7 қазан, сәрсенбі күні президент Тоқаев Ақордада пандемияның күзгі толқынына дайындықты пысықтауға арналған жиын өткізді. Ол індет салдарынан қайтыс болған дәрігерлердің отбасына өтемақы төлеу барысын сынады. Президенттің сөзіне қарағанда, бұл салада «бюрократиялық тосқауылдар» көп.

«Мен берген тапсырма бойынша екінші жарты жылдықта 150 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінген. Алайда үстемақы мен сақтандыру төлемдерін алу кезінде әлі күнге дейін бюрократиялық тосқауылдар бар» деді Тоқаев.

Президенттің айтуынша, кейбір жерлерде қызметкерлер «санмен ойнап», үстемақы үлестіру ісін ашық жүргізбеген. Кейбір мекемелерде бас дәрігерлер медицина қызметкерлерінің жұмыс уақытын дұрыс есептемеген.

«Медицина қызметкерлері өзіне тиесілі ақшаны өтініп сұрамауы тиіс», – деді ол. Дегенмен өтініп сұрамасқа шара жоқ. Құқықтық талап бойынша науқастан медқызметкер ауырғанын дәлелдеуге кемінде 40 құжат жинауы қажет. Жергілікті комиссиялардың жұмысы баяу.

30 қыркүйек күнгі ресми мәлімет бойынша, Қазақстанда 182 медицина қызметкері коронавирустан қайтыс болған. Тоқаевтың айтуынша, тек 37 отбасыға ғана өтемақы төленген. Ал еңбек министрлігінің бүгінгі дерегіне қарағанда, вирустан қайтқан 45 дәрігердің туыстарына тиісті қаржы берілген. Президент пен министрліктің сөзіндегі қайшылық не бір отбасыдан бірнеше дәрігер көз жұмған ба деген күдік туады.

«Медқызметкерлер өлімінің себебін анықтау түрлі қиындық туғызады, кейбірі этикамен де байланысты. Осыған орай үкіметке қайтыс болған барлық медицина қызметкерінің отбасына өтемақы төлеуді тапсырамын» деді ол.

Президент сонымен бірге кәсіби міндетін атқару кезінде коронавирус жұқтырған дәрігерлерге де өтемақыны кешіктірмей төлеуді тапсырған.

Үкіметте айтылған мәліметке сенсек, елде 12 830 медицина қызметкері коронавирусқа шалдыққан. Оның 8 мыңнан астамы вирусты қызмет барысында жұқтырғаны анықталған.

Екі министрліктің екі түрлі дерегі: 88 млн теңге қайда?

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бүгін пандемия кезінде коронавирус пен оның пневмония түрін жұқтырған 4494 мыңға жуық медицина қызметкеріне және қайтыс болған 45 кадрдың туыстарына мемлекет тарапынан өтемақы төленгенін хабарлаған. Осы тұста екі министрліктің ортасында тағы бір керағар деректі байқауға болады. Себебі тап осы күні, 7 қазан ОКҚ алаңында өткен брифингте Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің төрағасы Тимур Сұлтанғазиев 4450 медицина қызметкеріне төлем жасалғанын мәлімдеген. Сағат 9:00-16:20 аралығында министрлік 44 адамға өтемақы беріп үлгерген болса, онда деректің есебі дұрыс шығады.

Еңбек министрлігі: 7 қазан сағат 9.00-дегі жағдай бойынша МӘСҚ COVID-19 немесе вирустық пневмония жұқтырған 4494 медицина қызметкерінің өтініші бойынша және аурудың салдарынан қайтыс болған 45 медицина қызметкеріне қатысты ақшалай қаражатты тағайындау мен төлеуді жүзеге асырды [хабарлама 7 қазан сағат 10:20-да жарияланған]

Денсаулық сақтау министрлігі: 7 қазанда ауру жұқтырған 4450 медицина қызметкеріне 2 млн. теңге көлемінде төлем жасалған. 8442 медицина қызметкері жұмыста жүріп Covid-19  жұқтырған. Сонымен қатар, қайтыс болған 45 медицина қызметкерінің отбасына 10 млн.теңгеден төленді [мәлімдеме 7 қазан сағат 16:20-да жасалған]

Заң бойынша, коронавирус немесе коронавирус пневмониясын жұқтырған медицина қызметкеріне – 2 млн теңге, коронавирустан қайтыс болған медицина қызметкерінің отбасына 10 млн теңге көлемінде өтемақы беріледі.

Үкімет басшысы Асқар Маминнің 4 қазанда ұсынған мәліметінше, қазіргі таңда эпидемияға қарсы 46 мыңнан астам медицина қызметкері тартылған. Үкіметтің жауапты ведомстволары – ДенМин мен ЕңбекМин қыркүйек айының аяғына дейін өтінімді тіркеу және төлем тағайындау жұмысында сылбырлық танытып, созбұйдаға салғандықтан өткен аптада парламент депутаттары және қоғам тарапынан сынға ұшыраған.

"The Qazaq Times"