Бүгін, 28 сәуір Қазақстанды ширек ғасырдан аса уақыт басқарған, әлі де саяси биліктің басым бөлігін уысында ұстап отырған экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев өзі басқаратын көп ұйымның бірі Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік, татулық пен келісімнің 30 жылы» атты  XXIX сессиясында сөз сөйледі.

Ол Қазақстанның әлемде бәсекеге қабілетті 50 елдің және табысы ортадан жоғары мемлекеттер қатарына енетінін мәлімдеді. Бұл жолы да жиі  қайталайтын аргументі – «нарықтық экономиканы іс жүзінде нөлден бастап құрғанын, қажет реформалар жүргенін» тағы айтты.

«Тәуелсіздік жылдары елдің ішкі жалпы өнімі жан басына шаққанда 13 есе өсті. Мұны айту оңай, бірақ елге 13 есе көтеру – ортақ еңбектің нәтижесі. Кедейлік қысқан күндер әлі есімде. 1991-1992 жылдары Кеңес одағы ыдырағаннан кейін Қазақстанда 1,5 мың кәсіпорын тоқтап қалды. Сол тұста 2 миллион адам жұмыссыз қалды. Елдің 47,5%-ы кедейшілік шегінде өмір сүрді. Бүгінгі таңда бұл көрсеткіш 10%-дан да төмен. Демек мұны кез келген дамыған елдегі кедейшілікпен салыстыруға болады. Ал жұмыссыздық үш есе қысқарды», – деді Назарбаев.

Ол халықтың теңгелей табысы тоғыз есе өскенін тілге тиек етті. Халықаралық валюта АҚШ долларымен есептегенде өзгерістің соншалық қуантарлық емес екеніне тоқталмады.

«Әрине, арамызда әлі күнге дейін бірдеңе жетіспейтін, әлі аяққа тұрмаған адамдар бар. Бірақ тоғыз есе өсті – бұл факт. Біз, аға буын, мұның нендей дүние екенін түсінеміз. Бүгінгі таңда жағдайы нашар жандардың табысын ұлғайтуға тырысамыз», – деді отыз жыл бұрынғы теңгелей табысты тереңдетіп.

Назарбаев сөз арасында арманы орындалғанын айтып, ағынан жарылды.

«Тәуелсіздік жылдары мен үнемі бірінші орынға бірлікті, амандық, үйлесім, қауіпсіздік, тұрақтылық пен тыныштықты қойдым. Мен оппозициядағы кейбір жолдастардың «Тұрақтылық, тұрақтылық!» дей береді дегенін естілдім. Ал қайсысы жақсы? Тұрақсыздық? Ал біз тұрақсыздықтың не екенін көріп отырмыз. Ел революция мен революцияның, соғыстан соғысқа дейінгі аралықта дамымайды, бәрінен артта қалады. Сондықтан тұрақтылық пен азаматтардың тыныштығы – бәрімізге байланысты.  Мен еліміз бейбітшілік кіндігі болғанын қалаймын. Ешбір соғыс, діни-ұлтаралық қақтығыстар азаматтардың өміріне көлеңке түсірмесе екен дедім. Балаларымыз бен азматтарымыз әлемде болып жатқан қақтығыстың бірде-бірін көрмес үшін… Бүгін менің арманым орындалды деп айтуға болады», – деді ол.

Жиын кезінде Назарбаев Қазақстан халқы ассамблеясының төрағалық қызметін өзі биліктен де-юре кетерде тағайындаған қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа табыстады.

«Мен осы жылдар бойы менімен бірге болған, ең бастысы, білімі мен өмірлік тәжірибесі бар, осы қиын жұмысқа дайындалған адамды таңдадым. Уақыт  таңдауымның дұрыстығын көрсетті. Мұнымен тоқтағым жоқ, алға қарай жылжығым келеді. 1995 жылы құрып-бастап келген тізгінді тапсыру маған ерекше әрі маңызды қадам болды», – деп толғанды.

Қазақшаға жатық болғанымен биік мінбелерде орысша жиі сөйлейтін Назарбаев мемлекеттік тіл елдегі бар барлық ұлтты біріктіретін ортақ құндылыққа айналуы тиіс деп есептейді.

«Қазақ халқы полиэтникалық қоғамды шоғырландыратын интеграциялық процесстердің арқауын қалыптастырды. Бүкіл әлемде солай жасалады, тіл барлығын біріктіреді. Мәселен, америкалықтар мыңдаған халықтан құралған. Бірақ, оларды ағылшын тілі біріктіріп отыр. ...Мемлекеттік тілдің біріктіруші рөлі барша әлемде табиғи құбылыс. Сондықтан қазақ тілін түсініп, меңгеруге деген талпынысты қолдап, барша жерде ынталандыруымыз керек», – деді ол.

Алайда бұған дейін бұқараның көңіліне жағатын «тартымды үндеудің»  бірнешеуін айтқан. Тіпті 2020 жылға дейін халықтың 90%-ынан астамын қазақша тілдесуге баулитын бағдарлама да қабылдаған. Тоқаев жуырда «ұлтаралық тілге» айналады деген. Десе де іс жүзінде мемлекеттік қызметкерлер мен Министрлер кабинетінің мүшелері қазақшаға келгенде шорқақ.

Ассамблеяның онлайн сессиясына қашықтан 600-ден аса адам қатысты. Олардың қатарында әр аймақтан ҚХА мүшелері, этномәдени бірлестіктердің төрағалары, Парламент депутаттары, орталық атқарушы органдардың, саяси партиялардың, діни бірлестіктердің басшылары, қоғамдық ұйым өкілдері, ғылыми, шығармашылық зиялы қауым және БАҚ өкілдері бар деседі.

*Ақпарат толықтырылды

"The Qazaq Times"