Жақында Ресей Украина шекарасына тағы да әскер топтады. Украина есебі бойынша шекарасына жақындаған орыс әскерінің саны 90 мың шамасында. АҚШ сол уақытта бұны «ерекше жағдай» деп бағалаған еді. Анығында, Мәскеудің кезекті әскери әрекетін, оның нақты мақсатын болжау қиынға түсті. Бұл тіпті АҚШ шенеуніктерінде шатастырып жібергендей, себебі, Байден үкіметінің оған қарсы шаралары да түсініксіз болып көрінді.

Шешім қабылдаудағы қиындық

Сонымен, Ресейдің бұл әрекетіне АҚШ тарабынан қандай жауап қайтарылуы мүмкін деген сұрақты көптеген ақпарат құралдары, әсіресе сараптама орталықтары қарастырып жатқаны анық. Осы тұста Associated Press агенттігі Конгрестегі бірқатар республикашылдар үкіметтен Украинаға әскери қолдауды күшейтуді талап етіп жатқаны туралы хабарлады. Бірақ, аталған агенттік хабарына қарағанда бұл шешімге қарсы конгресмендер  «Путин жай ғана өзінің әскери қуатын көрсетіп отырған болса, АҚШ-тың Украинаға әскери қолдауын күшейтуы ауқымды қақтығысқа айналдырып жіберуі мүмкін» деген уәжді алға тартқан. Олардың пікірінше бұл Украинаға тіпті де қауіпті шешім болмақ.

Украина мәселесінде Уашингтонның екіұдай таңдаулар ортасында қалатыны белгілі. Егер Құрама Штаттардың жауабы пәрменді болмаған жағдайда бұл Путиннің Украинаға қарата агрессивті әрекетке деген тәуекелін күшейтіп жібереді. Көп жылдан бері Путин «Украина мәселесін бір жолата шешудің» шарасын таппай шарқ ұрып келгені белгілі. Ал, Украина мәселесі бойынша Путин дегеніне жетер болса, бұл Байденнің биліктегі рейтингін мүлде төмендетіп жебермек.

Түйін қайда жатыр?

Мәселе – Мәскеудің нені көздеп отырғанында. Егер, Байден әкімшілігі Путиннің он мыңдаған әскерін Украина шекарасына жинағанда неге қол жеткізгісі келгенін түсіне алса, онда оған қарсы теңестіру шаралары да өздігінен түсінікті болмақ. Әңгімеде тап сонда, АҚШ шенеуніктері Путиннің әрекетіндегі негізгі түйінді әлі таба алмағандай.

Өткен сәрсенбіде: «Путиннің не істеп жатқанын білмейміз», – деп мойындады АҚШ қорғаныс министрі Ллойд Остин. Оның айтуынша Құрама Штаттар тарабы қазір тек Мәскеуді жауапкершілікпен әрекет етуге және ашықтыққа келуге шақырып қана отыр.

Пентагон басшысынан көрі мем.хатшы Антони Блинкеннің жауабы толығырақ болды, ол бұл туралы пікірінде: «Біз Мәскеудің кезекті мақсатын білмейміз, бірақ біз Ресейдің мінез-құлқын білеміз», – деген. Қалай болмасын АҚШ шенеуніктері арасында Мәскеудің бұл әрекетін, мақсаты мен түпкілікті ниетін анықтау үшін пікір-талас болып жатыр. Олар алдымен Путиннің нені көздеп отырғанын табуға тырысуда, үйткені бұл қауіпті қақтығыстардың алдын алуы мүмкін.

АҚШ-тың шешім қабылдау қабілеті сынақта

Ресми мәлімдемелер мен ақпарат құралдарындағы сараптамаларға сәйкес, Құрама Штаттардың барлау қызметі нақты мәліметке қол жеткізе алмаған. Кем жауап қарсыласын күшейтіп, өзін ырықсыз орынға қалдырады; артық жауап қауіпті және толық дайын болмаған ұрысқа алып кіруі де ғажап емес. Сондықтан да, Уашингтон шешім қабылдаудың уақыттың дағдарысында тұр. Асыра айтқанда, Құрама Штаттар үшін бұл өте сирек кездесетін жағдай және осындай жағдайда тура шешім қабылдаудағы қабілетін сынауға да мүмкіндік туып отыр.

Ақ үйге қорғаныс қауіпсіздігі бойынша маңызды кеңес беруші Штаб бастықтарының біріккен комитетінің төрағасы Марк Милли Украина Қарулы күштерінің бас қолбасшысы Валерий Залужныймен телефон арқылы сөйлескеннен кейін, Ақ үйге аймақтағы одақтастармен және серіктермен тығыз консултация жүргізу керек деген кеңесін берді. Сонымен бір уақытта АҚШ-тың бірнеше әскери кемелер Қара-теңізге бет алды.

Путиннің баспасөз өкілі Песков өз мәлімдемесінде «Ресей өз шешімен байланысты тек өз территориясында ғана әскер топтап жатыр және ол ешбір елге қауіп төндірмейтінін» айтқан-ды. Бірақ, Кремльдің сөзіне сене бермеу керектігін өткен ғасыр көбірек дәлелдеген ғой. Оның үстіне Ресейдің Украинаға жақын аумақта әскер топтауы биылдың өзінде екінші рет болып отыр. Сәуірде 150 мың орыс жаунгері Украина шекарасына жақын жиналып, НАТО мүшелерін алаңдатып тастап еді.

The Qazaq Times