Редакция Pegasus Project дауы жөнінде бірқатар ведомстволарға, атап айтқанда Ақпарат және Цифрлық даму министрлігі, Үкімет басшысының кеңсесіне, ҰҚК-ге ресми сұрау хат жолдаған. «Қазақстанның киберқалқаны» жүйесінің қауқары, кейінгі төрт жылдағы (2018-2021 жылдар аралығы) кибершабуылдар мен кибертыңшылық жағдайы, құзырлы органдардың осы мәселе жайлы қолға алған шаралары, атышулы зерттеуге байланысты алдағы әрекеті туралы түсініктеме беруді сұрады. Алғашқылардың қатарында аты бар, заты жоқ хат жолдаған Ақпарат министрлігі бұл сұрақтарды айналып өтіп, бар жауапкершілікті басқа министрлікке ысырды.
«Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің міндеттеріне «ақпараттандыру саласындағы ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, дербес деректер және оларды қорғау саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру» кіретіндіктен, министрлік шілденің 28-і жауапты ведомствоға хатта көрсетілген сауалдар бойынша өз құзыреті шегінде мәлімет беру үшін хат жолданғанын хабарлайды», – деді ақпарат министрінің орынбасары Кемелбек Ойшыбаев ресми жауабында.
Жауапсыз қалған төрт сұрақтың бірі: «Pegasus Project мәлімдемесі рас болса, 2 мың қазақстандық номердің аңдуға алынғанына «Қазақстан киберқалқаны» техникалық жүйесі неге тосқауыл бола алмады? Киберқауіпсіздік мақсатында оқу-жаттығу өткізіп дағдыланған Үкімет 2 мың абонементтің «мобильді тыңшылыққа» нысана болғанын неге дер кезінде анықтай алмады?»
Есесіне ведомство «ашықтық» принципіне сай, Қазақстанға қатысты бар ақпаратты қалт жібермей бақылайтынын хабарлады. Ақпан айындағы астаналық отбасының бес бірдей қызы өрттен қайтыс болғаннан кейін елде үдеген әлеуметтік наразылықтан соң Назарбаев ақпарат министрлігін қайта құрған.
«Президенттің 2019 жылғы 25 ақпандағы №848 жарлығына сәйкес Ақпарат және қоғамдық даму министірлігі құрылды. Ведомство «Қазақстан Республикасының аумағында таратылатын бұқаралық ақпарат құралдарына мониторинг жүргізу қағидаларын және оны есептеу әдістемесін бекіту туралы» ақпарат министрінің 2019 жылғы 29 сәуірдегі № 84 бұйрығы бойынша мемлекет заңнамасының талаптарын сақтау тұрғысынан әлеуметтік медианы қоса алғанда, ақпараттық алаңға тұрақты түрде мониторинг жүргізеді. Мониторингпен республикалық және өңірлік баспа БАҚ, телеарналар, отандық және шетелдік интернет-ресурстар қамтылған» делінген ресми жауапта.
Республикалық бюджет есебінен түрлі деңгейдегі «БАҚ, телеарналар, отандық және шетелдік интернет-ресурстарды мониторингтеуге 2019 жылы 1 009 743 000 теңге, 2020 жылы 1 224 739 000 теңге, 2021 жылы 1 292 882 000 теңге» сомасында қаражат бөлген. Кейінгі үш жылда осы мақсатта 3,5 млрд теңге қаржы жұмсаған.
Абаев пен Балаева тұсындағы 2 жыл 10 ай үшін ведомство жұмысына 179 млрд 383 млн теңге қаржы бөлінген. Дегенмен Қазақстан «Шекарасыз тілшілер» халықаралық ұйымының «Бүкіләлемдік баспасөз еркіндігі индексі» тізімінде 180 елдің ішінде 155-орында тұр. Оның қасында тағдырлас-құралпылас Қырғызстан «Орталық Азиядағы демократия аралы» ретінде аймақта жалғыз тізімнің жоғарғы жағына жылжыған – 79-орын.
Дәл осы бағыттар оңалмай жатқанымен, елдегі «ақпарат, азаматтық қоғамның өзара іс-қимылы, ішкі саяси тұрақтылықты қамтамасыз ету, конфессияаралықжәне этносаралық келісім» салаларының саясатына жауапты Ақпарат және қоғамдық даму министірлігінің шығыны республикалық бюджеттен қаржыландырылады.
Ақпарат вице-министрі Кемелбек Ойшыбаевтың редакцияға берген жауабында «министрліктің 2019-2021 жылдарға арналған бюджеті» төрт сала бойынша санамалап көрсетілген.
Биыл 18 шілдеде Жемқорлық пен ұйымдасқан қылмысты зерттеу орталығы (OCCRP) 10 шақты «авторитарлы артта қалған» елдердің үкіметтері израильдік NSO Group компаниясына тиесілі Pegasus бағдарламасын қолдана отырып, журналистер мен белсенділер, саяси элита, бизнес өкілдеріне қарсы мобильді тыңшылық жасағаны жөнінде даулы ақпарат таратты. Дүниежүзін дүр сілкіндірген «құқықты таптайтын қылмыс» туралы дамыған елдердің ресми биліктері арнайы шараларды қолға алып, түсініктеме беріп, қоғам алдындағы ашықтық міндетін қамтамасыз етуге тырысуда. OCCRP зерттеуінше, Қазақстанда 2 мың нөмір, оның ішінде президент Тоқаев сенат төрағасы кезінде, бұрынғы және қазіргі премьер-министрлер, отызжылдық жүйеге жанымен берілген шенеуніктер, бизнес элита өкілдері, журналистер мен құқық қорғаушылар «мобильді тыңшылыққа іліккені» айтылды.
Осыған дейін OCCRP Pegasus-пен тыңдалған болуы мүмкін бірқатар қазақстандықтың аты-жөнін атаған. Кибертыңшылыққа ұшырады делінген адамдар қатарында Мұхтар Әблязов, қазақстандық олигарх Болат Өтемұратов, Назарбаевтың ортаншы күйеубаласы Тимур Құлыбаевтың жиені Әлібек Құлыбаев, Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев, сонымен бірге президент Қасым-Жомарт Тоқаев, премьер-министр Асқар Мамин, экс әрі қазіргі шенеуніктер Владимир Божко, Сауат Мыңбаев, Әсет Исекешев те бар. Бұл жөнінде ресми билік не Парламент жақ ашар емес.
Президент әкімшілігі жетекшісінің орынбасары Дәурен Абаев екі апта бұрын зерттеу деректерін «дәлелсіз интрига тудыратын ақпарат» деп атап, Ақорданың ресми көзқарасының шетін шығарған.
Редакция «Ет сасыса тұз себер, тұз сасыса не себердің» кебін киген ақпарат министрлігі БАҚ өкілдерінің сұрауын толық орындай алмауы немесе шалажансар көзбояушылық үшін жанамалай жауап беруі – мемлекеттік ақпарат және коммуникациялық саясатқа сын екенін ескертеді.