Былтыр күзден бері Қазақстанда 4 мыңнан аса медқызметкерге коронавирус жұққан, 8 адам қайтыс болған. Дәл сол тұста президент Тоқаев уәде еткен мемлекеттік өтемақы төлемі тоқтап еді.
The Qazaq Times редакциясының сұрау хатына берген жауабында Денсаулық сақтау министрлігі 2020 жылғы 20 қазан мен биылғы 31 наурыз аралығында республикада «коронавирус пен пневмонияға 4087 медицина қызметкері шалдығып, 8-і қайтыс болғанын» хабарлады.
Былтыр 21 қазанда денсаулық сақтау министрінің бірінші орынбасары Марат Шоранов қызмет барысында коронавирус жұқтырған немесе пневмонияға шалдыққан медицина қызметкерлеріне беріліп келген біржолғы мемлекеттік өтемақы тоқтайтынын мәлімдеген.
Министрлік өтемақының үкіметтік деңгейде тоқтауына бірнеше себепті алға тартады.
«Ведомство мен жергілікті атқарушы органдары барлық медицина қызметкерлерінің қауіпсіз еңбек жағдайын қамтамасыз етуге қажетті барлық шараны қолға алып жатыр. Медициналық ұйымдар үш айға жететін жеке қорғаныш құралдарымен толық қамтылған. ...2021 жылғы 1 қаңтардан бастап медицина қызметкерлерінің жалақысы 30%-ға дейін көтерілген және оларды вакцинациялау жүріп жатыр», – делінген ресми жауапта.
Өтемақы беруге қабылданатын өтінім тоқтағалы медмамандар жұмыс кезінде сырқаттанған жағдайда кәсіподақ және жергілікті атқарушы органның (әкімдік) есебінен «мүмкіндігінше қолдау» алып келеді дейді. Дегенмен министрлік өткен бес айда медқызметкерлерге тағайындалған өтемақы көлемі мен санын көрсетпеді. Мұны әкімдіктерге сілтеді.
Бұл туралы 2 сәуір күнгі брифингте Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев нақты дерек келтіре алмай, басқармаға бағыттаған. «Егер қоғамдық денсаулық сақтау басқармасынан ұсыныстар болса, қарастыруға дайынбыз. Қолдаудан қашпаймыз» деген. Күзден бергі есепті жазбаша жолдауға уәде етіп, сөзі сол күйі жауапсыз қалды. Жергілікті билік індет кезінде дәрігерлердің жатақхана-қонақүйдегі тұрысы мен жолжүріс шығынын көтергенін еске алып қана қойған.
Қазіргі таңда қатер жағдайында жұмыс істейтін медқызметкерлерге жалақыға қосымша үстемақы беріледі.
Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің ресми өкілі Ержан Байтанаевтың редакцияға берген мәліметінше, былтыр наурыз-қазан айларындағы жағдай бойынша елде 14 460 (КВИ+ 10 323, КВИ- 4317) медицина қызметкері ауырып, дерттің кесірінен 182 маман көз жұмған. Комиссия 9309 маманның тікелей кәсіби қызмет барысында ауырғанын растап, әрқайсына уәделі 2 млн теңге көлемінде өтемақы төлеуге шешім шығарған. Сондай-ақ, 182 адамның туыстарына 10 млн теңгеден жәрдемақы берілген.
Төлемақыға жауапты ДенМин мен ЕңбекМин өтінімді тіркеу және төлем тағайындау жұмысында сылбырлық танытып, созбұйдаға салғандықтан парламент депутаттары және қоғам тарапынан қатаң сынға ұшыраған. Күзде наразы дәрігерлердің шағымынан кейін Тоқаев «үстемақы мен сақтандыру төлемдерін алу кезінде әлі күнге дейін бюрократиялық тосқауылдар барын» мойындаған.