күшпен біріктіруге деген батылдығын арттырады деп санайды.
Кеше, Тайуан СІМ басшысы У Жаушие мәлімдеме жасаған кезде: «Украиндердің тынымсыз күресі Тайуан халқын шабыттандырды», – деген пікірін жеткізді.
2 наурыздан бастап Тайуан Сыртқы істер министрлігі «Табиғи апаттан зардап шеккендерге қолдау көрсету» қорынан Украинадағы зардап шеккен азаматтарға көмек беру мақсатындағы арнайы есепшотты ашты. Не бәрі бес күн ішінде тайуандықтан 300 млн Тайуан долларын (шамамен 10,5 млн АҚШ долларын) көмекке атаған.
Тайуан СІМ тарабы ең алдымен Польша шекарасына кірген украин босқындарына көмек көрсету үшін 100 млн Тайуан долларын (шамамен 3,5 млн АҚШ доллары) бөлуге шешім шығарды. Шараға байланысты арнайы баспасөз жиынында Тайуан СІМ басшысы У Жаушие: «Украиндердің тынымсыз күресі авторитаризм қысымындағы Тайуан халқының шабыты оянды. Қазір көптеген тайуандықтар маған ұқсас ішінен “мен украиндықпын” деп айтады», – деген.
Қытай Халық Республикасы құрылғалы бері Тайуан бұғазының екі жағалауының қарым-қатынасы алшақтады. Тайуан өзін дербес мемлекет санаса, Бейжің Тайуанды ҚХР құрамындағы бір провинция деп санайды. Бежің бұл үшін «Бір Қытай» қағидатын халықаралық деңгейде жүзеге асырды әрі оның дипломатиялық байланыс орнатқан барлық елден талап етті. ҚКП Тайуанды толықтай бағындыруды өзінің ұлттық парызы ретінде насихаттайды, бұл мақсатқа жету үшін қару қолданудан бас тартпайтынын да талай рет қайталаған. Соңғы уақытта Тайуанға бағытталған әскери қысымдар жиілеп келеді.