Израильдің NSO Group компаниясы әзірлеген Pegasus тыңшылық ресурсының аңдуына түскендердің арасында белгілі шенеуніктер мен асқан дәулеттілер бары хабарланды. Жұмада жарияланған OCCRP консорциумының қосымша мәліметі Pegasus Project «құрбандарының» қатарын толықтырды.
Зерттеушілер мақалада Қазақстанның экс-президенті Назарбаевтың осыдан 20 жыл бұрынғы элита жиынында бизнес өкілдеріне айбат шегіп, сөге айтқан сөзін еске алады.
«Мен сендерге жағдай жасап, мүмкіндік бердім. Ал сендер салық төлемейсіңдер. Тапқан-таянған дүниені сыртқа алып шығасыңдар, онда жылжымайтын мүлік пен қымбат заттар сатып аласыңдар. Керек болса кез келгеніңді қолыңнан сүйреп, сотқа бере аламын!» – деген ескерткіші көп экс-президент Назарбаев кезінде.
Авторлар Миранда Патрусич (OCCRP), Вячеслав Абрамов (Vlast), Илья Лозовский (OCCRP) және Мартин Унтерсиңер (Le Monde) бірлесіп дайындаған ұжымдық мақалада Назарбаев режимін сынай келе, қазақстандық 2 мың абономенттің қатарында тыңшылыққа іліккен таныс әрі «жаңа кейіпкерлерді» аталды. Назарбаев ығына жығылып, айтқанына көнген олигархтардың есеп-қисапсыз дүниеге кенелгенін, ал қырын қарағаны барынан айырылып, қудаланғаны сөз етілген. Сонымен қоса, авторлар «Назарбаев режимінде ықпалды олигархтар тыңшылық нысанына айналғанына сенімді». Олардың анықтауынша, мұндай тізімге кемінде бес бірдей ірі кәсіпкер енген.
Олардың телефон нөмірлері Қазақстанға қатысты сәйкестіндіріліп-тексерілген 92-ге абонементтің ішінен табылған. Зерттеу қорытындысына сенсек, Pegasus күрделі тыңшылық бағдарламасына тапсырыс беруші операторы «Қазақстан Үкіметі» болуы ықтимал.
Толыққан тізімде танымал тұлғалардың арасынан Назарбаевқа жақын әрі елдегі ең дәулетті адамдардың бірі Болат Өтемұратовтың есімі аталды. Бұрын президент істері басқармасының басшысы және Назарбаевтың кеңесшісі болған адам қазір миллиардер және бірнеше саладағы әртүрлі компанияның меншік иесі. Жүйеде тек оның нөмірі ғана емес, жолдасы мен екі ұлы және бірнеше қызметкерлерінің телефон нөмірлерімен қатар тыңшылыққа алынған.
«Аңдудағылардың» тағы бірі – белгілі олигарх Әлібек Құлыбаев (Назарбаевтың ортаншы күйеу баласы Тимур Құлыбаевтың туысы) және оның екі көмекшісінің жеке деректері анықталған.
Зерттеушілер «режимнің қолы Қазақстан аумағынан асып өтіп, қуғындағы Әблязовты бақылауға тырысқанына» ерекше тоқталады. Елден миллиардтаған қаржыны қолды етті және кісі өлтіруге тапсырыс берді деген ауыр айыппен сырттай бірнеше рет сотталған қуғындағы банкир, өзін «жүйенің №1 жауы» деп санайтын оппозиционер Мұхат Әблязов Францияда тұрып жатқанына он жылға жуықтаса да Үкімет аңдуда ұстаған деседі.
«Ондаған кейстер шамамен арнайы қызметтің Назарбаев режиміндегі жоғарыдан төменге дейінгі аралықта тыңшылық еткенін көрсетеді» дейді зерттеушілер.
Мамандар Қазақстанның арнайы қызметтері журналистерге түсініктеме беруден бас тартқаны және Pegasus жобасы жайлы алғашқы ресми коментарий айтқан ПӘ басшысының бірінші орынбасары Дәурен Абаевтың пікірін атап өткен. Зерттеуді «елді қызықтыратын, бірақ дәлелсіз ақпарат» деп бағалаған «тәпсірші» Абаевқа OCCRP тарапы NSO Group компаниясының бағдарламалық жасақтаманы тек ресми Үкіметтер ғана қылмыскерлерді аңду мақсатында сатып алатыныны туралы мәлімдемегенін ескертеді. Компания консорциумның Қазақстан Үкіметі «тапсырыс берушілер» қатарында бары-жоғы туралы сауалын терістемеген де, растамаған да.
«Қазақстанның басқа елдерге қарағанда басты айырмашылығы – тыңшылыққа көбіне журналистер мен құқық қорғаушылардан гөрі мемлекеттік шенеуніктер, бұрынғы әм қазіргі лауазымды тұлғалар, бизнесмендер, арнайы қызмет өкілдері көбірек. Таңдалғандардың басым бөлігі үкіметке деген адалдығымен танымал. Оларды мобильді тұрғыда тыңшылыққа лау – осы адалдықты қамтамасыз етудің тәсілі болуы мүмкін» деп топшылайды.
Бұған дейін, 20 шілдеде Жемқорлық пен ұйымдасқан қылмысты зерттеу орталығының (OCCRP) смартфонына Pegasus бағдарламасы арқылы тыңшылық жасалған Қазақстан азаматтарының кейбірінің есімін жариялады. Әзірге 2 мың адамның 10 шақтысы белгілі.
- Серікжан Мәулетбай – Informburo.kz жаңалық порталының тілшісі, әлеуметтік желіде блогтары бар;
- Бигелді Ғабдуллин – ПЕН-клуб жетекшісі, Central Asia Monitor газетінің бұрынғы бас редакторы, 2017 жылы бопсалау бабы бойынша сотталған;
- Бақытжан Төреғожина – қазақстандық құқық қорғаушы, «Ар.Рух.Хақ» құқық қорғау ұйымын басқарады;
- Мартин Вийом – француздың «Аштықпен күрес және даму католик комитеті» гуманитарлық ұйымының қызметкері;
- Квентин Гиёме – демократиялық өзгертістерді бастан өткеріп жатқан елдердегі азаматтық қоғамға қолдау көрсететінін Cosmopolitan Project Foundation үкіметтік емес ұйымының негізін қалаушы;
- Қасым-Жомарт Тоқаев – Қазақстан президенті;
- Асқар Мамин – Қазақстан премьер-министрі;
- Бақытжан Сағынтаев – Алматы қаласының әкімі;
Тізімдегі Квентин Гиеме мен Мартин Вийом Қазақстанда беймәлім адамдар болғанымен, болжам бойынша, үкімет қуғындағы банкир Мұхтар Әблязовқа бола осы кісілерді аңдуға тапсырма берген болуы ықтимал. Өйткені бұл екі адам Әблязовпен байланыста болған.
Pegasus тыңшы бағдарламасы қарапайым хабарлама арқылы «аңдудағы» адамның телефонына кіріп, оның жеке мәліметтерін ұрлайды, қажетіне қарай микрофон мен камераны қосады.