АҚШ, Ресей және Қытай сынды үш ірі стратегиялық қарсыластар арасында шағын елдердегі нарық пен саяси ықпалға талас-тартыс күшейді. Қазір Еуроодақтың басқа бірде-бір елі Венгрия сияқты Қытаймен тығыз байланыста емес. Венгрия премьері Виктор Орбан мұны ел үшін экономикалық пайда деп санайды. Шынтуайтына келгенде, бұл «достық саясаттың» екінші жағы ауқымды мәселелерге әкеп тірейді.
Венгрия соңғы бірнеше жыл ішінде Қытаймен қарқынды стратегиялық серіктестік орнатты. Нәтижесінде, Будапешт ҚХР үшін Еуропалық одақтағы маңызды «қақпаға» айналды. Мысалы, Еуроодақ Гонконгтағы сайлау заңнамасына байланысты Қытайға қарсы шара қолданбақ еді, Будапешт қарардың қабылдануына екі рет кедергі келтірді. Сәуірдің ортасында Венгрия Гонконгтың мәртебесі туралы Еуропалық резолюцияны да кері қайтарды.
Ел премьері Виктор Орбан өзінің Қытайға қатысты саяси бағытын коммунистік елге деген «махаббаты» емес, прагматизммен байланыстырады. Негізінен Орбан Ресей, Орталық Азия және Қытаймен тығыз қарым-қатынас орнатуды 2010 жылдан бастаған. Яғни Қытайдың Венгрияға деген ықпалы 2010 жылы Орбан билікке оралғаннан кейін күшейді. Қызметке келе сала ол «Шығысқа ашылу» саясатын бастап, инвестиция тарту үшін Бейжің мен Мәскеуге қайрыла бастады. Үкімет ғаламдық қаржы дағдарысынан осылай шықпақ болды. Ал Будапеште қытай университетін салу келісімі Қытаймен жақындасудың бірден-бір көрінісі болып отыр.
Венгрия мен Орталық Еуропаға қытай инвестициясы баяу келіп жатқанда, Орбан көп жыл бойы Бейжіңмен тығыз байланыс орнатып жүрді.
Осылайша, ол өз елінің экономикалық байланыстарды кеңейтуіне, инвестицияның жаңа көздерін табуға және 2013 жылы Венгриядағы өкілдігін жауып тастаған Халықаралық валюта қоры сияқты батыс қаржы институттарынан тәуелсіз болуға қол жеткізгісі келді. Бірақ Венгрия бұдан экономикалық пайда таба алмады: тауар айналымының өсімі болған жоқ; Қытайдан миллиардтаған инвестициялар әлі түскен жоқ.
Венгрияға бұл «достық саясат» не үшін қажет?
Қытайдың Венгрия экономикасына ең үлкен тікелей инвестициясы ретінде 2011 жылы BorsodChem химиялық концернін 1,2 миллиард еуроға сатып алуын айтсақ болады. Ал 2013 жылы Huawei қытайлық концерні Венгрияда маңызды аймақтық логистикалық орталық ашты. «Концерн Қытайдың пайдасына жұмыс істеп, тыңшылық жасайды және заңсыз бақылау әдістерін қолданады» деген күдікке қарамастан, Венгрия Еуропа бойынша Huawei-ге 5g ұялы байланыс желісін құруға рұқсат берген жалғыз ел.
2007-2017 жылдар аралығында Шығыс Еуропа мен Орталық Еуропа елдеріне салынған Қытай инвестициясының көлемі 13,5 миллиард долларға жеткен. Сарапшылар кішігірім елдердің Қытай несиесін алып, қарызға батуының қауіпті салдары болуы мүмкін деп санайды.
2014 жылы Қытай, Сербия және Венгрия Будапешт-Белград бағытындағы теміржол құрылысына келісті. Бұл – Қытайдың «Бір белдеу – бір жол» ірі инфрақұрылымдық жобасының бір бөлігі, Еуроодақ аймағындағы ең ірі инфрақұрылым жобасы. Осы мақсатта Венгрия Қытайдан екі миллиард еуро несие алды. Бірақ бұл мәміленің егжей-тегжейі әлі де құпия болып отыр. Мәмілеге қатысушылардың бірі – премьер Орбанның досы, Венгриядағы ең бай адамдардың қатарына енген Лоренц Месарош.
Бейжіңнің ыстық ықыласына бөленіп, Батыс одақтастарының сенімінен шыға білген Венгрия осы күнге дейін сыртқы саясатында тепе-теңдікті жақсы ұстап келді. Бірақ пандемия кезінде бұл тепе-теңдікті ұстап тұру қиынға түсті. Пандемиямен күресте де Венгрия қытайлық вакцинаның 550 мың дозасын алдырған. Алдағы 4 айда тағы 7 миллион доза жеткізілуі тиіс. Бұл вакцина 2 жарым миллион тұрғынға егілуі керек. Еуропаның өзге елдері қытайлық вакцинаға тапсырыс берген жоқ.
Мамырдың басында Бейжің мен Будапешт Венгриядағы Шанхай Фудань университетінің филиалын құруға келісті. 8 мың қытайлық студенттерге арналған Будапешт кампусының құны – 1,5 миллиард еуро. Элиталық университет ҚХР Коммунистік партиясы мен Қытайдың арнайы қызметтері үшін кадрлар ұстаханасы саналады.
2021 жылдың наурызында Direkt 36 интернет-порталының журналисі Саболч Пани Қытайдың Венгрия территориясындағы тыңшылық әрекеті туралы зерттеу мақала жариялады. Зерттеуде Венгрияда тұрып жатқан 2800 қытайлық студент өз еліне «тыңшы» ретінде жалдамалы қызмет етуге келіскені айтылады. 2012 жылдан бастап «Алтын виза» бағдарламасы аясында Венгрияда тұруға рұқсат алған 20 мың адамның 80%-ы қытайлар. Демек, Еуропадағы бұл мемлекеттің Қытай үшін маңызды серіктес боп қала беретіні анық. Ал Орбанның Қытайды қолдау саясаты Еуропадағы тепе-теңдікті сақтай ала ма, ол жағы белгісіз.