Венгрия халқы елде Қытай университетінің кампусын ашуға наразы. Олар биліктің Қытаймен етене байланысы Бейжіңнің Еуропадағы ықпалын арттырады деп алаңдайды.
Аталған жобаны қаржыландыру үшін Венгрия үкіметі Қытайдан 1,5 миллиард доллар қарыз алмақ. Сондай-ақ кампус студенттерге қолжетімді баспана салынады деп жоспарланған жерге салынады. Будапеште өткен шеруде наразылар осы мәселені айтып, қарсылық білдірді.ал ел премьер-министрі Виктор Орбан үкіметі шанхайлық университеттің ашылуы венгриялық және халықаралық студенттерге жоғары сапалы білім алуға мүмкіндік береді деп санайды.
27 сәуірде Венгрия Фудан университетімен 2024 жылға қарай Будапеште кампус ашу туралы стратегиялық келісімге қол қойды. Ал мамырдың басында Бейжің мен Будапешт Венгриядағы Шанхай Фудань университетінің филиалын құруға келісті. 8 мың қытайлық студенттерге арналған Будапешт кампусының құны – 1,5 миллиард еуро. Элиталық университет ҚХР Коммунистік партиясы мен Қытайдың арнайы қызметтері үшін кадрлар ұстаханасы саналады.
Венгрия соңғы бірнеше жыл ішінде Қытаймен қарқынды стратегиялық серіктестік орнатты. Нәтижесінде, Будапешт ҚХР үшін Еуропалық одақтағы маңызды «қақпаға» айналды. Мысалы, Еуроодақ Гонконгтағы сайлау заңнамасына байланысты Қытайға қарсы шара қолданбақ еді, Будапешт қарардың қабылдануына екі рет кедергі келтірді. Сәуірдің ортасында Венгрия Гонконгтың мәртебесі туралы Еуропалық резолюцияны да кері қайтарды.
Виктор Орбан өзінің Қытайға қатысты саяси бағытын коммунистік елге деген «махаббаты» емес, прагматизммен байланыстырады. Негізінен Орбан Ресей, Орталық Азия және Қытаймен тығыз қарым-қатынас орнатуды 2010 жылдан бастаған. Яғни Қытайдың Венгрияға деген ықпалы 2010 жылы Орбан билікке оралғаннан кейін күшейді. Қызметке келе сала ол «Шығысқа ашылу» саясатын бастап, инвестиция тарту үшін Бейжің мен Мәскеуге қайрыла бастады. Үкімет ғаламдық қаржы дағдарысынан осылай шықпақ болды. Ал Будапеште қытай университетін салу келісімі Қытаймен жақындасудың бірден-бір көрінісі болып отыр.