Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігі 1 қазаннан бастап коронавируспен күресуге жұмылдырылған медицина қызметкерлеріне үстеме ақы төлеуді тоқтатуды жоспарлап отыр. Ведомство бұйрықтың жобасын жариялап та үлгерді.
Былтыр көктемде президент Тоқаевтың тапсырмасы негізінде министрлік қабылдаған шешім биыл күзде күшін жоймақ. «COVID-19 коронавирусымен күрес шеңберінде эпидемияға қарсы іс-шараларға тартылған денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерін қаржылық қолдаудың кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 4 сәуірдегі № ҚР ДСМ-28/2020 бұйрығына өзгерістеренгізу туралы» құжаттың нобайын бажайласақ, психоэмоционалдық тұрғыда ауыр әрі денсаулыққа қауіпті болуы мүмкін жағдайда жұмыс істеген медқызметкерлерге 1 қазаннан бастап үстеме ақы мен қосымша төлем төлеу тоқтатылады.
Үстем ақыдан қағылатын мамандар қатарына:
- реаниматолог-анестезиолог дәрігерлер;
- инфекционистер;
- реаниматология және анестезиология бөлімінің анестезиологтары;
- эпидемиологтар;
- БМСК психологтары мен әлеуметтік қызметкерлері;
- ядролық медицина орталықтарының мамандары;
- паталогоанатом дәрігерлер енген.
Сонымен қоса, Үкімет 1 тамыздан бастап қазір төленіп жатқан үстеме ақының көлемін 50% қысқарту жоспарланып отыр. Қысқарған жағдайда төлемдер келесідегідей болады:
- бірінші қауіпті топ – 10 ЕАЖМ;
- екінші қауіпті топ – 5 ЕАЖМ;
- үшінші қауіпті топ – 2,5 ЕАЖМ.
Жоғарыда атап өткендей тамызда жартысы қысқарған үстем ақы қазан айынан бастап мүлдем төленбейді. Бұл қоғам арасында, әсіресе дәрігерлер қауымдастығында қатты сынға ілігуі мүмкін.
Электронды үкімет порталына жүктелген даулы бұйрық жобасын ашық талқылау 4 тамызға дейін жалғасады.
Тоқаевтың 2020 жылғы 29 наурызда берген уәдесі алты ай өтер-өтпестен 20 қазанда «жартылай жойылып» еді. Анығырақ айтқанда, қызмет бабында вирус жұққан 14 мыңнан астам медқызметкерге және қайтыс болған 182 медқызметкердің туыстарына өтемақы төлеген соң, мұны да тоқтатқан. (Алайда өзге де көптеген дәрігерлер ауырғанын қалың бюрократ жүйе мен күңгірт механизмнің кесірінен қағаз жүзінде дәлелдей алмай, тиісті төлемге қол жетпегенін айтып шағынған – QT). Арада жылға жуық уақыт өткенде жаңа бұйрықпен үстеме ақыны біржола үзбек.
The Qazaq Times редакциясының сұрау хатына берген жауабында Денсаулық сақтау министрлігі өтемақы туралы бұйрықтың күші тоқтаған 20 қазан мен биылғы 31 наурыз аралығында республикада «коронавирус пен пневмонияға 4087 медицина қызметкері шалдығып, 8-і қайтыс болғанын» хабарлаған.
Былтыр көктемгі екі ай карантинде жеткілікті түрде қамданбай, дәргерлерді қорғаныс құралдарымен (киім, қолғап, маска – QT) қамти алмағандықтан медқызметкерлердің елеулі бөлігі сырқаттанып, ондағаны қайтыс болған. Үкіметтің қате болжамының салдарынан дайындық шынайы жағдайға кері пропорцияға ұшырап, арты «маусым-шілде» қырғынына ұласқан. Жұрт түгел дерлік дәріханадан керек дәрі-дәрмек таппай, шетелден тапсырыспен алдыруға тура келгені есімізде. Қызмет барысында сырқаттанған және қайтыс болған медқызметкерлерге уәделі өтемақыны дер кезінде төлеудің өзі мұңға айналып, Ақорданың араласуымен ғана іске асқан еді. Енді қыркүйек айының соңына дейін Қазақстан халқының 10 миллион азаматына екпе салу жоспары іске асқаннан кейін коронавирустан емдейтін дәрігерлердің үстем ақысы тоқтатылмақ. Дегенмен сарапшылар Үкіметтің «жалпыхалықтық вакцина науқанын сылбыр-баяу әрі күдікті саясатпен жүргізуіне» байланысты жоспарланған мерзімге дейін межеге жеткізе аларына күмәнмен қарайды.