Апта басында редакцияға Алматы қаласында Ыбырай Алтынсарин атындағы №159 мектеп-гимназиясының мұғалімдері оқу жылының алғашқы тоқсандығындағы демалыс кезінде «кәсіптік міндеттерімен байланысты емес жұмыс түрлеріне» еріксіз тартылғаны туралы ақпарат келіп түсті. Мекеме әкімшілігі тарапынан қысымға ұшыраудан қауіптенген ата-ана мен мұғалімдер аты-жөнін атамауды сұрады.
Редакцияға жүгінген мұғалімдер тәуелсіздікпен құрдас оқу ошағында «Педагогика мәртебесі туралы» заңның тапталғанын айтады. Дүйсенбі күні жиырма шақты маман «демалыста ырқынан тыс жұмысқа жегілген».
«Ер мұғалімдер дәліз бен баспалдақпен көтерілетін кіреберістерді ақтап-сырлауға міндеттелді, шкаф жылжытып, стендтер мен орындықтарды тасып жатты. Ал әйел мұғалімдер кітап жинап, реттестірдік. Бұл күні өзге мектептердегі әріптес құрбыларымыз тоқсандық демалыста болды. Ағайлардың айтуынша, қабырғаның төменгі екі метрін сырлаған, жоғарғы бөлігін ақтаған. Негізі жазда арнайы жөндеуден өткен. Басшылықтың қайта жасатқанына қарағанда сапасыз болған шығар, кім білсін. Ол жағынан құрылыс маманы болмаған соң айта алмаймын», – дейді наразылардың бірі.
Өзінің және әріптестерінің еңбек құқығы бұзылғанына наразылығын жеткізген педагог «міндетіне жатпайтын асарға» 30 жылдық тарихы бар мектептің екінші директоры «Эльмира Бидайбекованың тапсырмасы бойынша» шақыртылғанын айтады. 1 қарашада болған жайт бойынша редакция Алматы қаласының Білім басқармасына жүгінді. Басқарманың баспасөз хатшысы Қуандық Ешімет «мектепті өздігінен тексере алмайтынын» айтып, құзіретті мекеме ретінде қалалық Білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаментіне сілтеді. QT Білім және ғылым министрлігіне аталған факт жөнінде баяндап, ресми түсіндірме сұрады. Ведомтсвоның баспасөз хатшысы Мөлдір Әбдуалиева тексеріс басталғанын хабарлады. Әзірге бұдан өзге толымды ақпарат беріле қоймады.
Бұған дейін білім ошағын 25 жыл бойы «Қазақстанның Еңбек Ерік» әрі «Еңбек сіңірген қайраткері» марапатының иегері Айгүл Миразова басқарған. 800 оқушыға арналған, алайда бүгінде 1,5 мыңға тарта бала білім алатын мектеп 1991 жылы құрылған.
Тәуелсіздіктің 10 және 20 жылдық тұсында қатарынан екі рет «Таңдаулы мектеп» байқауының бас жүлдегері атанған мектеп биыл отызжылдықта мұғалімдерді қызметіне жатпайтын жұмысқа «жегуінің» себебі әзірге белгісіз. Ата-ананың бірі мұны жазғы жөндеу кезеңіндегі салғырттықтың салдарын жамап-жасқау деп есептейді.
Ашық дереккөздегі мәліметтерге қарағанда, білім мекемесі кейінгі бес жылда мемлекетке 207 миллион теңге алым-салық төлеген. Биылдың өзінде меже 60 млн теңге қаржыға жуықтаған.
Егемендіктің ширек ғасырында Қазақстанда педагогика саласы оңды-солды реформалауға ұшырап, түрлі кемшіліктер қордалана келе жүйелі мәселелерге айналған еді. Кейінгі бірер жылда мемлекет бюрократия мен әкімшіл-әміршіл жүйенің тоқпағына түскен білім бағытын жақсартуға біршама қадам жасады.
2019 жылы 27 желтоқсанда осы олқылықты толтыру мақсатында 21 баптан тұратын, 500 мыңнан астам педагогтің мүддесін қорғауға арналған «Педагог мәртебесі туралы» заң қабылданған. Әлеуметтік қолдау, үстемақы арқылы ынталандыру, біліктілігін арттыру, жалақы өсімі сияқты оң өзгерістер байқалғанымен әлі күнге дейін кей өңірлерде мұғалімді артық жұмысқа жегу: сайлау, санақ сияқты саяси науқандарға «жұмсақ тәсілдермен» тарту, сенбілік-тазалық жұмыстарына шығару, еркінен тыс жүктеме беру тәрізді заңбұзушылықтар болып тұрады.
Заңға сәйкес, педагогтерді өзіне тән емес функцияларға тартқаны үшін басшылық өкілдеріне 20-дан 120 АЕК аралығында, яғни 58 мың теңгеден 350 мың теңгеге дейін айыппұл қарастырылған.