Жемқорлық пен ұйымдасқан қылмысты зерттеу орталығы (OCCRP) израильдік Pegasus тыңшылық бағдарламаның көмегімен журналистер мен белсенділердің аңдуда болғанын мәлімдеді. Оның арасында «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» құруды көздейтін Қазақстанның «Естуші Үкіметі» де сөз болды. Автократия аумағындағы астыртын тыңшылық туралы зерттеудің анық-қанығы.
15 жылдан бері түрлі сипаттағы қылмыстар мен соған ұқсас әрекеттерді әшкерелеп келе жатқан тәуелсіз журналистер қауымдастығы консорциумы жариялаған зерттеуде Қазақстанмен қоса Әзербайжан, Бахреин, Венгрия, Үндістан, Индонезия, Мексика, Морокко, Сауд Арабиясы, Руанда, БАӘ сияқты мемлекеттер де аталған.
«Аңдуда болған ондаған тілші-белсендінің бірді-екілі кейсін ұсыналық. Венгрияда Сабольч Паньи тыңшылық интрига схемалары мен қару-жараққа қатысты көлеңкелі мәмілелерді анықтаған. Үндістандық Гух Тхакурта бизнес пен саяси мүдделер арасындағы байланысын ашса, Севиндж Вагифқызы Әзірбайжандағы сайлау нәтижесінің бұрмаланғанына дәлел бола алатын айғақтарды диктофонға жазып алған. Мыңдаған шақырым қашықта жүрген журналистер ортақ бір жайт – Үкімет оларға қауіп ретінде қарайды. Үшеуінің де телефонын Amnesty International қауіпсіздік зертханасы талдап, вирус жұққаны анықталды. Барлау субъектісіне айналған олардың жеке телефонына Израильдің NSO Group компаниясына тиесілі Pegasus бағдарламасы арқылы тыңшылық шабуыл жасалған. Осы арқылы дербес деректер, хат-хабарларды оқу, аудио-бейне жазба жүргізу қызметтерін жасырын әрі оп-оңай қолдана алады», – делінген OCCRP мәлімдемесінде.
Зерттеу қорытындысына қарағанда, түрлі мемлекеттердің Үкіметтері 50 мыңнан аса нөмірді аңдуға алған.
Репортерлар осы нөмірлердің жүздеген иесін анықтаған және Amnesty International телефон санын нақтылауға тырысып сараптама жасаған. «Тізімдегі нөмірлер бойынша зерттеушілер Pegasus жасақтамасын қолдануға әлеуетті 10-нан аса елді анықтады». Мәлімдеме ақпаратына сай, арасында Қазақстан да бар.
Тек қылмыскерлерді қудалаудың орнына, «он шақты елдің үкіметтері жасақтаманы саяси қарсыластары, ғалымдар, тілшілер мен құқық қорғаушыларға қолданған». Сонымен қоса, NSO клиенттері тыңшылық бағдарламаны «шетелдік шенеуніктерге, дипломаттарға және тіпті мемлекет басшыларына» қолданған болуы мүмкін.
The Pegasus Project аясында жасалған вирустық шабуылдарды зерттеуді 17 медиа ұйымнан 80 журналист, соның ішінде OCCRP және Forbidden Stories үкіметтік емес орталықтары жұмылып жүргізген.
Мақалада: «Шындап келгенде, Pegasus Project (зерттеудің балама атауы) алаңдатарлық өте маңызды шындықтың бетін ашты: смартфондар кеңінен таралған қазіргі әлемде үкіметтерде дүниенің кез келген бұрышында кез келген адамға тыңшылық жасауға болатын қарапайым коммерциялық мүмкіндігі бар», – делінген.
Зерттеу мәліметінше, барлау агенттіктері мен күштік құрылымдар жиі пайдаланатын мобильді аңду бағдарламасы нарығы 12 млрд доллар тұрады.
Зерттеуге қатысқан Citizen Lab канадалық салааралық зертхананың сарапшысы Скотт-Рейлтон «автократ шындық пен сыннан сескенеді», сондықтан өзіне тән «табиғи құралды» (тыңшылық әдісін – QT) пайдаланады деп есептейді.
«Олар журналистерге қауіп ретінде қарайды. Ал Pegasus – осы қауіпке бағытталған табиғи құралы» дейді Рейлтон.
Астыртын тыңшылық жүргізетін «автократ үкіметтер» қатарында Орта Азия елдерінен Қазақстан мен Әзірбайжанның аталуын азаматтық қоғам белсенділері мен тәуелсіз саяси-сарапшылар таңсық көрмейді. Әзірбайжанда анық кейстер ұсынылғанымен, – зерттеуде Қазақстандағы нақты жағдай баяндалмаған. Десе де азаматтық-құқықтық даму жолын Конституция негізінде бағыт еткен Қазақстанда «тек хабарлауды» қажет ететін, бірақ іс жүзінде «рұқсат алумен» ғана заңдастырылатын бейбіт жиындар кезінде мобильді интернет, тіпті ұялы байланыс жиі бұғатталады. Оның шығыны мен іске асу механизмі туралы ақпарат жеткіліксіз. Әр санкцияланбаған митингте мобильді интернетті өшіретін «Естуші Үкімет» органдары мұның салдары, шығыны мен заңдылығы жөніндегі азаматтық қоғам талабына түсінік бермей келеді. Еуропарламент пен HRW елде саяси тұтқындардың барын және белсенділердің көптеп қудаланатынын ескертіп, бірнеше рет өз деңгейінде құжат та қабылдаған.