Әлеуметтік желіні сүзгілеу туралы талқы жуырда басталғанына қарамастан, Қазақстан билігі Facebook желісінің ішкі жүйесіне кіріп, өзі «зиянды» деп санайтын контентті жоюға қол жеткізіп үлгерді. Қараша айының алғашқы күні астана мен Facebook желісі (Meta компаниясы) бірлескен келісімін мәлім етті.
Қыркүйек айының ортасында «Нұр Отан» партиясынан сайланған депутат Айдос Сарым «Балалар құқығын қорғау мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын ұсынған. Жұртты тіксінткен заң жобасы бойынша, шетелдік әлеуметтік желілер мен мессенжерлер Қазақстанда жұмыс істеуі үшін заңды тұлға ретінде тіркеліп, өкілдігін ашуы тиіс. Талапқа мойынсұнбаған әлеуметтік желілер бұғатталады. Мәжіліс бұл ұсынысты бірінші оқылымда мақұлдаған.
Facebook және Қазақстан билігінің ресми келісімі осы заң қоғамда қызу талқыланып жатқан тұста жасалды.
«Қазақстан үкіметіне ақпараттық кеңістіктің қауіпсіздігін арттыру мәселесін шешуге көмек көрсету үшін Facebook Қазақстанға ішкі «Контентті хабарлау жүйесіне» («Content Reporting System» – CRS) тікелей эксклюзивті қолжетімділік берді» деп жазылған екі тараптың біріккен мәлімдемесінде.
Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі хабарламасында «CRS министрлікке Facebook жаһандық контенттік саясатын, Қазақстанның ұлттық заңнамасын бұзатын контент туралы жедел хабарлауға мүмкіндік береді» деді.
Мәжілісте қаралып жатқан заң жобасы қоғам сынына ұшырады. Азаматтық қоғам мен көпшілік әлемдік рейтингте өте төменгі қатарда тұратын сөз бостандығын одан ары шектеп, цензураны күшейтеді деп алаңдайды. Осыған дейін ашықтық пен пікір еркіндігін жиі сөз етіп келген авторлар бұл жолы «бұл кибербуллинг пен қауіпті контенттердің тарауын тоқтатады» дегенді алға тартады.
Ресми мәлімет бойынша, елде кемі 3,2 миллион адам Facebook желісін қолданады деп мәлімдеді. Ал Meta компаниясының Instagram және WhatsApp желілерінің де Қазақстандағы қолданушылары көп.
Министрлік ақпаратына қарағанда, 28 қазанда Facebook командасы ведомство мамандарына «Контентті хабарлау жүйесін», сондай-ақ Facebook контенттік саясаты және қоғамдастық стандарттары бойынша тренинг өткізді. Қараша айында министрлік жүйемен жұмыс істей бастады. Аида Балаева басқаратын ведомство Қазақстан нарығында жұмыс істейтін интернет-компанияларға қарата «сындарлы диалог құруға және ынтымақтастық орнатуға дайын екенін» атап өтті. Десе де тәуелсіз құқық қорғаушылар адамдардың әлеуметтік желідегі азаматтық өткір пікірі үшін жиі істі болатын елде аталған келісімнің белсенділерге қарсы тетікке айналуынан қауіптенеді.